Саясат • Бүгін, 09:20

Жеке тұлғаға кірісі мен мүлкін декларациялау міндет емес

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмалары аясында жеке тұлға­лардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста еліміздің 5-уақыт бел­деуіне көшуінің артықшылығы да күн тәртібіне шықты.

Жеке тұлғаға кірісі мен мүлкін декларациялау міндет емес

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Орынды ұсыныс орайын тапты

Отырыста Қаржы министрі Мәди Тәкиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның қатарында мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енгенін хабарлады.

Қалған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, басқа да тұлғалар) 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты Қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, аталған санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды.

Босату осы санаттағы жеке тұлғалар­дың 90%-дан астамына әсер етеді. Деклара­ция­лауды келесі санаттағы тұлғалар үшін сақтау ұсынылады: Қазақстан Республи­касынан тысқары жерлерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған.

Бұл орында азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетінін айтып өткен жөн. Премьер-министр аталған ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика мен Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер да­йындауды, сондай-ақ оларды Парламент қарауына енгізуді тапсырды.

«Қазір декларацияны 4 млн-нан аса адам тапсырады. Олардың арасын­да мемлекеттік қызметшілер, квазимем­лекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы барлық қалған санаттағы азамат декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аталған мәселеге Мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базадан, оның қатарында екінші деңгейлі банктен мәлімет алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын», деді Үкімет басшысы.

 

Бір уақыт белдеуі – жүйелілік жолы

Үкімет отырысында Сауда және интегра­ция министрі Арман Шаққалиев Қазақ­станның 5-уақыт белдеуіне көшуі­нің артықшылығы туралы баяндады.

Ол шешім қабылдау кезінде Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті орган өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, институттар мен қоғамдық бірлестіктер кіретін уақытты есептеу тәртібі бойынша арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми негізделген дәлелдер пайда­ланылғанын атап өтті. Табиғи уақыт жақтаушыларының халықаралық альянсы (IANT) Үкіметтің Қазақстанның орта­лық және шығыс облыстары үшін гео­графиялық бойлыққа сәйкес келетін және халық үшін оңтайлы шешім болып табылатын UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды берді.

«Қазақстанда уақыт есептеу жүйесі­нің қалыптасу тарихы алдыңғы уақыт бел­деуі UTC+6 алғаш рет 1930–1931 жыл­дары декреттік, яғни «бұйрықтық» уақытты («уақыт белдеуі+бір сағат») қолдану арқылы енгізілгенін көрсетеді. Аумақтардың көп бөлігі іс жүзінде 5-уақыт белдеуінде жатқанына қарамастан, кеңестік кезеңін­де Қазақстанда командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұйрық тәртібімен жалпы 8 рет өзгерді. Нәтижесінде, Қазақстан таби­ғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеу­лерінде тұрды. Осылайша, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу болып саналады», деді А.Шаққалиев.

UTC+5 уақыт белдеуі елдегі халықтың 76%-дан астамы тұратын (15 млн 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градус­қа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Қазіргі таңда әлемнің 195 елінің 117-сі гео­графиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын етіп таң­дады. Өйткені адамның циркадты ырғағы табиғи күндізгі кезеңмен синхрондалады. Осылайша, уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды саналатынын айтты министр.

Премьер-министр Сауда және интеграция министрі қолданыстағы уақыт белдеуінің пайдасына барлық жан-жақты дәлел келтіргеніне тоқталды. «Үкімет бұл шешімді қолдайды. Ел аумағының көп бөлігі 5-уақыт белдеуінде орна­ласқан, сондықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырамын», деді О.Бектенов.

 

Агросектор – экономиканың қозғаушы күші

Отырыста Президенттің биылғы 15 қарашада Астанада өткен Ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің бірінші форумы барысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар талқы­ланды. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда АӨК-ті жаңғырту және нығайту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Басым ба­ғыт­тар қатарында қаржыландырудың қол­жетімдігін қамтамасыз ету, ауыл шаруа­шылығы ғылымын дамыту, отандық тұ­қым­дар мен тыңайтқыштар өндірісін арт­ты­ру, саланы цифрландыруды тереңдету бар.

