Сурет: qazdauiri.kz
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, конференцияға 5 құрлықтың 53 елінен 240 делегат қатысқан.
Іс-шара барысында елдің Сот әкімшілігі мен Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығы (IACA) екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі туралы меморандумға қол қойған. ІAСА президенті Луис Мария Пальма мен Қазақстанның Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қол қойған құжат үздік әлемдік практиканы енгізуге бағытталған серіктестікті білдіреді.
Елдің делегациясы конференцияда сот ісін жүргізуді цифрландыру, сот төрелігінің қолжетімділігі мен процестердің ашықтығын арттырудағы тәжірибелерімен бөліскен. Айта кетейік, отандық мамандар азаматтардың сот жүйесіне сенімін нығайтуға көмектесетін технологияларды енгізуге ерекше мән береді.
Сондай-ақ іс-шара аясында отандық делегация Сингапур Жоғарғы сотының төрағасы Сундараш Менонмен кездескен. Онда цифрландыру және сот әкімшілігін жетілдіру саласында бірлескен бастамалар талқыланды.
Жалпы меморандумға қол қойып, аталған маңызды іс-шараларға қатысу елдің озық тәжірибені үйренуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ден қойғанын көрсетеді.