Салтанатты жиында Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов Орталық Азияда бірінші болып жоғары медициналық білім алған қазақ қызы Гүлсім Асфендиярованың көршілес екі елдің денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан баға жетпес, ерен үлесі туралы баяндады.
«Гүлсім мен Санжар Асфендияровтар сияқты айтулы адамдардың есімін, мұрасын есте сақтау – парызымыз. Ескерткіш – денсаулық сақтауға қосқан үлесіне алғыс білдіру мақсатындағы жасаған әрекетіміздің бір парасы ғана. Қажырлы қазақ әйелінің жетістігі Орталық Азияның көптеген қыз-келіншегіне үлгі, шамшырақ болды. Бүгін оның ұлағатты өмір жолы туралы мақтанышпен айтамыз», деп атап өтті.
Гүлсім Асфендиярова – 1880 жылы қарашада Шымкент қаласында дүниеге келіп, 1941 жылы қарашада өмірден озғанға дейін бүкіл Түркістан өңіріндегі әйелдер саулығы саласына ізашар болған айтулы адам. 1908 жылы Санкт-Петербургтегі әйелдер медициналық институтынан акушерлік және гинекология мамандығы бойынша білім алған Гүлсім Сейітжапарқызы Орталық Азияда тұңғыш рет кесарь тілігін жасаған дәрігер ретінде ғана емес, алғашқы жеке перзентхана ашып, акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған тұлға ретінде де тарихта қалды.
Гүлсім – көрнекті қоғам қайраткері, әскери дәрігер, профессор Санжар Асфендияровтың туған апасы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы – Әбілқайыр ханның ұрпағы, шешесі Гүландам Қошқарбайқызы – Абылай ханның ұрпағы. Текті тұқымнан шыққан ата-ана отбасында бала тәрбиесіне аса көңіл бөлді. Берекелі шаңырақта дүниеге келген сегіз балаға да жынысына, сол кезеңдегі дәстүрлі қоғамның қарсылығына қарамастан, толыққанды білім беруге тырысты. Төрт қызын да Түркістандағы қыздарға арналған ең үздік оқу орны Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді.
Гүлсім оқуды үздік бағамен тәмамдаған соң, алдына болашақта дәрігер боламын деген мақсат қояды. Себебі сол уақытта Түркістан өлкесінде бірнеше індет пен жұқпалы ауру кең тараған еді. Жалпы, мұсылман халқының медициналық көмекке мұқтаж болғанын көрген Гүлсім Ташкентте арнайы латын тілінде дайындалып, емтихан тапсырып, куәлік алып, Санкт-Петербургтегі Қыздар медициналық институтына, дәлірек айтсақ, қазіргі академик И.Павлов атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Сол тұста институт Еуропадағы медицина саласында білім беретін қыздарға арналған жалғыз университет болатын. Бұл институтқа Гүлсім жалғыз түскен жоқ. Мұнда Түркістан өлкесінің бірнеше тумасы, соның ішінде еврей, неміс, басқа ұлт өкілдері де оқыды. Бірақ 1900 жылы түрік мұсылман халықтарының арасынан шыққан екі қыз ғана оқуға қабылданған. Оның бірі полковник Асфендияровтың қызы Гүлсім Асфендиярова болса, екіншісі подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы Зейнеп Әбдірахманова. Зейнептің ұлты – татар.
Г.Асфендиярова 1908 жылы оқу орнын өте жақсы көрсеткішпен аяқтап, дәрігер-терапевт мамандығын алып шығады. Университеттегі емтихандарын тапсырған соң, Николай патшаның атына хат жазады. Хатта өзі Түркістанның тумасы болғандықтан, өңірдің тұрмыс-салтын, жергілікті халықтың тілін жақсы білгендіктен, сондай-ақ халыққа қызмет еткісі келгендіктен, оны өзге аймаққа емес, Түркістан өлкесіне дәрігерлік қызметке жіберу туралы өтініш білдіреді. Нәтижесінде, өтініші қабылданып, ол Түркістандағы Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне, қазіргі Түлкібас ауданына дәрігерлік қызметке жолданады. Г.Асфендиярова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер ғана емес, Ресейдегі жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы қазақ қызы.
1910 жылы Г.Асфендиярова Наманган уезінің ауылдық дәрігерлік учаскесіне жұмысқа ауысады. 1914 жылы Ташкентке келіп, мұнда әкесінің көмегімен 30 орындық жеке перзентхана ашты. Саяси өмірге де белсене қатысады. Ағасы, болашақ денсаулық сақтау министрі Санжар Асфендияровтың жұмысына көмектеседі. 1920 жылы Денсаулық сақтау халық комиссары Т.Рысқұлов басқарған мұсылман бюросының тапсырма – қолдауымен «Әйелдердің акушерлік курсын» ұйымдастырды. Сол кезеңде бірнеше рет қалалық кеңестің мүшесі болып сайланады. Баспасөзге әлеуметтік саланы өркендету, ана мен баланы қорғау мәселелері жөнінде жазып тұрады.
Жоғары білім алған алғашқы қазақ қызының өмірбаянын зерделеген тарихшы Алмас Жүнісбай бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған, тұрмыс құрмаған Гүлсім Асфендиярованың 1920–1937 жылдар аралығындағы тағдыры зерттелмегенін, өмірінің беймәлім тұстары бар екенін айтады.
Өкінішке қарай, жылдар бойы даңқты жерлесіміздің қайда жерленгені белгісіз болып келген еді. 2021 жылы «Ташкенттегі қазақтарды еске алу» тобының еріктілері қабірін Өзбекстан астанасының Боткин зиратынан тапты. Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатынан соң, Гүлсім Сейітжапарқызы бейітінің басында дұға бағышталып, ас берілді.