Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бұл ретте өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Аталған жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы аясында іріктелген. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автомобиль, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтып отыр.
Басым бағыттардың бірі – автомобиль жасау. Бұл салада қазірдің өзінде оң нәтижелерге қол жеткізілді. Одан арғы өсім үшін қазіргі қарқынды сақтап, өндірісті жергіліктілендіру деңгейін дәйекті түрде арттыру қажет. Ұзақмерзімді перспективада автоөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау арқылы толыққанды автомобиль жасау кластері құрылуға тиіс.
Өңірлік деңгейде кластерлер құруды ынталандыру мақсатында инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер бере отырып, компоненттерді өнеркәсіптік жинау туралы келісімдер жасау қолға алынды. Кластерлер Алматы мен Қостанай қалаларындағы «Hyundai Trans Kazakhstan» және «Allur» зауыттарының төңірегінде, сондай-ақ Семей қаласында әзірленіп жатыр. Олардағы шағын кәсіпорындар «СемАЗ» және «DaewooBusKazakhstan» сияқты жергілікті зауыттарды қолдай отырып, жүк техникасына арналған қондырмалар шығарады.
Мұнай-газ химиясы саласын дамыту – тағы бір өзекті міндет. Қазіргі уақытта полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі жобалар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіру сияқты жаңа да болашағы зор жобалар қолға алынды. Бұл бастамалардың барлығы ел өңірлерінде жаңа өсу нүктелерін құруға бағытталған.
Жобалар тізбесі өнімді терең өңдеудің орташа және жоғары деңгейі, экспортқа және импортты алмастыруға бағдарлану, өндірілетін өнім нарығында сұранысқа ие болу, елдің немесе өңірдің экономикасы үшін стратегиялық маңызы – мультипликативтік әсері сияқты негізгі өлшемшарттар бойынша іріктелген.
Бұл жобаларға құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 15 трлн теңге. Нәтижесінде, 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Көзделіп отырған экономикалық тиімділік – экспорт көлемін 6 трлн теңгеге ұлғайту және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге азайту. Барлық жоба өнімділігі жоғары әрі инновациялық өндірістерді дамытуға, сондай-ақ еліміздің тұрақты экономикалық өсіміне ықпал ететін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған.
ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ:
Екібастұз қаласындағы кластер
«Mineral Product International» ЖШС Павлодар облысының Екібастұз қаласында жылына 160 мың тонна ферросилиций өндіретін, сондай-ақ жылына 300 мың тонна темірді және 1 млн тонна болатты тікелей қалпына келтіретін зауыттарды салуды көздейтін металлургиялық кластер жобасын іске асырып жатыр.
Инвестициялық жобаны іске асыру үш кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта ферросилиций өндіру зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның бірінші кезегін пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Тартылатын инвестиция көлемі – 119,9 млрд теңге. Жаңа кәсіпорында 526 жұмыс орны құрылады. Зауыттың бірінші кезегінің жобалық қуаты – С-75 маркалы 80 мың тонна ферросилиций өндіру.
Осы нысандарды салу үшін 2024–2025 жылдарға арналған қаражат көлемі – 10,1 млрд теңге. «Екібастұз» индустриялық аймағын дамыту» жобасының инженерлік инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен пысықталып жатыр.
Қазір ферроқорытпа зауытының құрылыс жұмыстары басталды, SAC компаниясымен негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды.
Ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты
«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Қостанай облысында ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіретін зауыт салу жобасын іске асыру үстінде. Пайдалануға беру мерзімі – 2027 жыл. Инвестиция көлемі – 532 млрд теңге. Мұнда 500-ге жуық жұмыс орны құрылмақшы.
Зауыттың қуаттылығы бірінші кезекте жылына 2 млн тоннаға, ал өндірістің екінші кезегінде жылына тағы 2 млн тоннаға жеткізіледі. Бұл жоба импортты алмастырудың 30 пайыздан астамын, болат өндірісі үшін қажет шикізат базасын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Дайын өнімнің экспорты Қытай мен Еуропалық Одақ (ЕО) елдеріне бағытталмақшы.
