17 Маусым, 2015

Кенді Алтайда

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_0073футбол академиясы ашылады, хоккей қайта түлейді Шығыс Қазақстан – сайып­қыран спортшылар туған, Олим­пиада мен әлемдік дода­лардың жеңімпаздарын сыйлаған өңірлердің бірі. Кенді Алтайдың болмысы шығар, бұл өлкеден түлеп ұшқан жас спортшылар зәуде бір биікті бағындырмай қайтпайды. Бүгінде өңір жұртшылығының спортпен шұғылдануына, саламатты өмір салтына көңіл бөлуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Алда шығысқазақстандық спортсүйер қауымды тың жаңалықтар кү­тіп тұр. Таяуда облыс әкімі Да­ниал Ахметов спортшылар қауымдастығымен жүздесуінде бұл туралы тарқатып айтты. Облыс спортының даму мәселелерін талқылаған жиында халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болып жүрген шы­ғысқазақстандық спортшылар марапатталды. Өскемендегі Ме­таллургтердің мәдениет сарайында өткен жиында спортшылар 150 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі облыс әкімінің стипендиясына ие болды. Стипендия иегерлері қатарында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, шаңғы жарысы бойынша Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Алексей Полторанин, фрис­тайлдан Бүкіләлемдік қысқы универсиада жеңімпазы Юлия Галышева, фристайлдан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Универсиаданың күміс жүлдегері Дмитрий Рейхерд, еркін күрестен Азия чемпионы Расул Қалиев және тағы басқа белгілі спортшылар бар. Еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, олжалы қайтып жүрген қайсар ұл-қыздарды құттықтаған облыс басшысы Шығыс Қазақстанда спортты дамыту саласында атқарылар жұмыстарға тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, жақында Өскеменде футбол академиясы құрылады. Жұмысты ұйымдастыру үшін шетелдерден мамандар шақырылады. Қазіргі уақытта аталған академияға неміс, испан футбол мектептерінің тәжірибелерін пайдалану мәсе­лелері қарастырылуда. Бұл орайда бес жыл бойы өңірдің талантты спортшыларын тәр­биелеумен шұғылданатын жә­не өз тәжірибесін жергілікті жаттықтырушылармен бөлісетін жоғары кәсіби білікті мамандар шақыру көзделіп отыр. – Біз егер әлемдік футбол держа­вала­рындағыдай балалар футболын дамытуды қолға алмасақ, жақсы нәтижеге ешқашан қол жеткізе алмаймыз. Ал футбол академиясын құрудың нәтижесінде балаларымызда жоғары кәсіпқойлық пайда болады, лайықты білім алады, сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Әрине, бірінші кезекте біз тек спорттық жарыстардың жеңімпаздарын ғана емес, өз еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелейтінімізді есте ұстауымыз қажет, – деді өңір басшысы. Енді Семей мен Өскемен қалаларындағы футбол клубтарының орнына бір ғана «Алтай» клубы жұмыс істейді. Теңбіл доп тебуді үйрететін мектептер мен жаңа академия аталған клубты ойыншылармен қамтамасыз етеді. Облыс әкімі үздік спорттық алаңдар және су бассейндері өңіріміздің негізгі байлығы саналатын балаларға берілгенін атап өтті. Яғни олардың арасынан келешекте биікті бағындыратын мықты спортшылар шығатын болады. – Біз өскемендік «Торпедо» командасының даңқын қайтаруы­мыз тиіс. Сондықтан жас хоккей­шілерді өз ісінің шебері етіп тәрбие­леу керек. Бұл үшін Еуропа мен Солтүстік Америка, Ресей елдерінен белгілі бапкерлерді шақыруымыз, жаңа мұз алаң­дарын салуымыз қажет, – деді облыс әкімі – Шайбалы хоккейді шыңға шығару үшін «Торпедо» клубының бұрынғы атауы қайтарылып, оның лайықты өнер көрсетуіне қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда, үш үлкен базалық клуб, екі фарм-клуб құрылды. Өскеменде үш хоккей модулі бар. Жыл соңына дейін Риддер мен Зырянда хоккей модульдері ашылады. Хоккейді дамытуға Үржар мен Аягөз аудандары да қатысады. Аталған аудандарда келер жылы жаңа мұз айдыны кешені бой көтермек. – Семей қаласында 200 адам­дық спорт интернатын салып, оған спорттық әлеуеті мықты балаларды орналастырамыз. Пан­сионаттың жанына жаңа медициналық жабдықтармен жарақ­тандырылған заманауи оңалту орталығы пайдалануға беріледі, – деді Д.Ахметов. Дәл осы іспетті жұмыстар самбо, бокс, дзюдо салаларын дамыту бойынша да жүргізілетін болады. Ал Риддер қаласында ауыр атлетика бойынша мамандандырылған мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында спорттың 88 түрімен шұғылдануға арналған 3232 спорт нысандары қызмет етеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.