Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Павлодар қаласындағы барлық көшенің жалпы ұзындығы 447 шақырымдай. Қыс мезгілінде көше тазалығына 250 бірлік техника мен 300 адам жұмылдырылады. Көшелерді күтіп ұстауға «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС мен «Холдинг-Трансс-Павлодар» ЖШС жауапты. Кәсіпорындардың мәліметінше, қыс мезгілінде күн сайын 250 бірлік техниканы тарта отырып 300-ге жуық жұмысшы Павлодар қаласының көшелерінен қар жинауға шығады.
– Қарды шығару екінші дәрежелі көшелерге, жеке секторға өту арқылы қаланың барлық орталық магистралдарында, сондай-ақ айналма жолдарда, жол өткелдерінде, айрықтарда, қоғамдық автокөліктердің қозғалысын қиындататын жерлерде үнемі жүргізіледі. Қала көшелеріне көктайғаққа қарсы материал (құм) себу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Қыс маусымына барлығы 28 мың тонна құм дайындалды, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Шаһардан шығарылатын қар Успен автожолына жақын орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағындағы арнайы бөлінген алаңдарға төгіледі. Оны есепке алу тұрмыстық қалдықтар полигонының тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметі арқылы жүзеге асырылып отыр.
Ал Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков биыл қыста ерекше қауіпті аумақтарда құммен қатар, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, өзін жақсы көрсеткен жаңа реагент қолданылатынынын жеткізді.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қыс мезгілінде қаланы тазарту жұмыстарын ұйымдастыру үдерісін қайта қарады. Бұған дейінгі жылдары алдымен магистралды көшелер тазартылып, содан кейін жаяу жүргіншілер жолағы мен аулаларға апаратын жолдар тазаланатын еді. Ендігі мақсат – қаланың барлық аумағында жолдарды, жаяу жүргіншілер жолақтарын, аулаларды тазарту жұмыстарын бір уақытта жүргізу. Ол үшін барлық техника мен адам ресурстарын біркелкі үйлестіру қажет. Әрбір учаске үшін қарамағымдағы жауапты қызметкерлер бекітілді. Олар қар тазалау сапасына жеке жауап береді. Қысқы уақытта павлодарлықтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін мердігерлердің жұмысын тұрақты түрде тексеріп отырамын, – дейді ол.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар жаяу жүргіншілер жолына себілетін құм аяққа жабысып, тіпті жылымық күндері батпаққа айналып кететініне наразылық танытқан. Қала әкімдігіндегілер қазіргі уақытта бағасы мен сапасы жағынан құмға лайықты балама жоқ деп отыр.
«Көпшілік «Неліктен құмның орнына тұз себілмейді?» деп жазып жатады. Себебі тұзды қолдануға болмайды. Жолға шашылған тұздың көп бөлігі топыраққа түседі. Ал ол жасыл желектерге кері әсерін тигізеді. Құм минус 10 градусқа дейінгі температурада қардың «қатып қалуына» жол бермейді. Бұл асфальтты арнайы техникамен тазалауды жеңілдетеді. Аязды күндер келіп, қар құрғақ бола бастағанда, ақ ұлпаны қосымша материалдарды қолданбай-ақ тазалауға болады. Сол кезде жолдарға құм себуді тоқтатамыз», дейді Х.Хабылбеков.
ПАВЛОДАР