Талбесік • Кеше

Ертегі құсы елде жүр...

38 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есіңізде ме, ертегідегі Ер Төстіктің бала күнгі ерлігі құс аулаудан басталатыны? Құстың аты – тарғақ. Жақында ертегіні қайыра парақтап отырып, бұрын аңдамай аттап өткен құс жайына қайта үңілдім. Көбіміз мұны ертегіде ғана кездесетін мифтік құс деп ұғыппыз. Оның себебі – тарғақтардың көзден бұл-бұл ұшуы екен...

Ертегі құсы елде жүр...

«Қазақстан құстары» атты далалық анықтамалық кітапта: «Тарғақ – Сһеttusia gregaria – Sociable Lapwing – Кречетка. Степная пигалица. Vanellus gregarius. Түршесі болмайды. Ұялайтын сирек жыл құсы. Дене ұзындығы 27-30 см, қанат құлашы 65-770 см, салмағы 170-270 г», деп жазылыпты.

Тарғақтардың дауысы «кре-кре, креч, кэрго» деп естіледі екен. Осыған қарап шетелдік ор­нитолог ғалымдар gregaria немесе кречетка деп атаған тәрізді. Тарғақ – орташа пішінді дала балшықшысы. Қазақстан мен Ресейдің эндемик құсы. Таралу аумағының негізгі бөлігі біздің елге тиесілі. Мәселен, Қамыс-Самар, Индер көліне, Ембідегі Темір өзенінің сағасына, Арал теңізінің солтүстік жағалауы­на, Атасу өзенінің жоғары ағысы­на дейін таралған. Олар өсімдігі аз сортаң жерлерде, құрғақ саз­ды жусанды далаларда, бетегелі, ақ­се­леулі шөлдерде мекендейді екен.

ва

СУРЕТТЕ: 2024 жылғы мамыр-шілде айларында бақылау жүр­гізілген аумақтың карта-схемасы (АСБК)

Елімізде биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) құрылғаннан кейін, 2004 жылы «Тарғақ» ғылыми-зерттеу және қорғау жобасы аясында тар­ғақ­тарды зерттеу қолға алынып­ты. Қазір бұл құсты жан-жақты, тыңғылықты зерттеп жүрген бірден-бір ғалым-маман – Руслан Оразалиев.

«Тарғақ – қызғыш құстың бір туысы. Күзде жылы жаққа (Таяу Шығыс жаққа – Б.Қ.) ұшып кетеді де, наурызда оралады. Ұясын жерге, шұңқырға салады. Сәуірде жұмыртқалайды. Төрт шұбар жұмыртқаны аталығы мен аналығы кезектесіп басып, үш аптадан кейін балапан шығарады. Олар бір айдан кейін ұясын тас­тап кете береді. Балапандары ересектері сияқты жәндіктер­мен, шегіртке, қоңыз тәрізді ауыл шаруашылығы зиянкестерімен қоректенеді», дейді орнитолог.

Маманның айтуынша, бұдан 20-30 жыл бұрын оны кездесті­ру қалыпты жағдай болса, қазір қатары сиреген.

«2004 жылдан бастап бұл түр Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN Қызыл кітабы) қызыл тізіміне (CR) енгізілді. Бұл жойылу қаупі жоғары деген санат. Осыған орай біздің елде де Қызыл кітапқа енгізілді. 2002 жылы елімізде шамамен 520 жұп ұя салған, қазір жалпы саны 11 200 шамасында. Бірақ бұл нақты саны емес, әлі де зерттеу жүргізіп жатырмыз», дейді Р.Оразалиев.

Биоалуантүрлілікті сақтау қа­­уымдастығының мәліметін­­ше, 2024 жылы 28 тамызда Өз­бек­стан елінен бірінші тарғақтар тобы (2 мыңға жуық) Талимар­жан көліне келіп қоныпты. Тали­маржан Өзбекстан мен Түрік­менстан арасындағы транс­ше­каралық аумақ, онда жыл сайын мыңдаған тарғақ қоныс ауда­ру жолында аялдайды екен. Ке­йі­нірек қыркүйек айының басында Талимаржанда тарғақ саны ­6 мыңға жеткен.

