Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зейнеткер иіссіз газға уланып көз жұмған. Бүгінде полиция аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексiнің 306-бабы бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптама тағайындалды.
Оқиға орнында тағы 3 адам болған. Олар сол сәтте ауруханаға жеткізілген. Науқастардың бірі тіпті жансақтау бөліміне жатқызылған.
«Қабылдау бөліміне 3 науқас жеткізілді. Апа және 2 немересі. Апаның жағдайы ауыр болған соң реанимацияға жатқызылған. Келесі күні токсикология бөлімшесіне ауыстырылған. Бүгін немересі мен екеуін үйіне шығардық. Жағдайлары жақсы», дейді дәрігер-токсиколог Асылбек Мыңбосынов.