Шаруаларды жеңілдікпен қаржылан­дыру мен өнімді тиімді өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс пен жиын-терім жұ­мыс­тарын сапалы жүргізу үшін диқан­дар­ды қаржыландыру жұмысына кірісу тап­сырылды. Азық-түлік корпорациясы фер­­мерлерден астықты қолайлы бағамен т­і­келей сатып алуды қамтамасыз етуі керек.

Биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінетін жеңіл қаржы­ландыру көлемі едәуір ұлғайғаны атап өтілді. Несиелеу тетігі есебінен 2 мың­нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші техника паркін жаңартуға мүмкіндік алды.

Үкімет басшысы техниканы жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтып қана қоймай, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды. Тиісті міндет Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне жүктелді.

2027 жылға дейін агросекторда жалпы құны шамамен 2,3 трлн теңге болатын 700-ден аса жобаны іске асыру жоспарланған. Премьер-министр бұл Президенттің қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдері тарапынан осы жобалардың барлығын қатаң бақылауда ұстап, толық өндірістік қуатына шыққанша сүйемелдеп отыруға тиіс екені айтып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін агрономияны дамытудың маңызды екенін еске салды.

«Мемлекет басшысы 2028 жылы отан­дық тұқым қорының көлемін 80%, оның ішінде элиталық тұқым көлемін кемінде 15%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бізде әлеует жеткілікті. Ғылыми институттар қазір­дің өзінде астықтың өнімділігін артты­ра­тын тұқым сорттарын шығарып жатыр. Біз үздік әлемдік тәжірибелерді қолда­на отырып, агрономия ғылымын одан әрі дамытатын боламыз», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы мен Ғылым және жоғары білім министр­лік­теріне аталған мәселе бойынша жүйелі шешім­дер дайындауды тапсырды. Оған қоса, келесі жылы Ұлттық аграрлық ғылы­ми-білім беру орталығының Ақтөбе фи­лиалы базасында құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институтының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті рәсімдердің барлығын жедел аяқтауды жүктеді.

Өнім түсімін арттыру үшін сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштар қажет. Биыл отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Нәтижесінде, егіс алқаптарына себілетін тыңайтқыш үлесін екі есеге арттыруға мүмкіндік берді.  

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне импортқа тәуелді­лік деңгейін төмендету жұмысын одан әрі жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар отандық зауыттардан шығарылатын өнім ассортиментін, әсіресе органикалық тыңайтқыштар өндірісін кеңейтуге тиіс.

Сондай-ақ АӨК үдерістерін цифр­ландыру және автоматтандыру, ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін сақтау инфрақұ­рылымын дамыту мәселесін талқылады. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласында есепке алу мен бақылаудың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін тиісті электрон­дық платформаларды іске қосу ша­расын жеделдетуді тапсырды. Бұған қоса, отандық шаруа өндірген өнімін сыртқы нарыққа шығару үшін Ауыл шаруашылығы, Көлік, Сауда және ин­теграция министрліктері ауыл шаруашы­лығының экспорттық әлеуетін нығайту бойынша тиісті шаралар кешенін әзірлеуі, оның қатарында жаңа көлік-логистикалық бағыттарды пысықтауы қажет.

 

Масылдық көңіл күйден арылу керек

Премьер-министр алдағы «Жұмыс­шы мамандықтары жылы» ауыл шаруашы­лығы саласын дамыту мен ауылға қажетті мамандарды тартуға қуатты ынталандыру бола алатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы қоғамда еңбек­қор­лық пен кәсіби құндылықтарды дәріп­теудің маңызына тоқталып, масыл­дық көңіл күйден арылу керек екенін атап өтті. Біз нағыз еңбек адамын, қарапайым жұмысшыны, еңбек әулетінің өкілін, кәсіпорындардағы, бизнес пен мемлекеттік сектордағы тәжірибелі қызметкерлерді қолдауға тиіспіз. Жұмысшы мамандығын қолдау жұмысы ақпараттық кеңістікте де жүргізіліп, барлық масс-медиа мен әлеуметтік желіде қозғалуға тиіс. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігінің, барлық мемлекеттік орган мен әкімдіктің міндеті», деді О.Бектенов.