Қаржы • 26 Қараша, 2024

Заңсыз активтің қайтарылуы қай деңгейде?

113 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары қазынадан ұрланған қаражатты шетел асырып, өзге елде зәулім сарай тұрғызудан алдына қара салмағандардың мәселесі майшаммен қарала бастады. Өйткені әлеуметтік әділдікті қалпына келтірудің басым бағыты қайтарылған активтерді халық игіліне жарату болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстың белсенді іске бастағанына екі жылдан асты. Содан бері құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, түрлі министрліктер мен ұлттық банктердің бірлескен кешенді жұмысы нәтижесінде шамамен 1,7 трлн теңге қазынамызға қайта түскен.

Заңсыз активтің қайтарылуы қай деңгейде?

Қайтқан активтердің қайыры бар

Оның ішінде 750 млн доллар шетелден қайтқан. Сондай-ақ Премьер-министр жетекшілік ететін арнаулы комиссия жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық 50-ден аса келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілерімен Ар­наулы мемлекеттік қорға 650 млрд теңгеден аса ақша аударуы көздеп отыр. Оның 188 млрд теңгеге жуы­ғы қор шоты­на түссе, ал 87 млрд теңгенің мүлі­гі Қайтарылған ак­тивтерді бас­қару жөніндегі ком­па­нияның теңгеріміне беріліп те қойды.

Қайтқан қаржы көздері өңір­лердегі әлеуметтік жобаларды іс­ке асыруға жұмсалып жатыр. Мә­селен, қазірдің өзінде қайт­­­қан қаржының бір парасы Ар­­қа­лық қаласында дарынды спорт­­шы балаларға арналған 120 орын­дық спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнал­ған оңалту орта­лығын, Алматы­да ерекше қажет­тілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы құрылысына жұмсалмақ.

Бұған қоса екі сауда-логистика­лық орталық салуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Бүгінде жалпы құны 30 млрд теңгеге 8 инвес­тициялық жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешені және Түркістан облысының Темірлан ауылында 890 млн теңгеге музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мем­лекеттік қордан қаражат бө­лін­бек. Шымкентте мұқтаж отбасыларды одан әрі қамтамасыз ету үшін мемлекет меншігіне өте­тін көпқабатты тұрғын үй құры­лысы да ел игілігіне жұмыс істейді.

Күні кеше Үкімет Ақтөбе қала­­сында да ерекше балаларға ар­налған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде қайтарылған қара­жаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауы­сымда 500 адамды қабылдай ала­тын емханасы бар көпсалалы ауру­хана кешенінің құрылысын аяқ­тауға тағы 28,2 млрд теңге бөлінді.

Бүгінде заңсыз активтерді қай­тару ісі жүйеленіп, жолға қойылып келеді. Мұның бәрі былтыр шілде айында Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заң арқылы мүмкін болып отыр. Бұл саладағы арнаулы құжатта көрсетілгендей, заң­ның субъектілері анықталып, мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың жаңа тетік­тері белгіленді. Бүгінде ақша­лай түскен қаражат арнаулы мемлекеттік қорға түссе, ал мү­лік ретінде қайтқанына Қаржы министрлігінің Активтерді басқару жөніндегі арнайы компаниясы есеп береді. Заңға сәйкес компания қайтқан мүлікті сатып, одан түскен ақшаны қайтадан мем­лекеттік арнаулы қорға құюға тиіс.

