Шахмат • Кеше

Аланна – әлем чемпионы

24 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Италияның Монтесильвано қаласында шахматтан кадеттер арасындағы (U8-U12) әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста еліміздің құрамасы толайым табысқа қол жеткізді.

Аланна – әлем чемпионы

10 жасқа дейінгі ойыншылар арасында Аланна Берікқызы асқан шеберлігімен тәнті етті. 100 үміткердің арасынан суырылып шыққан қазақ қызы алтыннан алқа тақты. Жарыс барысында ол 11 турдан кейін 9,5 ұпай жинады. Сөйтіп, Аланна өзінің басты қарсыластары – америкалық Эйми Янг (9 ұпай) пен моңғолиялық Идер Цел­муунді (8,5 ұпай) артқа тастады. Былтыр ол 9 жасқа дейінгі шахматшылардың сайысында топ жарған еді. Міне, енді Берікқызы екі дүркін әлем чемпионы атанып отыр.

12 жасқа дейінгі ұлдар арасында Марк Смирновқа тең келер ешкім табылмады. 11 турдан кейін 10 ұпайды қоржынға салған отандасымыз бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл санаттағы 150 ойыншының арасынан польшалық Антоний Радзимский мен франциялық Давид Ласан Рус екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Екеуі де 8,5 ұпайдан жиды. Дәл осы жастағы қыздар арасында Хан­зада Аманжол қытайлық Сюэ Тянь­хаомен бірдей нәтиже көрсетті. Екеуінде де – 9 ұпай. Бірақ қосымша көрсеткіштер бойын­ша Сюэнің бағы жанып, біздің Ханзада күміс медальды қанағат тұтты. Қола жүлдені вьетнамдық Тонг Тхай Хоанг Ан (9 ұпай) иеленді.

Италияда өткен жарыста барлығы 77 мемлекеттен келген 710 шахматшы бақ сынады. Солардың арасынан еліміздің құрамасы (2 алтын, 1 күміс) бар­лығынан озып, жалпыкоман­далық есепте бірінші орынды олжалады. Қытай (2 алтын, 1 қола) екінші орын алса, Үндістан (1 алтын, 1 қола) үшінші сатыға жайғасты.