Өнер • Бүгін, 08:30

Алтай – Алатау арасы

35 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қара өлеңнің қаймағын қалқып, қоржынын тоғайтқан ақын, аудармашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабаның Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр шығармашылық кеші өтті. Автордың «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтары, «Жарылыс» атты аударма кітабы жарық көрген. Алматының төріндегі кешке Қазақстан Жазушылар одағы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қолдау көрсетті.

Алтай – Алатау арасы

Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өткен кеш шымылды­­ғын әйгілі Құрманғазы атында­ғы ­оркестр ашты. Рухты жыр мен жүрек тербер әндерді арқау еткен кештің ашылуында ақынға Мәдениет және ақпарат вице-ми­нистрі Қанат Ысқақовтың, Қазақстан Жазушылар одағы бас­­­қармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары табыс етілді. Онда Ақ­сұң­қар Ақынбабаның қазақ руха­нияты­на қосқан қуатты жыр­лары оқыр­ман жүрегінен орын алып қана қой­май, жас ұрпақты рухани бай­лыққа жетелейтіні жазылған. Қасиетті атажұртқа келгеннен бері елге деген махаббаты, ұлтқа деген құрметі өлеңдерінің негізгі маз­мұнына айналғаны аталды.

Ақын шығармашылық кешін «Рух мәңгі!» деген өлеңімен, сазгер Бейбіт Оралұлы әнін жаз­ған өзінің орындауындағы «Мен оралдым» әнімен бастады.

«Ақсұңқар Ақынбаба – әдебиетке 90-жылдардың басын­да келген буын өкілі. Ақын қыз­дардың арасында өлең­дерінде де, мінезінде де асқақ рух андағай­лап тұратын бір ақын болса, ол – Ақсұңқар Ақынбаба. Ақсұңқарды біз 2000 жылдың басында әнші ре­тінде мойындадық. Кәсіби ән­шіден кем түс­пейді. Бұл – екінші қыры. Ал үшінші қырына келсек, журналистикадағы атқарған ша­­руасы аз емес. Ол газетте, сон­дай-ақ Қазақ радиосында өнім­ді жұмыс істеді. Бірталай бағ­дар­ла­маның авторы атанды. Мысалы, кезінде «Ұйқым келмейді» деген бағдарламасын қалың жұртшылық ұйып тың­дайтын. Ақсұңқардың бер­генінен берері алда деген үміт­теміз» дейді ақын, «Үркер» жур­на­лының бас редакторы Жарас Сәрсек.

Өнер көгінде жұлдызы жа­рық қарындасына қолдау білдіре келген ағасы Шашу Үсенұлы Ақ­сұңқар Моңғолияның Баянөл­­гей аймағында орта мектепті бітіріп, атажұртта жоғары білім алған талант иесі екендігін, ата-анасы да ұстаздық еткен, өте білімді, дарынды адамдар бол­ғанын айрықша атады. «Тәуелсіздік кезеңіндегі қ­а­зақ поэзиясына еңбек етіп жүр­гені­ме ширек ғасырдан асады екен. Ал атажұртыма келгеніме 30 жыл толыпты. Мектеп бітірген жылы келгенмін. Содан бергі уақытта әдебиетке, өнерге қос­қан үлесімді, шығармашылықтағы жауһарларымды жинақтай келе, «Алтай – Алатау арасы» деген жеке ән-жыр шығармашылық ке­шімді өткізуді жөн көрдім. Ән-жыр кешім деуімнің себебі, өлеңім мен әнімді қатар алып келе жатпасам да, бойыма ақындық пен әншілік қатар қонған өнер. Сол себепті, домбырам мен қаламым – қос қанатым іспетті», дейді көп­теген жыр мүшәйраның жүл­дегері Ақсұңқар Ақынбаба.

Шығармашылық кеш аты айтып тұрғандай, ақынның отыз жыл­да жинақталған шығар­ма­шы­­лығы, яғни поэзия мен ән әле­мін шебер үйлестірген, жыр­ла­ры­мен де, әуелете салған тамаша ән­дерімен де көрермен көңілін рухани серпілтіп, байыта түскені анық.

Кеште ақын поэзиясы­нан қойылған «Азаттық рухы», «Ал­тай жыры», «Романс» қатар­лы поэ­тикалық қойы­лым­дар көр­се­тіліп, танымал жас әнші­лер­дің орындауында «Мәңгілік ел» (әні Б.Оралұлы), «Түркістаным-Тұраным» (әні А.Сәндібайұлы) әндерінің тұсауы кесілді.