«Мұстафаға өжеттік пен қайсарлық аталарынан дарыған. Үлкен атасы Төлебай сөйлесе тілге шешен, егессе есесін жібермейтін ерекше адам екен. Сонымен қатар қытай тілін білетін зеректігі тағы бар. Біз екеуміз жасымыздан бірге өстік және жақын ағайын адамдар едік. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге талпынды. Оның бойында бір мақсатқа жетсем, қатарымнан қалмасам деген өжет сенім бар-тын. Сондықтан күшті болуды бала кезінен армандады. Спортқа өте жақын жүрді. Сондай-ақ оның болмысы күрес болсын, барлық спорт түріне икемді еді», деп еске алыпты марқұмның бала күнгі досы, қазір Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара естелігінде («Қазақ спорты» газеті, 2015 ж. № 12-13).
Ал біздің назарымызға іліккен деректе Мұстафаның нағашы атасы қазіргі Шыңжан-Алтай өлкесі: Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайысбай Иісұлы деген әйгілі балуан екен. Яғни Мұстафаның әкесі Кәбен ағамыздың жары Рәзие апамыз – осы Қайысбай балуанның қызы. Осы Қайсакең атамыз 19 жасында жарысқа түсіп Баркөл-Моридің «Ақтас» жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шықса, одан кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан дүбірлі тойында ойраттың ерен күш иесі Донғара балуанды жеңіп, заманында теңдессіз күш иесі атанған екен. Көнекөз қариялар Мұстафаны осы нағашы атасына тартқан дейді.
Әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі Әбдірахман Төлебайұлы да осал адам емес. Ол – кезінде Түркия ауған қазақтардың көшін бастаған жетекшілердің бірі болған адам. Оның сыртында, жарысқа түсіп атағы шықпаса да, балуандығы басым және домбыра шертіп, ән салатын өнерпаз екен. Анасы Рәзие де жас кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған көрінеді.
«Қазақтың «тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегені тегін айтылмаған», дейді білетіндер. Мұстафа Өзтүрік әкесі Кәбен 1980 жылы дүниеден өткенде жаны күйзеле отырып өзі сөзін жазып, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты ән шығарды. Бұл ән уақыт өте келе Түркия қазақтарының сүйікті әндерінің біріне айналды. Бұл әнді танымал музыка маманы, дирижер Нұрлан Бекенов нотаға түсіріп, белгілі әнші Нұрай Танабаевтың орындауында жалпақ жұртқа жариялағаны бар.
* * *
Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлда орта мектептен соң, Тайваньдағы эксперименталды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітіреді. Осы елде жүріп кореялық көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Ол жерде таеквондо спортынан үздік мәртебе 6-дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын да алды.
Оқуын аяқтап Түркияға оралған соң, Ыстанбұл қаласында өзінің алғашқы таеквондо мектебін ашады. Осы мектептен шыққан бірсыпыра шәкірті күні бүгін Түркия спортының әр саласында жоғары қызметтерде жүр. 1987 жылы Мұстафа Германияның Мюнхенге қоныс аударды. Келесі жылы (1988) осы қалада таеквондо мектебін ашады.
«Қателеспесем, 1989 жылы Қазақстаннан бір топ адам Германияға сапарлап барды. Олар: И.Тасмағамбетов, С.Әбдірахманов, Т.Жаманқұлов, Д.Жолжақсынов, Т.Теменов, т.б. Бұлар осы сапарда Мұстафамен танысады. Шынын айтқанда, Өзтүріктің Қазақстанға ат басын бұруына себепкер болған да осы адамдар. Сөйтіп, Мұстафа 1990 жылдың басында ат басын атамекенге бұрды. Осы жылдың қазан айында Мюнхендегі таеквондо мектебінің шәкірттерін елімізге алып келді», дейді досы Ә.Қара.
Қазақ еліне өзінің үлкен жүрегін әкелді. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасында алғашқы ресми байланыс орнатылуына мұрындық болды. Осы жылдары Өзтүрік және оның қасында Түркияның «Хүрриет» және «Тержүман» атты екі үлкен газетінің тілшілері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезер үшеуі Президенттің қабылдауында болды.
Бұл ресми кездесу Түркия елінде үлкен резонанс тудырады. Мақаланы оқыған Түркия елінің басшысы Тұрғыт Өзал өзінің Қазақ еліне баруға аса ынталы екенін айтып, оқиғаға қолдау білдіреді. Нәтижесінде, 1991 жылдың 14–15 наурыз күндері Түркия президенті Тұрғыт Өзал елімізге келеді. Көп кешікпей 1991 жылдың 25–26 қыркүйегінде Қазақстан Президенті де Анадолыға сапарлайды.
«Мен өзім куә болған мына бір оқиғаны айтайын, Германияда жүргенімде Тұрғыт Өзал тікелей Мұстафаға телефон соғып, Түркия – Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірді», дейді Әбдіуақап Қара мырза.
* * *
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Алматыға келіп, таеквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан таеквондо федерациясының құрылуын ұйымдастырып, өзі соның алғашқы президенті болды. Оның кезінде қазақ таеквондошылары халықаралық жарыстардан жеңіспен оралып жүрді.
Өкінішке қарай, осындай табыстар жалғасын таппады. Қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы наурыз айының 15-і күні Алматы қаласында қазаға ұшырап, денесі Ыстанбұлдағы әкесі жатқан бейітке жерленді.
Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Туған жұртына адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті халқы ешқашан ұмытқан жоқ. Оның дәлелі: 2000 жылы Алматы қаласында атына көше беріліп, ескерткіш тақта қойылды. 2004 жылы 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылса, 60 жылдық мерейтойы 2014 жылы Астана қаласында аталып өтті. Енді, міне, азамат ердің 70 жылдық белесі де келіп жетті.