Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары полковник Бауыржан Таңатаров әскер қатарына қосылып жатқан жас сарбаздарды Отанға қалтқысыз қызмет етуге шақырып, әрдайым қырағы күзетте болуға үндеді.
Құрметті жауынгерлер, қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету мен қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бабаларымыздың даңқты жолымен Отанға қызмет ету дәстүрін жалғастыра отырып, әскер күзетінде қызмет ете жүріп, еліміздегі әрбір отбасының тыныштығын қамтамасыз етесіздер. Отандастарымыз ел күзетінде, қырағы шекара шебінде әскери дайындығы жоғары, күші мығым сарбаздардың тұрғанына сенім артады. Алдағы бір жыл әскери қызметте намыс туын биікте желбіретесіздер деп сенемін. Әскери жол әрбір жауынгердің бойында мықты ерік-жігерді шыңдайды, төзімділікке тәрбиелейді. Осы бір жылда дене тәрбиесімен қатар киелі әскери қызметтің қыр-сырына қанығып, мол білім жинап, кәсіби әскери маман дәрежесіне жетесіздер. Осы кезеңде отбасыларыңызға сабыр мен шыдамдылық тілеймін», деді Б.Таңатаров.
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, әскери бөлімнің ардагері Қайрат Бақаев жас сарбаздарды Әскери ант қабылдау рәсімімен құттықтауға келді.
«Әскери дайындық пен тәртіп әр сарбаз үшін үлкен ерік-жігерді талап етеді. Отан алдындағы борышын өтеу, қашанда ел қорғаны болу сезімін арқалап жүру – зор жауапкершілік. Ел қорғаны жолында жас сарбаздарға төзімділік серік болсын. Осы абыройлы міндетті адал да асқан жауапкершілікпен өтей отырып, Отанға, ел мен жерге деген патриоттық сезімді, сүйіспеншіліктің жарқын көрінісін көрсету жас сарбаздардың күшіне күш, рухына рух қосады деп сенемін», деді ол.
Мемлекеттік күзет қызмет айрықша мақсаттағы күштерінің «Батыр» президенттік полкі 0111 әскери бөлімі 3-басқарма бастығының орынбасары майор Мерғали Сарымсақовтың айтуынша, еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өтіп келген, денешынықтыру дайындығы өте жоғары сарбаздар таңдалған. Алдағы жыл ішінде 89 сарбаз кәсіби даярлықтан өтіп, өздерін ел күзетінің алғы шебіндегі мықты жауынгер екенін көрсетеді. Сарбаздар жедел әскери қызметі барысында әскери тәжірибеге бейімделіп, әскери мамандықтарды меңгереді.
Ант қабылдағаннан кейін мемлекеттік күзет қызметінің айрықша мақсаттағы күштерінің жеке құрамы өз міндеттерін орындауға кіріседі. Атап айтқанда, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын қорғап, ел Президентінің қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларды сүйемелдеп, айрықша күзетті талап ететін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ерекше құрамға бойының ұзындығы 180–195 см, білімі орташадан төмен емес, дене бітімі мығым, 18–27 жасқа дейінгі ел азаматтары іріктеледі. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар әскерге шақырылушыларға басымдық беріледі.
Әскери ант қабылдау барысында Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Алмат Ақжігіт, Алматы облысы Райымбек ауданынан келген Жәнібек Жамбыл «Батыр» полкі қатарында әскери борышын өтеуді мектепте жүргенде мақсат еткенін айтты. Осы себепті де полк құрамына кіру үшін арнайы дайындық жасап, салада үздік болуды мақсат етіп келген. Ерекше даярлықтан өткен тәжірибелі сарбаздарды алдағы уақытта кәсіби әскери қызмет күтіп тұр. Мемлекеттік қызмет күзетінің айрықша бөлімі қатарында әскери қызметін өтеу – батылдықтың мектебінен өтуге, ер-азаматтың өмірлік жолында баға жетпес жетістік саналады. Жас сарбаздар әскери қызметтің қыр-сырын, дағдыларын игеріп, әлеуметтік, мансаптық кезеңнің сатысынан өтуге мүмкіндік алады. Әскери тәжірибенің осы кезеңінен өткен сарбаздар ел қорғаны ғана емес, қырағы күзетте кәсіпқой әскери маман ретінде болашақ мамандарды даярлауға ықпал етеді. Олар жаңа технологияларға негізделген әскери техника, цифрлық жүйемен басқарылатын қарулы күш құрылымдары жүйесіндегі шешімдерді үйреніп, болашақтың мықты әскерилері сапында тұрады.
Әскери ант қабылдау барысында офицерлік құрам ата-аналарды әскери режім талаптарымен таныстырып, жас сарбаздардың қауіпсіздігін сақтау, отбасымен кездесу тәртібімен таныстырды. Әскери ант қабылдаған сарбаздар бір тәулікке демалысқа кетті.
АЛМАТЫ