па

«Өзге елдегі серіктестермен ақпарат алмасу – құстардың кө­­шіп-қонуын бақылауға кө­мек. Сол себепті тарғақтарды жер­серіктік таңбалау жұмысы жалғасып жатыр. Осы жазда төрт тарғақ таңбаланды, біреуінен маусымдық қозғалыс туралы мәлімет 2022 жылдан бері түсіп тұрады. Тарғаққа таратқыш (сал­мағы 6 грамм) тағылғаннан кейін, құсты жай ұшырып жібереді де, құрылғы құстың анық орнын хабарлап тұрады», дейді АСБК мамандары.

Соңғы бір-екі айда жазда құ­рылғы орнатылып, таңбаланған аналық құсты бақылауда екен. Ол ұя басып, үш балапанынан аяққа тұрғызған. Сөйтіп, 11 қыркүйек күні кешке оңтүстікке қарай бет алыпты. Қазір бұл құс Оң­түстік Қазақстандағы Шардара суқоймасының жағалауында (Түркістан облысы) жүр.

Биоалуантүрлілікті сақтау қа­уымдастығының «Тарғақ» ғы­лыми-зерттеу және қор­ғау жо­басына аясында қауым­дас­­тық мамандары биыл да Ақмола, Қарағанды өңіріндегі та­рғақ­­тардың ұясына бақылау жүр­гізіпті.

«Бәрі көктемгі апатты су тас­қынынан басталып, тем­пе­­­ра­ту­раның ауытқуы, жауын-ша­шынның мол түсуімен жал­­ғасты. Мұн­дай құбылыстар жер­де ұялайтын құстардың маусымдық қоныс аударуына ғана емес, жақсы ұя салуына да әсер ете­ді. Біз тарғақ, басқа да дала құс­тарының (шалғын қарақасы, үл­кен шалшықшы, аққанат боз­тор­ғай, дала құла­дыны, саз жапа­лағы) ұя салатын жұп саны­ның айтарлықтай азайғанын бай­қадық. Бұл жолы тарғақтың он ұясын бақылау бұйырды, алты ұядан балапандар түлеп ұшты, нөсерлі жауыннан үшеуін су алды, біреуін жыртқыш бұзып кетті», дейді мамандар.

Биылғы орнитологиялық бақы­лаудың нәтижесіне сай мау­сым-шілде аралығында тарғақ­тардың ұялаған жеті негізгі жер­лері анықталған. Ол – Ақтөбе облысында Ембі өзенінің сағасы (KZ010), Қостанай облысында Қойбағар-Түнтүгір көлдер жү­йесі (KZ033), Аманқарағай орманы (KZ034), Тоунсор көлі (KZ037), Жарсор-Уркаш соры (KZ038), Науырзым қорығы (KZ040), Пав­лодар облысында Ертіс орманы (KZ105).

Сонымен қатар биыл 1-10 мау­сымы аралығында Ақтөбе облысы аумағы бақыланып, еш тарғақ кездеспеген, ал 30 мамыр мен 23 маусым ара­лығында Қостанай облысында жүргізілген бақылау­дың қоры­тындысына сәйкес, не­бәрі 25 тар­ғақ кездесіпті. 25 мау­сым мен 7 шілде арасында Павло­дар, Абай облыстарын бақылау ба­рысында Павлодарда жалғыз тарғақ жолыққан. Ал Абай об­лысында мүлде кездеспеген.

Тарғақтардың жанашыры Руслан Оразалиевтің құс­тар­­ды бақылау барысында тү­сірген фотосуреті мен қызы­ғы көп екен. Әзірге қызық деген екі мысалмен қайырайын. Тарғақ­тардың өжеттігі сонша, өзінен жүз есе үлкен өгізді де қорқытып, ұясына жолатпағанын көріп таңғалғанын жасырмады Руслан. Сондай-ақ ми қайнаған аптап ыстықта балапандарына көлеңке жасап, күннен қорғайды екен.

Қорыта айтқанда, қазір көп­теген жан-жануар халқымыздың ертегі, жыр, дастандарында ғана қалып барады. «Көзден кеткен соң көңілден кетедінің» кебін киіп отыр. Мысалы, біз айтып отырған ертегідегі тарғақ құсы елімізде бар екені, бірақ қатары сиреп бара жатқан құстардың бір түрі екені көбімізді толғандырмай­ды. Еліміздегі эндемиктердің қор­ғалуы да, насихатталуы да кемшін түсетіні қынжылтады.

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Береке белсендіге бітеді

Кәсіпкер • Бүгін, 09:30