Жоба • 21 Қараша, 2024

Алаяқтықтың алдын алатын жоба

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде 200-ден аса алаяқтық схема әшкереленді. Заманауи қылмыскерлердің құрық бойламайтын қулығын «Alayaq.net» жобасының қырағы еріктілері мен құқық қорғау органдары анықтаған. Бастама екі жылда жастардың қаржылық сауа­тын арттыруға да септігін тигізген.

Алаяқтықтың алдын алатын жоба

Сурет: informburo.kz

Жобада жасалған жұмыстың нә­тижесі елордада өткен форум аясында айтылды. Іс-ша­ра­ны Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі және Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен «Медицина жастары» РҚБ ұйым­­дастырды. Форумға құқық қор­ғау органдары, банк секторы, қо­ғамдық ұйымдар өкілдері мен «Аlayaq.net» қозғалысы ерік­тілерін қоса бас аяғы 20 мың адам қатысты. Елдегі жоғары оқу орын­дарының студенттері, Арме­ния, Әзербайжан, Беларусь, Қыр­ғызстан, Өзбекстаннан салықтық (қаржылық) тергеу органдарының өкілдері онлайн режімде қосылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биыл­ғы Жолдауында Үкіметке интернет алаяқтыққа қарсы іс-қи­мыл шараларын күшейтуді тапсырды. «Alayaq.net» жобасы осы міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің жарқын үлгісі болды. Бұл бастама интернет-алаяқтық­пен, қаржы пирамидаларымен, дропперлермен күресудің өзекті мәселелерін талқылауға, анықтауға, сондай-ақ жастар арасында қаржылық сауатты арттыруға бағытталды, – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Жиында қатысушылар жоба нәтиже­лерін талқылап, тәжірибе алмасты. Кибералаяқтықтан қорғанудың жаңа әдіс-тәсілдерін де меңгерді.

«Аlayaq.net» жобасының негізін қалаушы Абылайхан Әб­діраштың айтуынша, қозғалыс белсенділері өңір­лер­де 125 мыңнан аса адамды қамтитын қаржылық сауат жөніндегі марафондарды өткізген. Қаржылық мониторинг агенттігі, полиция және басқа да ведомстволардың қолдауымен жоба 28 мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.

– Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі, Азаматтық бастамалар­ды қолдау орталығы, сондай-ақ жастардың ниет білдіруімен арнайы грант бөлінді. Жоба 2022 жы­лы басталды. Осы уақытқа дейін 17 облыс пен 3 қаланың бар­лы­ғын толық қамтыдық, – деді А.Әбдіраш.

Ал жоба жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков 10 мыңнан аса адам­ға тегін қаржылық онлайн курс өткізілгенін айтты. Курс барысында базалық эко­номи­калық қаржылық білім­і қалыптастыруға көп көңіл бөлінген. Қазіргі таңда әлеу­меттік желілердегі ақпарат­тық жұмыстар 150 млн-нан аса қа­ралым жинады. Екі жыл ішінде неше түрлі алаяқтық схема әшке­реленді. Оның логикалық тізбегі қандай болады, әлеумет­тік-пси­хологиялық тұрғыдан қан­дай адамдар жиі алданады деген секілді түрлі кейс зерттелді. Жоба аясында «Alayaq.net» сайты да іске қосылды. Оның көмегі­мен пайдаланушылар алаяқтық оқиғалары туралы хабарлап, қаржылық сауатын арттыра алады. Форум соңында «Alayaq.net» жобасының үздік еріктілері марапатталды.