Активтерді қайтару жөніндегі әрбір шешім Үкімет басшысының өзі басқаратын арнаулы комиссия арқылы өтеді. Комиссия құра­мында мемлекеттік, құқық қор­ғау органдарының басшылары­нан бөлек, халық сайлаған Парламент депутаттары, беделді қоғам өкіл­дері бар. Биыл осы комис­сияның құрамына респуб­ликадағы 500-ге жуық үкіметтік емес қоғамдық ұйымның басын қосқан Қазақстан Азаматтар альян­сының басшысы кірген. Қоғам өкілдерінің бақы­лауына алынған комиссияның оты­рыстарында активтерге байланысты қандай құжат қабылданып, нендей шешімдер еніп жатқаны айтылады. Комиссия мүшелері алдына келген құжаттарды талқылап, шешім қабылдауға атсалыса алады. Біз сөзбен айтқанда, активтерге қатысты қаралатын кез келген шешім комиссия мүшелерімен толық мақұлданып қана іске асырылады. Комиссия азаматтарды тізілімге қоюға да атсалыса алады. Тіпті сотқа талап-арыз беру қа­жет бол­ғанда да комиссияның ма­құл­дауы қажет. Инвестициялық жо­ба да комиссия алдынан өтуге тиіс.

Заңсыз активтерді қайтару мен басқару ісіне бірнеше мекеме жауапты. Мәселен, Бас про­кура­­тураның Активтерді қайтару жө­ніндегі комитетінің жұмысы ак­тивтерді мемлекетке қайтарумен ғана шектеледі. Ал оның әрі қа­рай пайдалануы мен мақсатты жұм­салуы Үкі­меттің құзырына өте­ді. Өйт­кені қолданыстағы заңда көр­се­тілгендей, түскен қаражатты жинақ­тау үшін Арнаулы мемле­кет­тік қор және басқарушы компания бар. Демек ел игіліне қайт­қан қаржының бұдан кейінгі тағ­дыры Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекеше­лендіру комитетінің тиімді жұ­мы­­сында көрінуі қажет. Әлгі мем­лекеттің ақшасына байыған­дардан түскен жылжымалы және жылжы­майтын мүліктер, алтын-күміс әшекейлер, бренд сөмкелер мен құндыз жағалы ішіктер, мәдени, тарихи жәдігерлерді сату, өткізу – комитетке қарасты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның міндеті.

 

Серіктестік қалай жұмыс істейді?

Былтыр «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қолданысқа енді. Оған сәйкес елімізде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы жұмысын бастаған. Содан бері компания балансына 63 актив беріліпті. Оның ішінде тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық емес үй-жайлар, «Думан» қонақүй кешені, заң­ды тұлғалардың жарғылық капи­талындағы қатысу үлестері, өнді­рістік база, асхана, жанармай құю стансалары, жер учаскелері, «Орион» бизнес-орталығының аяқталмаған құрылысы және «Сауда үйі» объектісіндегі мүлік бар. Бұған қоса активтер ретінде зергерлік әшекей, коллекциялық монета, кәдесый және аксес­суар түрінде 196 бұйым түскен. Осы қабылданған активтердің жалпы құны – 90,3 млрд теңге. Биыл компания 12,6 млрд теңгеге активтерді сатса, оның 4,4 млрд теңгесі шетелдік активтерге тиесілі. Мүліктерді басқарудан түскен қаражат – 725 млн теңге. Компания өкілдерінің мәліметінше, жалпы ауданы 570 шаршы метрді құрайтын Астанадағы жертөле қабаты бар екі қабатты тұрғын үй, сондай-ақ Алматыдағы активтерді сатудан түскен қаражаттың жалпы сомасы 8,2 млрд теңгені құраған. Бүгінде сатылған активтерден түскен 6,7 млрд теңге осы арнаулы қорға аударылған. Айтпақшы, компания басқаруында Францияның Антиб және Ресейдің Мәскеу қа­лаларындағы пәтер де бар. Ал БАӘ-дегі 2 автокөлік пен Түр­кия­дағы 3 жылжымайтын мүліктің са­тылғанын компания растап отыр.

