Облыстық полиция департаментінің мамандары өңірде тіркелген әрбір төртінші қылмыстың алкогольді ішімдіктің салдарынан туындайтынын айтып отыр. Қостанай облысы бүгінде қылмыс деңгейі бойынша республика көлемінде екінші орында тұр. Қылмыс деңгейінің бұлайша асқынып кетуіне ішімдіктің де ықпалы мол. Мәселен, тәртіп сақшылары облыс аумағында 23 адам өлтіру, 86 денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысының алкоголизмнің салдарынан болғанын анықтап отыр. Бұдан тыс, ішімдіктің буымен 111 отбасылық-тұрмыстық қылмыс жасалған.
«Жыл басынан бергі 10 айдың ішінде қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе көпшілік ортада мас күйінде көзге түскен 15,5 мың адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 3 мыңнан астамы бұған дейін де дәл осындай тәртіп бұзушылық жасаған. Бұл тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, ішімдікке салыну сияқты күрделі мәселенің бар екенін аңғартады. Сондықтан бүгінде полиция бұрыннан тіркеуде тұрған ішімдікке үйір азаматтарға, қоғамдық тәртіп бұзушыларға, сондай-ақ өз отбасында жиі жанжал шығарып әдеттенген басбұзарларға бақылауды күшейтті. Бұл өңірде қылмыс деңгейінің төмендеуіне, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді», дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Қалай десек те, қазірше өңірде ішімдікке әуес тұрғындар азаймай тұр. Мысалы, Қостанайда полиция қызметкерлері күн сайын шамамен 50 адамды айықтырғышқа апарып жабады екен. Облыс бойынша жыл басынан бері 22,5 мың мас адам айықтырғышқа жеткізіліп, оның 20,5 мыңы сол жерде түнеп шыққан.
Қоғамдық дертке қарсы күрес барысында полиция бірсыпыра азаматтың ішімдік ішуіне сот күшімен тыйым салуға дейін барып жатыр. Сот үкіміне іліккен азаматтарға, тіпті, өз үйінде отырса да алкогольді сусын ішуге болмайды. Статистикаға сенсек, бүгінде өңірде сот арқылы ішімдік пайдалануға тыйым салынған 3 мыңнан аса адам полиция есебінде тұр. Алайда құлқынға құл болған 3,5 мыңға жуық адам сот шешімін бұзғаны үшін 10 тәулік мерзімге отырып шыққан. Бұл аз болғандай, жыл басынан бері шамамен 500-ге жуық адам бірнеше рет әкімшілік қамауға алынған. Мысалы, Жітіқара қаласының тұрғыны биыл әзәзіл сусынның кесірінен 14 мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 295 тәулігін, яғни біржылдық ғұмырының 80,8 пайызын әкімшілік қамауда өткізген. Биыл полицейлер аузы құрғамай ішуді әдет еткен 292 адамды мәжбүрлі емдеу мекемелеріне орналастырған.
Полиция спирт сусындарын сататын сауда орындарын да қатаң бақылауға алуға мәжбүр болып отыр. Өңірде мұндай 5 мыңнан аса сауда нысаны бар. Биыл спирт өнімдерін сату кезінде заң ережелерін бұзған 260 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 153 кәсіпкердің лицензиясы тоқтатылған. 9 кәсіпкер ішімдік сату құқынан біржола айырылып отыр. Соған қарамастан, заңсыз алкоголь өнімдерін сату толастамай тұрғаны алаңдатады.
Өңірде алкоголизм мен соған байланысты құқық бұзушылыққа қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында биылғы қыркүйек айында «Мәдени қоғам» атты жоба іске қосылған. Аталған жоба 2025 жылға дейін жалғасады. Жоба аясында алкоголь өнімдерін сатуға қойылатын талаптарды қатайту, сондай-ақ алкоголизм дертіне ұшыраған азаматтарға арналған инфрақұрылымды кеңейту жоспарланып отыр. Мысалы, 25 төсек-орны бар Қостанайдағы «Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы» 100 орынға дейін кеңейтіледі.
Сонымен қатар аудан орталықтарында да осындай орталықтарды ашу көзделіп отыр. Мәселен, таяуда ғана Тобыл қаласында алкоголизм дертіне шалдыққандарды уақытша бейімдеу және оларға дәрігерлік көмек көрсететін 10 орындық орталық ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтар Лисаков, Жітіқара, Қарабалық аудандарында ашылмақ. «Мәдени қоғам» жобасы аясында Қостанайда және облыстың 73 ауылдық округінде медициналық куәландыру пукттері іске қосылды.
Облыстық полиция департаменті келешекте Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен фельдшерлік акушерлік пункттері бар аудандар мен ауылдық округтерде сараптама жүргізуге рұқсат беретін сертификатқа ие медицина қызметкерлерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ішімдікке шектен тыс үйір боп алған адамдардың бетін бері бұрып, дұрыс жолға түсуіне ықпал ету ісіне әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық комиссияларға мүше, ауыл-аймаққа сыйлы, беделді ақсақалдар да тартылмақ.
Қостанай облысы