Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қыдырбек Қорғанбекұлына арналған «Қалдырғаным» атты еске алу кеші өтті. Тәрбие тұнығына суарылған кеште руханият хақындағы ой-толғамдар, қоғамдағы әкенің орны мен отбасы рөлі, белгілі ғалым туралы пікірлер айтылды. Жиында көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин келген жұртқа алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
– Қыдырбек Қорғанбекұлы әуелі әдебиетті таңдады, ақындықты игерді, айтысқа түсіп, мектеп жасынан тілге, әдебиетке сергек қарайтын намысшыл оқушылардың бірі болды. Өсе келе, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдың адамтану, дінтану кеңістігіне бойлап, исламның құдіретін, адамзат тарихындағы орны жөніндегі дәйекті пікірлерін жазып жүріп, оны ғылыми тақырыпқа айналдырып, диссертация қорғап шықты. Абайдың, адамзаттың жан дүниесін ғаламдық жаратылыстағы тұғырын ашуда Абайдың қарасөздері мен Құранды, хакім поэзиясы мен пайғамбарымыздың хадистерін шендестіре отырып зерттеп өзінің абайтану әлемін жасады,– деді Нұрлан Мырқасымұлы.
Сонымен қатар ақын, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы студенттік шақтан таныған қаламгер туралы ойымен бөлісті.
– Қыдырбекпен ҚазМУ-дың филология факультетінде бір топта оқыдық. Топтың старостасы еді. Үнемі жымиып жүретін ұзын бойлы, көркем мінезді сары жігіт кез келген адаммен тез тіл табысатын. Жиын-тойларда Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын» нақышына келтіріп орындаушы еді. Маған әлі күнге дейін «Қалдырғанды» дәл ол секілді ешкім айта алмайтын секілді көрінеді, – деді ақын.
Кеште Қыдырбек Қорғанбекұлының өмір жолы туралы деректі фильм көрсетіліп, келген көпшілік қауым өнегелі ғұмыр иесін тереңірек тани түсті.