«Активтерді сату мүлікті қай­­та­рылған активтер түрінде ен­гізу немесе толықтыру құқығы бар еншілес ұйым құру жолы­мен және ол ұйымдардағы үлес­ті бе­ру мақсатымен, сондай-ақ ак­тива­тор орналасқан елдің заң­на­­­м­а­сына қайшы келмейтін бас­қа да әдістермен жүзеге асы­ры­луы мүмкін», дейді компа­ния­­ның баспасөз қызметі. Олар­дың берген ақпаратына сүйен­сек, әр­бір активтің сипаттама­ла­ры­на, нарықтық зерттеулерге және экономикалық мақсатты­лығы­на негізделген жеке шешім қабыл­данады. Активтерді сату негізінен E-Qazyna веб-порта­лы арқылы электрондық сауда ұйым­дастыру жолымен жүзеге асырылады. Ал сауда-саттық аукцион немесе тендер, коммерциялық конкурстар, биржа ережелеріне сәйкес қор биржасы арқылы өткізіледі екен.

Айта кетерлігі, компания бас­қаруына түскен жылжымалы және жыл­жымайтын мүліктер мем­­лекет пайдасына жарату мақса­тында тегін беріледі. Алайда компания өкілдері осы жылдарда активтерді тегін пайдалануға беру тәжірибесі жүзеге аспағанын жеткізді. Ал қарапайым халыққа шетел асқан және ел ішіндегі осы мүліктерді қыруар ақшаға сатып алуға мүмкіндік беріледі. Яғни қаржылай мүмкіндігі бар кез келген адам E-Qazyna мемлекеттік порталы арқылы өзіне ұнаған мүлікті сатып алуына болады. Бұл үшін порталға тіркелу керек. Бар болғаны жеке тұлғалар үшін ЖСН және жеке деректерді, заңды тұлғалар үшін БСН және бірінші басшы туралы ақпаратты көрсету қажет. Ал өтінімді ЭЦҚ көмегімен қол қою арқылы беріп, қатысуды растау үшін көрсетілген есеп айырысу шотына кепілдік жарнасын салу керек екен. Мүлік бастапқы бағаланған бағасы арқылы аукционға шығарылады. Одан кейін ғана порталға тіркелген сатып алушылар арасында сауда-саттық басталады. Мүлікке кім көбірек қаражат ұсынса, сол сатып алады. Бірақ сатылымдағы мүліктің бағасы барлығына бірдей қолжетімді емес екенін естен шығармаған да дұрыс.

 

Мүлікті сатып алуға мол қаржы керек

Компания басқаруына түскен 196 лоттың ішіндегі ең қымбат 5 зергерлік, коллекциялық және кәдесый бұйымдары бірден көзге түседі. Мәселен, Ulysse Nardin classic 789-80 қол сағатының құны – 214,4 млн теңге. Себебі мұндай сағат шектеулі шығарылым арқы­лы барлығы 30 данамен шық­қан. Циферблат қолмен жасал­ған авентурин және 18К алтыннан жасалған фигуралармен бе­зендірілгені үшін бағалы. «Franck Muller Geneve» сағатының құны­на қарапайым жұрт қаладан екі бөлмелі үй алар еді. Еңбекпен кел­меген соң өзгенің ақшасын бір сағат үшін 29,2 млн теңгеге сатып алу аса қиынға соқпаған ұқсайды. ULYSSE NARDIN Archive Freak «Cruiser» сағаты да 29 млн теңге тұрады. Оның корпусы да 18К ақ алтын мен лағыл тастардан жасалған. Сапфир шынысы бар алтын корпус­ты Breguet 882u №3271 қол сағаты 10,4 млн теңгеге бағаланған екен. Негізгі құны бұдан да қымбат болатын еді, тек корпус пен белдікте шамалы зақымы болғандықтан, бағасын түсірген сыңайлы.

Әшекейлердің жалпы құны – 97 963 968 теңге. Ең қымбат жиынтықта 85 млн теңгеге бағалан­ған екі сырға, тізбектегі кулон және екі сақина көзге түседі. Бұл бағалардың өзі қосымша құн салығынсыз көрсетілгенін және аукцион арқылы сатылатынын ескерер болсақ, ерекше зергерлік бұйымдарды сатып алу қарапайым халыққа арман ғана секілді. Сонымен қатар аукциондағы жылжымайтын мүліктердің құны да бас айналдырады. Мәселен, елордадағы «Думан» қонақүйінің жаңа қожайыны компанияның қолына 13 779 502 000 теңге сытырлатып санап беруге тиіс. Бұл санаттағы мүліктердің ең арзаны – 137 381 000 теңге тұрады.

