17 Маусым, 2015

Баукең атындағы қордың батыл қадамы

514 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMAG0334Білім ошақтарында «Бауыржантану» пәні енгізілетін күн таяу Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының  «Дөңгелек залында» даңқты қолбасшы – Кеңес Одағының Батыры, Мәскеуді қорғаған панфиловшы, жазушы  «Бауыржан Момышұлы мұрасы» атты Қоғамдық қор құрылды. Даңқты полковник Бауыржан Момышұлы 1944 жылы еліміздің білім шамшырағы – Ғылым ордасында әскери психологиядан тыңдаушыларға 31 сағаттық лекция оқыған. Өрттің ішінен келген от жүректі сар­дар­дың өз аузынан естіген ақиқат әңгіменің сол кездегі тыңдармандарына қандай әсер еткенін көз алдыңызға елестете беріңіз. Ғылым ордасында  басқос­қан қауымға, арада қаншама жыл өтсе де, ерекше әсер еткені осы жаңалық болды. Белгілі зерт­теуші Мұхтар Қазыбек: «Момышұлының сондағы лекцияларымен танысқанда өз басым бірнеше жыл бедерінде оның әсерінен арыла алмай жүрдім. Сол сезімнің күші әлі де бойымда...», деді. Ақ жүректен ақтарылған шынайы сөз – біз білетін Баукеңнің біз білмейтін қаншама қыры мен сырының тұңғиығына жетелегендей әсерлі шықты.  Жаңадан шаңырақ көтерген салмақты Қоғамдық қордың  алдына қойған басты мақсаты да  сол – халқы жанындай жақсы көретін батыр Бауыржанның бүгінге дейін беймәлім болып келген мың сан қырлары мен сырларын ашу. Әрине, батырдың болмысын тану – қолға алған үлкен істің бір ғана парасы. Ең басты тақырып  – «Бауыржан мен жас ұрпақ тәрбиесі» болмақ. Бүгінгі жиынның негізгі әңгіме түйінінің де солай қарай ауғаны бірден байқалды. Сонымен... Қазіргі қазақ қоғамының дуалы ауызды азамат­тарының қолқалауымен Қордың басшысына тағайын­далған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібаев жаңа ұйымың жұртшылықпен кездескен алғашқы жүздесуінде-ақ қордың білім саласына жан жадыратар жылымық қосатынын атап өтті. Ол – мектептердегі оқу жүйесіне «Бауыржантану» пәнін енгізу. Бұл, сөз жоқ, батыр атындағы Қоғамдық қордың бірден-бір батыл қадамы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 қадамы» талаптарына  сәйкес Мәңгілік Ел патриоттық актісі жобасына үн қосу дегеніңіздің өзі де осы емес пе? Әлемдік әскери ілімде ерекше із қалдырған полковник Бауыржан Момышұлының білім саласындағы атан түйеге жүк болар еңбегінің жаңа қырынан танылар сәті де туған секілді. «Мақсатымыз –Президенттің қазіргі талқылану үстіндегі  ғаламдық мәні бар ғасырлық бағдарламасына сәйкес «Бауыржантану»  сабағын  мектептерде, жоғары оқу орындарында және әскери білім ордаларында арнайы пән етіп енгізу» деген академик Көпжасар Нәрібаев Білім және ғылым министрлігінің  бұл ұсынысты  бірден қолдап, жергілікті оқу орындарына арнайы хат жібергенін де ортаға салды. Қазақ қауымының құлағына жағымды болып жететін ерекше құбылысқа тән бұл оқиғаның алғашқы аяқ алысы осындай. Енді батыр атындағы Қоғамдық қордың батыл қадамын бастаған академик  пен оның командасының құрамына тоқталып өтейік. Олардың барлығы да елімізге танымал, нардың жүгін арқалаған тұлғалар: сенатор Нұрлан Оразалин, ректор Серік Пірәлиев, әскери ғалым, полковник Ким Серікбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, профессор  Бақтияр Сманов, жазушы Мамытбек Қалдыбай, Еңбек Ері Аягүл Миразова және басқалар. Қордың ашылуына қуанған Баукеңнің отбасы атынан келіні – белгілі жазушы Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан  Момышұлы  қаһарманның жеке мұрағаттары бойынша қолдау көрсетуге әзір екендіктерін білдірген. Батырдың туған жері Жуалыдағыдай бір музейді халқы басым, қонағы көп Алматы төрінен де ашу көзделіп отырғаны осы арада жарияланды. Махамбет сыйлығының иегері, медицина және педагогика  ғылымдарының докторы, бүгінгі қазақ ақсақалдарының бір зиялысы Совет-Хан Ғаббасов жиын  барысы туралы былайша ой түйіндеді: – Баукең  – ерекше туған ұлы жаратылыс, бұл кісіні феномен десе де болады. Баукеңнің халқына жасап кеткен мұрасы ұлан-асыр таусылмас дүние ғой. Ол ХХ ғасырдағы  ерекше тұлға болып шықты. Өз басым бүгінгі шара, бұл – халық үшін, оның болашақ ұрпағы үшін жасалған сәтті қадам деп санаймын, – деді. Айтпасқа болмас, батыр атында бұған дейін де бір қор болған. Ол 1990 жылы ашылып, беймезгіл уақытта, беймәлім күйде жабылып қалған. Ендеше, мақсаты биік, мұраты берік өзіне де, сөзіне де сенімді жаңа Қоғамдық қордың батырдың атына сай адал да әділетті, шыншыл да пәк, бет алған бағытынан таймай, тек қана  халқының болашағы үшін қызмет ететініне сенім білдірейік. Ұлттың  ұрпағы  – өмірі «ашылмаған аралдай»  саналатын батырын бұрынғыдан бетер тани түсуге аңсары ауып, шөліркеп отырғаны және  ақиқат. Өйткені, Бауыржан Момышұлының есімі аталса құлағы елең етпейтін қазақ кем де кем. Бұрын солай болған, қазір де солай. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.