Оқиға • 21 Қараша, 2024

Кәмелетке толмаған баланы зорлап, өлтірген күдікті Ресейден экстрадицияланды

82 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәмелетке толмаған баланы алдын ала сөз байласу арқылы зорлағаны және оны өлтіруді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәмелетке толмаған баланы зорлап, өлтірген күдікті Ресейден экстрадицияланды

Фото: Видеодан алынған кадр

Күдікті 2008 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған баланы зорлаған.

Осыдан кейін күдікті зорлау үшін жауаптылықтан қорқып, таныстарымен бір топ адам болып әрекет етіп,  баланы күштеп көлікке отырғызып, ауылдық аймаққа алып кеткен.

Жол бойында сыбайластардың бірі бұрын адам өлтіргені үшін сотталған тұлға бола тұра, жәбірленушінің мойнын ұстап, оны тұншықтырып өлтірген. Адам өлтіруді жасыру үшін қаскүнемдер жасөспірімнің денесін далаға көмген.

«Кәмелетке толмаған баланы зорлап, оны өлтіруді ұйымдастырған, қашып үлгерген және 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған сотталушыны қоспағанда, адам өлтіруге қатысы бар тұлғалар әртүрлі жаза түрлеріне сотталды», деп хабарлады  прокуратурадан.

Өткен жылғы қыркүйекте ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі уақытта Петропавл қаласының тергеу изоляторына қамалған.

«Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған», делінген хабарламада.