 

Әлем елдерінің әдіс-тәсілі әртүрлі

Қараша халықтың үлесіне қол салғандардан қайтарылған активтерді сату мен басқару – әлем елдеріне ортақ тәжірибе. Дегенмен активтерді тәркілеу үшін қылмыстық жауапкершіліктің нақты дәлелі болмаса да, қыл­мыс­тық жолмен алынған деп күдік­телетін мүліктер де тәркіленетін мемлекеттер бар. Айталық, АҚШ-та заңсыз активтерді қайтару үде­рісі ашық түрде өтеді, ал қоғам өкілдері қайтарылған қар­жы­ның бөлінуін бақылауға қа­тыса­ды. Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде активтер­ді қайтару мен тәркілеуге арнал­ған заңдар ұйымдасқан қыл­мысқа қарсы қатаң шаралармен толықтырылған. Әсіресе актив­тердің көзін ашу, мүліктің заң­дылығын тексеру және қаржы­лық бақылауды күшейту – басты на­зарда. Сингапурда тәркіленген ак­тивтерді қайтару кезінде алынған қаражат жеке шоттарда сақталып, оның жұмсалуы туралы толық есеп беріледі. Италияда жылжымайтын мүліктер әлеуметтік немесе мемлекеттік мақсаттар­да қолданылады. Олар көбіне жергі­лікті қауымдастықтарға, қайы­рымдылық ұйымдарына немесе коммерциялық емес ұйымдарға тегін беріледі. Ал АҚШ және Еуропа елдерінде сатылым немесе басқару үдерістері ашық түрде жүреді. Көптеген елде бұл үшін онлайн платформалар қол­данылады, онда активтердің сипаттамасы мен сатылым барысы, кімдер сатып алғаны көрсетілуге тиіс. Кейбір елдер активтерді сатудан бірден бас тартып, жалға береді. Мысалы, Италияда мемлекетке өткен бизнес активтерін жалға алу үшін мемлекеттік немесе жекеменшік кәсіпорындар келісімшартқа отыра алады. Егер актив экономикалық тиімді болмаса, оны сатуға шешім қабыл-
данады.

Сингапурда Активтерді өндіріп алудың ұлттық стратегиясы жұмыс істейді. Бұған сәйкес, қазынаға қол салғандардан жәбірленушілерге өтемақы төлете отырып, мүлкі тәркіленеді. Жапонияда қалпына келтірілген мүлікті Мемлекеттік прокуратура немесе басқа сот органдары сияқты арнайы органдар ғана басқарады. Бұл елде де аукциондардан түскен қаражат жәбірленушілерге беріледі немесе мемлекеттік қазынаға түседі. Бірқатар дамыған елде заңсыз әрекеттерден қалпына келтірілген қымбат көліктер мен құнды заттар мемлекеттік пайдалануға тікелей тегін берілмейді. Айталық, қымбат көліктер көбіне ашық аукциондарда сатылады. Одан түскен қаражат мемлекеттік мекеме үшін қосымша қаржы ретінде бағытталады. Өйткені бұл әдіс мемлекет үшін техникалық қызмет көрсетудің жоғары шығындарын болдырмауға бағытталатын кө­рінеді. Десе де тәркіленген мүлік арнайы мақсаттарға сай болса, мемлекеттік қолданысқа беріледі. Оның өзінде құқық қорғау немесе қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскери мақсатқа пайдалануға болатын техникалар мемлекеттік органдарға қайта тағайындалуы мүмкін. Мысалы, өнімділігі жоғары сәнді спорттық көліктер де Италия мен Дубай сияқты елдердегі полиция күштері үшін қайта тағайындалуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.