Фото: Ақорда
«Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді», деп жазды Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылайтын да атап өтті.
«Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз», деп жазды Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын еске салды.
«Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ. Алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді деп сенемін», деп түйіндеді ел Президенті.