Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысына арналған кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Бағдарлама шеңберінде елдің ішкі рыногын, транзиттік және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға, сондай-ақ, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған басымдықты жобалар жүзеге асырылатын болады.
Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау, Алматы – Өскемен трассаларының учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүруде. Теміржол саласы мен көлік логистикасы жобалары бойынша да жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы-1 – Шу теміржол учаскесінде екінші жол құрылысы үшін қазірдің өзінде топо-геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Боржақты – Ерсай желісінің құрылысы жүруде, Құрық портында паромды өткел салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды, геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен терминалын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанда АЭА мен индустриялық парктерді дамытуға, тұрғын үй, мектептер мен балабақшалар салуға, елімізге келетін және сыртқа шығатын туризмді одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымдар жасауға, АӨК субъектілерін, отандық автомобильдер, тікұшақтар, жолаушылар вагондарын жасаушыларды қолдауға бағытталған қаржылар игерілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев министрліктерге, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдеріне қарқынды бәсеңсітпей, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, ведомствоаралық іс-қимылды және қаржының тиімді игерілуіне бақылау жасауды күшейтуді тапсырды.