Өнерпаз ел ішінен бөлек Ресей, Италия қалаларында шығармашылық кештерін берді. Санкт-Петербургтегі Юрий Темирканов басқарған симфониялық оркестрмен, Флоренциядағы «Pergola» театрының симфониялық оркестрімен (дирижері Алессандро Пинсаути) және Астана филармониясының симфониялық оркестрімен (дирижері Берік Батырхан) солист ретінде өнер көрсетті. Саида Қалықова осы күнге дейін 80-нен аса өнер кешін ұсынып, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде өткен қайырымдылық концерттерге де қатысады.
25 жылдық шығармашылық мерейтойына орай Саида Қалықова әйгілі композиторлардың фортепианолық шығармаларын орындады. Дж. Филдтің «Ноктюрн №1», Ф.Шопеннің «Berceuse», сонымен қатар испан композиторы Э.Гранадостың «Концерттік Аллегросы» орындалды. Сондай-ақ өнер иесі өзінің авторлық шығармаларының тұсаукесерлерін – «Осенний вальс», «Лунный цветок», «Дыхание сирени», «Осколки грусти», басқа да туындыларын ұсынды. Бұл шығармалардың идеялары композитордың жеке сезімдерінен туындаған, сондықтан жаңа бағдарламасын «Ароматы жизни» деп атаған.
Аталған кешке Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүндет Байғожин (баритон), Мәдениет саласының үздігі Роза Шоткалиева (фортепиано) қатысты. Ал концерттің құрметті қонағы – Мадрид корольдік консерваториясының профессоры, пианист-композитор Андреас Карлос Манчадо Лопес. Бұл оқиға Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланыстардың ерекше маңыздылығын көрсеткені анық.