Қазіргі уақытта жобаны іске асырудың бірнеше негізгі қадамы жасалды: ЫБТ өндірісінің екі әлеуетті технологиясы үшін келісімшарт жасау алдындағы инжиниринг аяқталды. Жобалау үшін бастапқы инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеулер жүргізілді. «Midrex» технологиясы бойынша жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін «Primetals Technologies Austria GmbH» және «Midrex Technologies Inc» компанияларының консорциумымен шарт жасалды. Технологияны жеткізушінің базалық инжинирингі негізінде «Қазгипроцветмет» ЖШС жобалау институтымен «П» сатысындағы жобалау құжаттамасын әзірлеу басталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен 10 жылға арналған тауарлық газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі шарттың жобасы дайындалды. Осы шарт бүгінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-да корпоративтік келісуден өткізіліп жатыр.
2024 жылға жоспарланған 6, 246 млрд теңге инвестицияның 3, 275 млрд теңгесі игерілді. Ыстық брикеттелген темір өндіру жобасында төмен көміртекті металлургия технологиясы қолданылады. Бұл көміртегі шығарындыларын айтарлықтай азайтуға және өндірістің экологиялық орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру нәтижесінде темір кені шикізатын өндіруді жылына 15,5 млн тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ «жасыл болаттың» 3-4 млн тоннасын шығаруды жолға қою жоспарланып отыр.
«Qarmet» комбинаты жаңғыртылады
Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ жобасы болат өндіру көлемін ұлғайтуға және өнімнің жаңа түрлерін шығаруға бағдарланған. Жобаға салынатын инвестицияның жалпы сомасы – 3,5 млрд доллар. Жаңғыртуды аяқтау 2028 жылға жоспарланған. Жобаның қуаттылығы – жыл сайын кемінде 5 млн тонна болат өндіру.
Комбинатты жаңғыртуға байланысты биылғы наурыз айынан бері техникалық аудит жүргізіліп жатыр. 2024 жылғы маусымда 100 млн доллар (1,6 трлн теңге) сомасында жабдықтар алуға қаржы лизингі шарты жасалды.
Жоба көмірлі өңірде металлургиялық кластер құру жөніндегі ауқымды бастаманың бір бөлігі болып саналады. «Qarmet» АҚ еңбек қауіпсіздігін, экологияны, өнім сапасын жақсарту, өндіріс көлемін ұлғайту жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алмақшы. Сондай-ақ өнім номенклатурасын кеңейту және кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым құру қарастырылып отыр.
«Qazaqstan Steel Group» ЖШС бірнеше жоба бойынша кластерлік дамуды жүзеге асыруға кірісті. Соның ішінде темір кені шикізаты бойынша Кентөбе мен Атансордың сарқылуына байланысты жаңа кен орындарын іздеуде, Лисаковск және Атасу байыту фабрикаларының құрылысы мен жаңғыртуда, Лисаковск кен-байыту комбинатының фосфорсыздандыру кешенін, кенді беру кешенінің жерасты құрылысын, ыстық брикеттелген темір өндіру кешенін салуда шамамен 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Көмір бойынша Түсіп Күзембаев атындағы шахтада орталық-бөлінген желдету оқпанын салу, «Шығыс» шахтасында орталық кен-байыту фабрикасын қайта жарақтандырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру, Көмір департаментінің бес шахтасында жерасты радиобайланыс және персоналды орналастыру жүйесін енгізу және тағы басқа жұмыстарда 500-ге жуық жұмыс орны құрылмақшы. Ақтау құбыр зауытында 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Энергетика бойынша комбинатты газдандыру бағдарламасын іске асыруда, қазандықтар салуда, цехтарды айналымды сумен жабдықтауға көшіруде 290 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
ТҮСТІ МЕТАЛЛУРГИЯ:
Мыс балқыту зауыты
Абай облысында салынатын жаңа мыс балқыту зауыты – «KAZ Minerals Smelting» ЖШС және қытайлық NFC компаниясының бірлескен жобасы. Оның қуаттылығы – жылына 300 мың тонна катодты мыс, 1,2 млн тонна күкірт қышқылын, 166 мың унция құймадағы алтын және 4,6 млн унция құймадағы күміс өндіру. Жобаға жұмсалатын инвестицияның жалпы көлемі – 1,5 млрд доллар. Зауыт салу барысында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Қазір кәсіпорынның техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Онда зауыттың құрылысы мен жұмысының негізгі техникалық параметрлері айқындалады. Электр инфрақұрылымы бойынша мәселелер қазірдің өзінде пысықталып, жоба іске асыру кезеңіне жақындай түсті.
