Қысқа бағдарламаны жерлесіміз екінші орынмен қорытындылаған еді. Келесі күні де Шайдоров шабысынан жаңылған жоқ. Еркін бағдарламаны сәтті орындап шыққан ол көрермен қошеметіне бөленді. Жарыс қорытындысында 276,17 ұпай жиған Михаил күміс медальды мойнына ілді. Дүбірлі дода Жапонияның жұлдызы, командалық әлем чемпионатында үшінші орынға тұрақтаған Сюн Сатоның жеңісімен аяқталды. Ол 278,48 ұпай олжалады. Қола медальды тегі қытайлық, бірақ Францияда дүниеге келген әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы Адам Сяо Хим Фа жеңіп алды. Оның көрсеткіші – 252,53 ұпай.
Кейінгі кездері Михаил Шайдоровтың өнері көпшіліктің көңілінен шығып жүр. 20 жастағы Алматы қаласының тумасы осыған дейін жастар арасындағы әлем біріншілігі (2023) мен «Golden Spin of Zagreb» (2023) турнирінің күміс жүлдегері, «Қытай кубогінің» (2023) қола жүлдегері, «Challenge Cup» (2024) додасының жеңімпазы атанды. Қазіргі кезде Олимпиада, Еуропа чемпионы, майталман маман Алексей Урмановтың қол астында жаттығып жүрген Шайдоров ISU-дың дүниежүзілік рейтингінде 12-орында нық тұр.