Марапат • Бүгін, 09:17

«Жан шуақ» сыйлығы табысталды

39 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында «Amanat» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі.

«Жан шуақ» сыйлығы табысталды

Марапаттау рәсімін аша отырып, Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

– Қоғамның жетілу деңгейі, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзгеріп келеді. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қор­ғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стерео­типтердің мәні жойылуда, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері «Жан шуақ» сыйлығына қатысу­шылар ерік-жігер мен ұлтжандылық­тың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаз­дар екенін жеткізді. Оған – Ұлттық құрама­ның биылғы Паралимпиадада табыс­ты өнер көрсетіп, Париж төрінде спортшы­ларымыздың 9 мәрте жеңіс тұғырына көтеріл­гені айқын дәлел. Президент осы толағай табысты да ерекше атап өтіп, ел мерейін асырған Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін мемлекеттік ордендермен марапаттады.

Е.Қошанов партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар адамдардың тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруіне арналған «Aleumet» қосымшасы іске қосылғанын, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Бұған қоса «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осы жылдың өзінде 4 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделді.

Сонымен қатар екінші жыл қатарынан Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депу­таттық тобы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында Парла­менттің 20-ға жуық депутаты бар. Олар ауқымды жұмыс атқарып, нәтижесінде тұрғын үй саясаты жөніндегі заңда мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылардың тұрғын үй алуына бірінші кезекте құқық беру көзделді, мүгедектігі бар адамдарды колледждерге қабылдау квоталарының саны ұлғайтылды.

Биыл Мемлекет басшысы мәжілісмен әрі «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының мүшесі Кенжеғұл Сейітжанды Халық­тың әлеуметтік жағынан осал санат­тарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады.

Одан кейін сөз алған Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омар­бекова «Жан шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жат­қанын және осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам мара­патталғанын атап өтті. Биыл ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комис­сиясының шешімімен 8 лауреат анықталды.

– Біздің басты міндетіміз – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен біте қайнасып кетуіне көмектесу, әлеуетін ашу, іске асыратын жаңа мүмкіндіктер беру және олардың айналадағы адамдарға қажет әрі белсенді болуға деген ұмтылысын қолдау, дамуға және алға ұмтылуға деген шешімін жан-жақты ынталандыру, – деді Ж.Омарбекова.

Сонымен Қазақстан тари­хындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы, пауэрлифтер Давид Дегтярев «Күш-жігері және жеңіске талпынысы үшін» сыйлығының иегері атанды.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» аталымында Шымкент қаласының тұрғыны Ермек Бәкиев марапатқа ие болды. Ол бес жыл бойы «Отырар» телеарнасында «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі бола жүріп, мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығы мен жетістігін насихаттады.

Алматы облысы М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын иеленді. Әйгілі қолөнер шебері 20 жылдан бері көрпе, жастық және қазақ халқының ұлттық киімдерін тігумен айналысып келеді.

«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығын Астана қаласының тұрғыны, қоғам қайраткері, ерекше қажеттілігі бар адам­дарға арналған көпшілік жарыс­тардың қатысушысы әрі ұйым­дас­тырушысы Нұрлан Сыздықов иеленді.

«Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» аталымы бойынша Семей қаласының тұрғыны Абылайхан Асылбай жеңімпаз атанды. Зергер – «ЭКСПО – 2017» республикалық сәндік-қолданбалы өнер шебер­лері байқауының финалисті.

«Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Петропавлдан келген «Sensitive» есту қабілеті бұзылған бишілер театрының шығар­машылық ұжы­мы. Солтүстік Қазақстан облысының ан­самблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олар тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халық­аралық фестивальда «Sensitive» Канн шығармашылық өнер фестивалының үздік хорео­графиялық ұжымы ретінде танылды.

«Спорт саласындағы үздік жетістік­тері үшін» аталымында пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрғыны Гүлім Құрманбаева жүлдегер атанды.

«Қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін» Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сый­лығымен Қызылордадан келген блогер Зәуре Өксімбаева марапатталды.

Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Салтанатты рәсімге қатысушылар мен қонақтар үшін бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Ондағы әр туындыны ерекше қажеттілігі бар шеберлер жасады.