2028 жылы пайдалануға берілетін зауыт шикізат экспортының көлемін қысқартуға, Қытай мен ЕО елдеріне қосылған құны жоғары дайын өнім жөнелтуді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Ертiс» гидрометаллургиялық комбинаты
«Ертіс» гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС жобасы бойынша Павлодар облысындағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу жөніндегі гидрометалл комбинаты салынады.
Комбинаттың жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна алтын-мыс концентратын қайта өңдеп, 15 тонна алтын шығару. Инвестиция көлемі – 800 млн доллар. Кәсіпорынды іске қосу мерзімі – 2028 жылдың төртінші тоқсаны. Жоба аясында 500 жұмыс орны құрылуға тиіс.
Комбинатты орналастыруға жер учаскелері таңдалды. Өнеркәсіптік нысанды жобалауға дайындық кезеңі болып саналатын инженерлік, геологиялық және геодезиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жобаның маңызды аспектісі – экологиялық жауапкершілік. Компания қоршаған ортаға көміртегін шығаруды айтарлықтай төмендетуге ниетті. Сол үшін «жасыл энергетика» саласында жалпы құны шамамен 100 млн доллар сомасындағы бірқатар жобаны іске асыруды жоспарлады. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысында қуаттылығы 17 МВт және Қостанай облысында қуаттылығы 22,6 МВт күн электр стансаларын, сондай-ақ Қостанай облысында жылына 70 млн текше метр газ тұтынатын, қуаттылығы 40 МВт газ-поршенді стансаны салу бар. Қазірдің өзінде аталған газ-поршенді стансаны іске қосу үшін техникалық шарт алынды.
МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ:
Бутадиен және оның туынды өнімдерін шығару зауыты
Бутадиен және оның туынды өнімдерін өндіретін зауыт құрылысының жобасын Атырау облысындағы «Бутадиен» ЖШС іске асырып жатыр. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 45 мың тоннаға дейін бутадиен, 30 мың тоннаға дейін стирол-бутадиен-стирол, 60 мың тоннаға дейін дивинил-стирол синтетикалық каучук, 130 мың тоннаға дейін изобутан және 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін өндіру. Жобаға шамамен 408 млрд теңге сомасында инвестиция құйылады. Пайдалануға беру мерзімі – 2028 жыл.
Зауыт пайдалануға берілген уақытта шамамен 750 жұмыс орны құрылады, ал құрылыс кезінде 2 мыңдай адам жұмысқа орналастырылмақшы. Шығарылатын өнімдер өз елімізбен қатар, Еуропа, ТМД, Қытай, Түркия нарықтарында сұранысқа ие. Жоба қосылған құны жоғары өнім экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жаңа кәсіпорын Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Жобаның негізгі қатысушылары – «Татнефть» жария акционерлік қоғамы (ЖАҚ) (75 пайыз) және «Samruk-Kazyna Ondeu» АҚ (25 пайыз). Өндіріс үшін қажетті шикізат – Теңіз кен орнынан және «Татнефть» ЖАҚ тарапынан жеткізілетін жылына 380 мың тонна көлеміндегі техникалық бутан газы. Бірінші және екінші технологиялық блокті іске қосу 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Содан кейін зауыт өнімдерді өндіру мен экспорттауды бастайды.
Полиэтилентерефталат өндіру зауыты
Атырау облысында полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіретін зауыт салу жобасын «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жобаға салынатын инвестиция – шамамен 690 млрд теңге. Оны іске асыру мерзімі 2029 жылға белгіленген. Зауыт жылына 735 мың тоннаға дейін ПЭТФ өндіретін жобалық қуаттылыққа ие болады. Құрылыс уақытында 3 мың жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 400 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Зауыттың орналасқан орны – «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының технопаркі аумағында, яғни өндіріс үшін шикізат көзі болып саналатын «АтМӨЗ» ЖШС-на жақын жерде.
