Президент • 25 Қараша, 2024

Мемлекет басшысы Патриарх Кириллді Астанаға шақырды

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясына сапары аясында Мәскеуде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллмен кездесті. Іс-шара барысында Палата Спикері оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне шақыруды табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Патриарх Кириллді Астанаға шақырды

фото Сенаттың баспасөз қызметі

Кездесуде тараптар рухани дипломатияның қазіргі сын-қатерлерді еңсерудегі рөлін талқылады. Сенат Спикері Орыс Православие шіркеуіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін жан-жақты қолдап, жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға және рухани дипломатияны халықаралық деңгейде дамытуға жәрдемдескені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Православие қауымы елдің бірлігін арттыруға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.

Сұхбат барысында Палата Төрағасы VIII Съезге дайындық күрделі жаһандық сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанына назар аударып, мұндай ахуал рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруды талап ететінін айтты. Аталған түйткілдер климаттың өзгеруі, биологиялық қауіп, экономикалық тоқырау, кедейліктің артуы сияқты өзекті мәселелердің салдарынан одан әрі шиеленісе түсетіні анық.

«Бүгінгі қалыптасқан жағдайда діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлесіп әрекет етуінің маңызы зор. VIII Съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады. Осыған байланысты халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған өзекті проблемаларды шешу жолында дін лидерлерінің күш-жігерін біріктіру мәселелері талқыланады. Сондықтан Съезде сындарлы және мазмұнды пікірталастар болып, аталған мәселені шешуді көздейтін жаңа идеялар айтылады деп сенемін. Бұл қадам әлемдік мәдениеттер мен діндерді одан әрі жақындастыруға тың серпін берері сөзсіз»,  деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне шақырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Орыс Православие Шіркеуі Қазақстандағы түрлі дін өкілдері арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастық идеяларын дәріптеуге арналған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.