Елордада шығыстанушы, мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат Сәкидің «Шеркеш Мәмлүк сұлтандары» кітабының таныстырылымы өтті. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, оқырмандар қатысты.
Іс-шарада сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет ғалым еңбегі жөнінде пікір білдірді.
– Жалпы, бұл жинақ еліміздің өркениетіне қосылған үлкен үлес деп айтқым келеді. Осы тұсаукесерге келмес бұрын Қайрат Сәкидің көптеген сұхбатын, пікірін шолып, қарап шығып, риза болдым. Қайраттың ғылымға қосқан ең үлкен үлесінің бірі – Бейбарыс есімін Байбарыс етіп анықтап, дәлелдеуі. Бұл кітап әр қазақтың мақтан тұтар шығармасы десек, артық айтқаным емес. Қайреке, сіз үлкен шаруа бітірдіңіз, еліңізге үлкен жақсылық жасап отырсыз. Мұның бәрі патриоттық намысты оятатын атаулы еңбек, – деді ғалым.
Кітапта ортағасырлық жазба мұраларды талдай отырып, шеркеш мәмлүктердің шыққан тегін, олардың басқа ұлыстармен этностық, лингвистикалық, этнографиялық байланысын анықтаған. Тарихи шығармада орта ғасырда 267 жыл өмір сүрген Түркі мемлекетінде Байбарыс сұлтан негізін қалаған қыпшақ мәмлүктерін ауыстырған шеркеш сұлтандары турасында сыр шертіп, арғы тарихымызды баян етеді.
Шарада жинақ авторы Қайрат Сәки өзінің тарихқа келу жолы турасында баяндады.
– Мен әу басында араб тілі маманы болдым. Ал тарихты жазуға келу жолыма келсек, Иорданияда оқып, Иракта үш жыл аудармашы болып қызмет еттім. Ирактағы араб сөздігінде түркі сөздері өте көп. Міне, осылайша санам оянып, Мысыр елінің кітапханаларын ақтару арқылы түркілік тарих турасында құнды мәліметтерге кезіктім. Осының бәрі тарихқа деген қызығушылығымды оятты, мақалалар жаза бастадым. Ал бүгінгі шеркештер тарихын жазу барысында әлемнің бірталай елін аралап шықтық, – деді ғалым.
Мұнан соң іс-шара сұрақ-жауап түріне ауысып, мәмлүктер, шеркештер тарихы бойынша ғалымға әртүрлі сауал қойылып, жауабында маңызды пікірлер өрбіді. Оның ішінде Мысырдағы Түркі мемлекетін (1250-1517) 1382 жылдан 1517 жылға дейін басқарған шеркеш сұлтандарының билікке келу тарихы, атақты тұлғалары, мемлекет басқару мен мәдениет салаларында қалдырған ізі, сақталған мұралары жөніндегі зерттеу турасындағы мәліметтер қамтылды. Жинақтың негізгі мазмұны да – ортағасырлық жазба мұраны талдау арқылы шеркеш мәмлүктердің шыққан тегін, олардың басқа халықтар мен ұлыстарға этностық, лингвистикалық, этнографиялық байланысын анықтауға арналған.
Айта кетейік, ғалым өткен жылы сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына орай «Сұлтан Байбарыс» кітабын оқырманға ұсынған еді. Биыл «Жалайырлар тарихы» атты жинақты толықтырып басып шығармақ.