Тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттердің негізгі себептері – жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, пешпен жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу, сондай-ақ қарапайым немқұрайлылық. Өткен демалыс күндері Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құтқарушылары елордада және оған іргелес орналасқан Ақмола облысының елді мекендерінде жаппай профилактикалық рейд ұйымдастырды. Бұл іс-шара «Біз қауіпсіздік үшін» деген ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ретінде жүргізілді. Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігінің алдын алу, адам шығынын азайту, төтенше жағдайларды болғызбау. Жылыту басталғалы бері елімізде 913 өрт тіркелген. Салдарынан 41 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алған.
ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев рейд жүргізудің маңызды іс-шара екенін айтып берді.
«Елорда және оған іргелес орналасқан елді мекендердегі өрт жағдайынан сақтандыру мақсатында жаппай профилактикалық рейд жүргізу – өте маңызды жұмыс. Әсіресе жеке үйлерді жылыту кезінде электр аспаптарын пайдалану ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан қауіпті аймақтың біріне айналдық», деді ол.
Рейд барысында пешпен жылытылатын үйлерге ерекше назар аударылды. Құтқарушылардың айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі осы жеке үйлерде орын алады. Пештер жарамды күйде болуы, өрт қауіпсіздігінің барлық талабын сақтауды ескере отырып жабдықталуға тиіс. Пештерді пайдалану кезінде түтін жолдары мен пештерді күйеден тазарту, жанғыш шатырдың үстіндегі түтін құбырларында ұшқыш ұстағыш металл торлардың болуы, отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды оттықта орналастыру, жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмау сынды қарапайым талаптарды сақтау керек. Осындай іс-шаралар өрттің алдын алуға мүмкіндік береді.
Құтқарушылар мен волонтерлер тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әрбір үйдің тұрғындарына жылыту құрылғыларын дұрыс қолдану, электр сымдарын тексеру, өрт сөндіру құралдарын толықтыру секілді іс-әрекеттердің тәртібі түсіндірілді. Үш баланың анасы Айжан Жұмабаева адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алған мамандардың жұмысына алғысын білдірді.
«Біз электр құрылғыларын қалай дұрыс пайдалану керек екенін толық ұғындық. Құтқарушылар үйге келіп, пештің түтін шығаратын бөлігін тексеріп берді. Енді балаларымның қауіпсіздігіне сенімдімін», деді ол.
Рейд барысында құтқарушылар әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне түтін мен улы газды анықтайтын ақылды құрылғы орнатып берді. Бұл қауіпті жағдайды ерте анықтап, дыбыстық дабыл қағу арқылы тұрғындарға қауіптің алдын алуға көмектеседі.
«Астанадағы өрт оқиғаларының саны жыл сайын артып барады. Биылдың өзінде 635 өрт тіркелді. Жеке тұрғын үйлердегі жылыту құрылғылары мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, қауіпсіздік ережелерін сақтамау – қайғылы оқиғалардың басты себептері болып тұр», дейді құтқарушылар.
Рейд өрттің алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұндай игі шаралар төтенше жағдайлардың санын азайтып қана қоймай, халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Құтқарушылар алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа өңірлерде де қолдануды жоспарлап отыр.