ПЭТФ жасау үшін жылына шамамен 400 мың тонна көлемінде «АтМӨЗ» ЖШС жеткізетін параксилолды қайта өңдеу, сондай-ақ жыл сайын 245 мың тонна көлемінде импортталатын моноэтиленгликольді пайдалану жоспарланған. Бұл ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, Еуропа, Түркия, Қытай және ТМД елдерінің нарықтарына қосылған құны жоғары өнімдердің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны қаржыландыру қарыз қаражаты мен жобаға қатысушылардың қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Зауыт толық қуатына шыққан кезде еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесі 0,37 пайызға жуықтайды, ал Атырау облысының экономикасы бойынша 2,16 пайыз болады. Қазір жобаны іске асыру үшін стратегиялық серіктес іздестіріліп жатыр.
Интеграцияланған газ-химия кешені
Атырау облысында «Интеграцияланған газ-химия кешені» жобасының екінші кезеңін іске асыруға 4,83 трлн теңге қаражат инвестицияланады. Оны пайдалану кезінде 1 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады.
Қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіру болатын жобаны «Силлено» ЖШС іске асыруға кірісті. Кешеннің құрылысы 2025–2029 жылдарға жоспарланған. Жобалық қуаты – Теңіз кен орнынан алынатын, жылына 9,1 млрд текше метр құрғақ газды қайта өңдеу арқылы 1,6 млн тоннаға дейін этан және шамамен 355 мың тонна пропан өндіру. Жобаны қаржыландыру үш көзден: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20 пайыз, нарықтық қоса қаржыландыру – 40 пайыз және Ұлттық қор қаражатынан облигациялық заем – 40 пайыз көлемінде болмақшы.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегі
Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегін салу жобасы – еліміздегі мұнай өнімдеріне жылдан-жылға өсіп отырған сұранысты қанағаттандыру үшін қайта өңдеу қуаттарын кеңейту жөніндегі өршіл бастама. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ іске асыратын осы жобаға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылады. Жаңа кәсіпорын 2030 жылы іске қосылады.
Зауыттың екінші кезегінің жобалық қуаты – жылына 12 млн тоннаға дейін мұнай өңдеу арқылы Еуро-5 және одан жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін жоғары сапалы мұнай өнімдерін шығару.
ESG-күн тәртібі мен «жасыл экономикаға» көшу аясында ішкі нарықты мотор отынымен және басқа да мұнай өнімдерімен толықтыру – маңызды мақсат. Мұнай өңдеуге арналған Нельсон индексін 10+ деңгейіне дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өндірістік мүмкіндіктерді жақсартып, мұнай-химия саласын шикізатпен қамтамасыз етеді.
Жобаны қаржыландыру ұлттық компанияның өз қаражаты мен қарыз қаражаты есебінен қамтамасыз етілмекші. Жобаны дайындау аясында мұнай өнімдері нарығын 2035 жылға дейін дамыту бойынша маркетингтік зерттеу жүргізіліп, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталды.
ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІ ЖӘНЕ ТЫҢАЙТҚЫШТАР ӨНДІРІСІ:
Аммиак және карбамид өндіру зауыты
Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот Prime» ЖШС-нің аммиак-карбамид кешенін салу – еліміздің химия және газ-химия саласын дамыту үшін стратегиялық маңызы бар инвестициялық жоба. Кешен жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид, 500 мың тонна аммиак селитрасын, 395 мың тонна азот қышқылын өндіретін болады. Жобаны іске асыру 585 трлн теңге көлеміндегі қомақты инвестицияны талап етеді. Кешенде 700-ге жуық жұмыс орны ашылады. Оны іске қосу 2028 жылға жоспарланған.
Жобаға дайындық аясында, 2023 жылғы 2 шілдеде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі барысында «ҚазАзот Prime» ЖШС мен қытайлық «Wuhuan Engineering Co., Ltd.», CNCEC еншілес компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қытай тарапы жобаға техникалық және инженерлік қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Жоба елдегі тыңайтқыш тапшылығы мәселесін шешеді, аммиак пен аммоний нитратының экспортын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, Қазақстан үшін жаңа карбамид номенклатурасын шығару арқылы өндірісті әртараптандыру көзделіп отыр.
Калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешені
Калий тыңайтқыштары импортын алмастыру және экспортқа шығу. Мұндай экономикалық тиімділік Батыс Қазақстан облысында калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешені өндірістік қуатына шыққан кезде мүмкін болады.
Сатимола кен орны базасында калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу жобасын «QazaqKalium Ltd» жеке компаниясы қолға алды. Бұл жоба бірнеше кезеңді қамтып, калий тыңайтқыштарын өндіру қуаты 2027 жылғы 1 миллион тоннадан 2035 жылы 6 миллион тоннаға дейін біртіндеп артады. Инвестицияның жалпы көлемі – 1,6 трлн теңге. Кешенді салу мен пайдаланудың барлық кезеңінде 5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Жоба Қазақстанды индустрияландырудың Бірыңғай картасына енгізіліп, технологиялық үдерісті өнеркәсіптік-инновациялық деп тану жөніндегі ведомствоаралық комиссияның оң шешімін, экологиялық әсерге рұқсат және Сатимола кен орнында қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алды.
Қазіргі уақытта жобалау алдындағы зерттеу және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Kazakhmys Barlau» ЖШС-мен бірлесіп, құны 3,1 млрд теңгені құрайтын 15 геологиялық ұңғыманы бұрғылау басталды. Бұл жұмыстар JORC халықаралық стандарттары бойынша қорларды растауға бағытталған. Байыту-өндірістік кешенін салу үшін Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округінде 298 га жер учаскесі бөлінді.
Осы жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Президенті мен Германияның Федералды канцлерінің қатысуымен «Qazaq Kalium Ltd» АҚ, «KFW bankengruppe» неміс банкі және «Euler Hermes Group» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
АВТОМОБИЛЬ ЖАСАУ КЛАСТЕРІ:
KIA автомобилін жасау зауыты
Қостанай облысында KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 90 млрд теңге.
Зауыттың қуаты – жылына 70 мың автокөлік шығару: CKD әдісімен 3 KIA моделі (Sportage, Sorento, Cerato) және ірі торапты құрастыру әдісімен 10 модель. Кәсіпорын 1,5 мың жұмыс орнын ашуға және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Жоба циклі үшін бюджетке салық аударымдары 81 млрд теңгеден асатын болады. Сондай-ақ жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында металл конструкциялардың 70 пайызға жуығы орнатылып, монтаждау жұмыстары қолға алынды. Зауыт ғимаратының шатырын жабу да басталды.
Қостанай облысының әкімдігі кәсіпорынның инфрақұрылымын, соның ішінде сыртқы инженерлік желілерді, теміржол кірме жолдарын және автомобиль жолын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар резервтік қордан қаржыландырылады. Тиісті құжаттарға сараптаманың оң қорытындылары алынды.
Өңірдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың барлығы шанақ пен кабинаны дәнекерлеу және бояу операцияларын орындай отырып, ірі торапты автомобиль құрастырудан ұсақ торапты құрастыруға көшіріле бастады. 2027 жылға дейін ұсақ торапты құрастыру үлесі 20 пайыздан 50 пайызға дейін арттырылуға тиіс.
Мультибрендті автомобиль жасау зауыты
«Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-нің мультибрендті автомобиль жасау зауыты Алматы қаласының Индустриялық аймағында салынып жатыр.
Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 90 мың автокөлік шығару. Кәсіпорынның құны – 182 млрд теңге. Екі ауысымда 3,6 мың жұмыс орнын және бір ауысымда 2,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың бірінші тоқсанына белгіленген.
Зауыт құрылысы 2022 жылғы қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен басталды. Кәсіпорында «Great Wall Motors» (HAVAL және TANK), «Chery» және «Changan» маркалы жеңіл автомобильдер шығарылатын болады. Өндіріс дәнекерлеу және бояу жұмыстарын қоса алғанда, ұсақ торапты технология бойынша жүзеге асырылады. Жоба технологиялық операцияларды жергіліктілендіру есебінен автомобильдердің өзіндік құнын төмендетуге, жоғары білікті жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ қазақстандық қамтуды ұлғайта отырып, компоненттік базаны дамытуға мүмкіндік береді. Өндірілген өнімнің 60 пайыздан астамын ТМД елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.
