Биылғы жылы Қазақстан айтулы мерекені – Конституциямыздың 20 жылдығын атап өтеді. Жиырма жыл – Ата Заңның асқаралы асуының жарқын жолы. Қазіргі осы қол жеткізген өркенді істеріміздің бәрі, оның ішінде еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыртылуы Конституция әлеуетінің арқасында іске асырылғандығын барынша мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, қашанда Конституция бүгінгі шынайы өмірге сай болуы және оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар уақыт талабына сәйкес негізделген болуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біздің Ата Заңымыз барлық талаптарға жауап беріп келеді. Осы және басқа да сындарлы мәселелерге орай біз Әділет министрі Берік ИМАШЕВҚА жолыққан едік.
– Берік Мәжитұлы, Конституциямыз еліміздегі барлық заңдардың негізі, яғни Ата Заң болып табылады дейміз. Ендеше, осы сонау 1995 жылы қабылданған Конституциямыз негізінде қанша заң, акті қабылданды? Сонымен қатар, Конституцияның әлеуеті туралы не айта аласыз?
– 1995 жылғы Конституцияның негізінде қолданыстағы 265 заң актілері және заң актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізетін 791 заң қабылданды. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру процесі әлі жалғасуда әрі өмірдің құндылықтары және мемлекеттің жаңа міндеттері туындауда. Сондықтан, мемлекетіміздің Ата Заңы болашақта өзінің іске аспаған әлеуетін қолдануға мүмкіндік береді.
Конституцияның қабылданғанына 20 жыл болғанына қарамастан, ол әлі де іске асырылмаған әлеуетін қамти береді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, билікті бөлу қағидасы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне қатысты құқықтық ережелер одан әрі іске асырылатын болады. Мәселен, Мемлекет басшысы айқындаған маңызы зор мақсат – жергілікті атқарушы органдарды сайлаудың жаңа жүйесі туралы мәселе болып табылады. 2013 жылы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауыл әкімдерін сайлау жасырын дауыс беру, яғни тиісті ауданның (қаланың) мәслихаттар депутаттары арқылы өткізілгендігі белгілі. Сонымен қатар, әкімдерді тікелей сайлаудың үлгісіне көшу мәселесі талқылануда, бұл Конституция нормаларының толығымен іске асырылуына жәрдемдесетін болады.
– Ал Конституцияның жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты 89-бабының ережелеріне қатысты не айта аласыз?
– 2012 жылы еліміздің Президенті Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітті. Мемлекет басшысының кейінгі берілген тапсырмаларын ескере отырып, осы Тұжырымдаманы іске асыру – біздің жауапты міндетіміз. Біз Тұжырымдамада белгіленген мақсаттарға қол жеткізген жағдайда, мемлекеттік басқару органдарына тиісті бақылау өкілеттіктерін қалдырып, оларды қалыптасқан сайлау тәжірибесі бар толыққанды жергілікті өзін-өзі басқарумен ауыстырып, жергілікті органдардың қосарлы жүйесінен бас тартуға болады деп пайымдаймыз.
– Бұл орайда біздің бір байқағанымыз, Конституцияға қайшы келетін заңдарға прокуратураның наразылық білдіру құқығы туралы Конституцияның 83-бабының әлеуеті бүгінгі күні толық көлемде іске аспағандығын атап өткен жөн-ау. Бұған қалай қарайсыз?
– Иә дұрыс айтасыз, Конституцияның аталған бабын іске асыру үшін Конституцияға қайшы келетін заңға прокурордың наразылық білдіру тетігін әзірлеу қажет. Атап айтқанда, прокурордың заңдарға наразылық білдіру, наразылық білдірудің негіздемесін белгілеу, наразылық білдірудің мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды бекіту, наразылық білдірудің тәртібін әзірлеу, оны қараудың рәсімін және сот шешімдері түрлерін анықтау бойынша өкілеттіктерін айқындау керек. Аталған ұсыныстардың іске асырылуы «Прокуратура туралы» заңға, Қылмыстық-процестік және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізуді талап етеді.
– Сонымен бірге, Конституцияның нормалары Конституциялық Кеңестің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында анықталып, айқындалады ғой.
– Әрине, Конституцияның 4-бабына сәйкес Конституциялық Кеңестің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары қолданыстағы заңнаманың бөлігі болып табылады, сонымен бірге, олар мемлекеттің құқық жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуіне және заңдылық тәртібінің қамсыздандырылуына бағытталады. Мысал ретінде, сот практикасында мүлікті мемлекет қажеттілігі үшін еріксіз иеліктен шығару барысында мәселе туындады, сонда Конституцияда мемлекет мұқтаждығы үшін деп көрсетілген. Практикада жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару түсінігін жою үшін Конституциялық Кеңес осы мәселе бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды. Аталған ұсыныс Жер кодексінде жүзеге асты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Конституциялық Кеңес Конституцияның жеке нормаларын жүзеге асырумен байланысты сот практикасының басқа да мәселелері бойынша түсіндірме береді.