Зауыт үшін 30,8 га жер учаскесі бөлінген. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Металл конструкциялардың 100 пайызы, шатыр және сэндвич-панельдердің 95 пайызы, желдету жүйелері мен электр желілерінің 90 пайызы орнатылды. Жылумен, сумен, кәрізбен және газбен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумағы 14,5 мың шаршы метр әкімшілік-тұрмыстық кешенді ішкі әрлеу басталды.
Құрылыс алаңына электр желілері тартылды, электр энергиясына, газбен, сумен жабдықтауға және кәрізге техникалық шарттар алынды. Жоба кестеге сәйкес іске асырылып жатыр. Жапсарлас өндірістерді – компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаруды дамыту да қарастырылған.
ТУРИЗМ:
Астананың туристік ауданы
«Астана Туризм» ЖШС-нің «Астананың туристік ауданы» жобасы – жалпы аумағы 382 мың шаршы метрді алып жатқан ірі туристік орталық болмақшы. Оның құрамына туристерді орналастыру және ойын-сауық нысандары кіреді. Олардың ішінде көп залды кинотеатр, аквапарк пен жалпы аумағы 150 мың шаршы метр болатын аттракциондары бар сауда-ойын-сауық орталығы, бизнес-орталық және басқа да инфрақұрылым нысандары бар. Жоба Ұлы дала даңғылы мен Шыңғыс Айтматов көшесінің қиылысында, Кіші Талдыкөлдің сыртында орналасады.
«Астананың туристік ауданы» елорда үшін ғана емес, қаланың агломерациясы үшін де негізгі туристік орталыққа айналатындай әлеуетке ие. Ол өңірдегі іскерлік және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға, жаңа туристерді тартуға, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жобада 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделген. Құрылыс аяқталғаннан кейін және жобалық қуатқа қол жеткізілгеннен кейін «Астана туристік ауданы» өз аумағында жұмыс істейтін компаниялардың қызметі есебінен жылына шамамен 10 млрд теңге салық аударымдарын жасайтын болады.
Жобаның жалпы құны 194 млрд теңге болып бағаланған. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2026 жыл.
Ақтаудың «Жылы жағажайы»
«Жылы жағажай» жобасы – Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы бірнеше бастаманы өзара бірлестіре қамти отырып, аумақты ауқымды да кешенді игеру болып саналады. Олардың әрқайсысы қаланың инфрақұрылымын дамытуға, жаңа туристік нысандар және тұрғынжайлар салуға бағытталған. Негізгі жобалардың қатарында «Fairmont» курорттық кешені, 300 бөлмелі гольф-қонақүй, виллалар кешені және жалпы сыйымдылығы 2 мыңға жуық төсек-орын болатын басқа да нысандар бар. «Aktau Riviera» жобасы 540 төсек-орынға арналған виллалар мен пәтерлер кешенін салуды көздейді. Ал «Aqualina Resort» жобасы аквапарк пен ойын-сауық орталығы бар, 600 орындық балалар сауықтыру лагерін құруға арналған. Сондай-ақ жалпы алаңы 30 мың шаршы метр болатын «Town Centre» сауда қатарларын салу жоспарланған. Оған заманауи бутиктер, мекемелер мен кеңсе үй-жайлары кіреді. Бұл қаланың коммерциялық және іскерлік инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.
Жобаның жалпы құны – 137,4 млрд теңге. Барлық бастаманы 2024 жылдан бастап, 2026 жылға дейін іске асыру көзделіп отыр. Бұл өңірдің туристік тартымдылығын айтарлықтай жақсартып, 5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бүгінде «Town Centre» сауда қатарлары жобасы іске асырылды. «Aktau Riviera» жобасының екінші кезеңі аяқталуға жақын. «Fairmont» және «Aqualina Resort» жобаларын іске асыру үшін қаржыландыру көздері іздестіріліп жатыр.
Ақтауда инвестициялық жобаларды іске асыру туризмнің кластерлік дамуы үшін қолайлы жағдай туғызады, сондай-ақ қаладағы сауда, көлік және қызмет көрсету сияқты экономиканың аралас салаларын өркендетуге ықпал етеді. Тұтастай алғанда, «Жылы жағажай» жобасы өңірдің тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әулиелер мекенінің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін береді.
ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ:
Бидай мен бұршақты терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен
Астана қаласында «Tiryaki Agro» (Түркия), «Hassad Food» (Қатар) және «Adotex» ЖШС (Қазақстан) компаниялары іске асыратын астық және бұршақ дақылдарын терең өңдеу жөніндегі интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы – ауқымды инвестициялық жоба. Ол 2023 жылдан 2026 жылға дейін екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі – 220 млн доллар, екінші кезеңде –
180 млн доллар.
Жобаның негізгі мақсаты – крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза шәрбаты және құрамажем сияқты сапасы жоғары әрі қосылған құны бар өнімдерді өндіру үшін бидай мен бұршақ өңдеу кәсіпорнын құру. Өндірісті іске қосу елдегі қант тапшылығын азайтады. Ал жергілікті фермерлер бидай мен бұршақты сату үшін тұрақты офтейк-келісімшарттарға ие болады.
Жоба 400 жаңа жұмыс орнын құруға және өз елімізбен қатар, Солтүстік Америка, ЕО, Азия-Тынық мұхиты өңірінің нарықтарына шығуға бағдарланған. Бидайды өңдеудің бірінші кезеңі аясында 22 мың тонна бидай глютені, 65 мың тонна крахмал, 45 мың тонна глюкоза және 103 мың тонна мал азығын шығару жоспарланған. Ал бұршақты өңдеу кезеңінде 14 мың тонна бұршақ ақуызын, 34 мың тонна бұршақ крахмалын және 48 мың тонна бұршақ талшығын шығару көзделген.
Жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Қазір оның бизнес-жоспарын әзірлеу, жобалау-сметалық құжаттаманы бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы тамыз айында компания инвесторға ұсынылған учаскеге теміржол желісін тартуды сұрады. Соған орай 3 схема айқындалды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, қала әкімдігі, Astana Invest және инвестор бірлесіп, жеткізу жолдарын пысықтауға кірісті.
Бидайды терең өңдеу зауыты
Қостанай қаласында бидайды терең өңдеу зауытын салу жобасы жылына 415 мың тонна бидай өңдеуге арналған. Операторы – «Qostanai Grain Industry» ЖШС. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл. Инвестицияның жалпы сомасы – 70 млрд теңге.
Зауыт өнімнің бірнеше түрін, соның ішінде жылына 40 мың тонна лизин, 35,3 мың тонна глютен, 60 мың тонна биоэтанол, 56 мың тонна көміртегі қостотығын, 99 мың тонна мал азығына арналған төп және 28 мың тонна кебек өндірмекші. Дәнді терең өңдеуден өткізетін зауыт – қалдықсыз өндіріс. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққан кезде 650 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Жоба тұжырымдамасы әзірленді. Технологиялар мен жабдықтарды жеткізушілер анықталып, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Негізгі жобаларды жобалау және интеграциялау аустриялық «Vogelbusch» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылады. Қазір жергілікті және халықаралық жабдық жеткізушілермен технологиялық инжиниринг үдерісі жүргізіліп жатыр.
Биылғы 3 шілдеде «KazFoodProducts» компаниялар тобы, Қытайдың «Myande Group» компаниясы және Қостанай облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мұндай серіктестік жобаның халықаралық байланыстарын нығайтып, зауыттың құрылысы мен жұмысының барлық кезеңінде озық технологияларды қолдануға жол ашады.
Балауызы мол отандық астыққа әлемдегі сұраныс жоғары. Өнімді өткізу нарығы – Еуропа және Америка елдері.
ТҮЙІН: Аталған жобалар – ел экономикасын әртараптандыруға және оның әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Металлургия, химия, мұнай-химия және туризм сияқты негізгі салаларда ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру өндірістік қуаттарды айтарлықтай арттырып, экспорттық әлеуетті нығайтады және мыңдаған жұмыс орынын ашады. Бұл ел экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізеді.
Үкімет бекітілген жобаларды мемлекеттік қолдаудың барлық қажетті шарасын қолданумен қатар, олардың іске асырылу барысын ерекше бақылауға алып отыр. Ал қандай да бір проблема туындаған жағдайда оны шешу мәселесі Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Инвестициялық штабта жедел түрде қаралады.