– Бірақ, Конституциялық Кеңес тек конституциялық нормаларға қатысты ресми түсіндірме беруі тиіс, ал сот практикасының мәселесі бойынша түсіндірме Жоғарғы Соттың құзырында болуы керек емес пе?
– Иә дұрыс айтасыз, «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларды қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының соттары туралы заңдарымен реттеледі. Алайда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында аталған ерекшеліктер көрсетілмеді. Осыған орай аталған Конституциялық заңда Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын дайындау тәртібін регламенттеу және басқа да сондай нормативтік-құқықтық актілерді дайындауды жоспарлау қажет. Соның ішінде: сот практикасы сұрақтары бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларды қабылдауды жоспарлау, аталған қаулыларды қабылдау жоспарын мүдделі мемлекеттік органдарымен келісім жасау және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жобасын көпшілікпен талқылау.
– Берік Мәжитұлы, өзіңіз де жақсы білесіз, Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде заң үстемдігін қамтамасыз ету қажеттілігін нақты белгіледі. Осы орайда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен заң талаптарына тоқталып өтсеңіз?
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев, өзіңіз айтқандай, «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде заң үстемдігін қамтамасыз ету қажеттілігін айрықша айқындады. Мемлекет басшысы: «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі» – деп атап өтті. Осыған орай, судьяларға біліктілік талаптарын күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, 2014 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Бұл стратегияда жемқорлықтың алдын алудың ықпалды тетігі болып табылатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңын қабылдау қарастырылған. Аталмыш заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттердің өзін де, сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге ықпал етеді.
Мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудің тағы да бір құралы «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң болуы тиіс, ол жария ақпаратты алушылардың құқықтарын, оны беру, есепке алу және пайдалану тәртібін бекітеді. Жария ақпаратқа еркін қолжетімділік халықтың шенеуніктермен артық байланысын болдырмайды. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі, бірінші кезекте, негізгі буыны сот төрелігінің мінсіз жүйесі болып табылатын құқық үстемдігін қамтамасыз ету жүйесіне байланысты.
– Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзумен пайдаланылатын жер телімдерін алып қоюды құқықтық реттеуді жетілдіру қажеттігі мәселесіне тағы бір мәрте тоқталып өтсеңіз?
– Бұл туралы республика Президенті 2013 жылғы қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Алайда, алға қойылған мақсаттарды тиімді түрде шешуге бүгінгі күнге дейін қол жеткізілмеді. Осыған байланысты жер телімдерін алып қою мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатқа сай болады деп пайымдаймыз. Демек, тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтық-құқықтық мәміле немесе сот шешімі бойынша жер телімінің немесе онда орналасқан жылжымайтын мүліктің кадастрлық құны нарықтық бағадан елеулі түрде төмен деген сөз. Бұл жағдайда құнды өтеу бағасы тең болмайды, өйткені, учаскенің меншік иесі алған қаражатына сай келетін жер телімін сатып ала алмайды. Осылайша, Конституцияда көзделген «тең бағамен өтеу» қағидаты шын мәнінде іске асырылмайды. Мәселені шешу үшін құнды өтеу кезінде нарықтық бағаны басшылыққа алу қажет, не учаскеге жылжымайтын мүлікті салуға жұмсалған шығынды өтей отырып, бағасы тең жер учаскесін беруді қамтамасыз ету қажет деп пайымдаймыз.
– Сонымен, Ата Заң әлеуеті арқасында атқарылған жұмыстарға қысқаша ғана нақты баға берсек.
– Конституция бүгінгі шынайы өмірге сай болуы қажет және оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар уақыт талабына негізделген болуы тиіс. Әзірге, қолданыстағы Конституция Парламент қабылдайтын заңдар арқылы одан әрі нормативтік дамытуды қажет етеді, ал біз заң шығармашылық үдерісінің субъектілері ретінде оған белсене қатысуымыз қажет. Осы жылдарда өзіміз өткен жолдарды бағалай отырып, тарихи өлшем бойынша қысқа кезеңде, яғни конституциялық құндылықтарды, қағидаттарды және нормаларды күнделікті өмірде жүзеге асыруда, азаматтардың жеке, саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарын толықтай іске асыру үшін объективтік жағдайлар жасауда ғаламат жұмыс атқарылғандығын нық сеніммен айтуға болады.
– Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде кешіктірмей іске асыруға қажетті 5 институттық реформаны атап өтті. Бұған алып, қосарыңыз қандай?
– 2015 жылғы 11 наурыздағы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Президент, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздерге іске асыруға қажетті бес институттық реформаны жіліктеп бергені белгілі. Елбасы осы бес бағыт бойынша жетістіктерге қол жеткізумен бірге Президенттен Парламент және Үкіметке билік құзыретін қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа сатылай өткізілу керек деген ойды білдірді. Жалпы алғанда осы бес реформа қазақстандық мемлекеттілікті және әлемнің дамыған 30 елдің қатарына ену үшін негізгі шарттарды құрайды деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».