Университет • Кеше

«Күміс университеттің» берері көп

58 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әрдайым өзгеріп отыратын заман ағымы бізден үнемі оқуды, ізденуді, ­дамуды талап етеді. Мысалы, адамның 20 жасында университетте алған білімі 30 жыл өткенде сөзсіз ескіріп қалады. Ал 50-ден енді ғана асқан жан берісі зейнет жасына жету үшін, әрісі күш-қуаты сарқылғанша қоғамнан алыстамай, кәсіби тұрғыда сұраныста болу үшін үздіксіз өзін жетілдіруге талпынады. Осындай талапшыл егде жастан асқандарға күміс университетте оқуға болады.

«Күміс университеттің» берері көп

Бағдарлама не береді?

«Күміс университет» – 50 жастан асқан жандарға екінші мамандық алуға ­кө­мек­тесетін халықаралық қозғалыс. Мұн­дай модель негізінен Франция, Англия, Қытай, Жапония сияқты елдерде 60 жылдан аса уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. Қазақстан университеттері «lifelong learning» тұжырымдамасы шеңберінде 2022 жылдан бастап «Күміс білім беру» бағдарламаларын іске асырып жатыр. Бұл жоба Үздіксіз білім беру және жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.

Білім жетілдіру бағытындағы аталған жоба егде жастағы ел азаматтарына әртүрлі білім бағдарламалары бойынша оқып, дамуына, жоғары оқу орнында өзін қайтадан студент сезініп, ізденуіне, кәсіби дамуына жол ашуды көздейді. «Күміс университеті» қызметінің мақса­ты аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, сондай-ақ тұрмыстық, кәсіптік, жартылай кәсіби және әуесқойлық дағдылар­ды меңгеру курстарын ұйымдастыру арқылы білім деңгейін ғылым мен технология қарыштап дамыған кезеңге сай жетілдіруге бағытталған. Бірақ оқып шыққан тыңдаушыларды жоба бо­йынша жұмысқа орналастыру қарас­тырылмайды.

Ғылым және жоғары білім министр­лі­гінің таратқан ақпаратына сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «Күміс университет» жобасымен еліміз­дің 39 жоғары оқу орнында (ЖОО) 1783 адам 308 білім бағдарламасы бойынша оқып жатыр.

Бұл жоба білім бағдарламаларының келесі бағыттарын ұсынады: компьютерлік сауаттылық; мемлекеттік қызметтерді алу дағдылары; қаржылық сауаттылық; тілдік курстар; тарих; психология негіздері және т.б. Әр жоғары оқу орнында курстардың тізімі өңірдің қажеттілігіне қарай жасалады. Білім бағдарламаларының тізбесімен әрбір тілек білдіруші осы бағдарламалар бойынша оқытуды ұсынатын ЖОО-ға тікелей хабарласып таныса алады. Бір тыңдаушыға бірнеше курсқа қатар жазылуға болады. Оқуды сәтті аяқ­та­ған­нан кейін курстан өткендерге тиісті бағыт бойынша оқығаны туралы сертификат беріледі.

 

Оқыту талаптары қандай?

«Күміс университетте» оқу жылының басталуын академиялық кезеңге сәйкес сабақтың ұзақтығы аптасына 2-3 реттік жиілікпен бір академиялық сағатта, курс тобындағы тыңдаушылар санын 10 адамнан асырмай белгілеу ұсынылады.

Аталған жоба ЖОО-да келесі шаралар арқылы жүзеге асырылады: ауди­то­риялық қорды бекіту, оқытудың ақпа­раттық жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету; ұсынылатын білімнің сапасына, оқытушылық қызметтегі инновациялық тәсілдерге баса назар аудара отырып, оқу сабақтары мен тренингтерді жүргізетін оқытушылар үшін сыйақы мен көтермелеудің тұрақты жүйесін құру; білім беру мүмкіндіктері туралы тыңдаушылардың назарын ауда­руға, хабардар етуге бағытталған ақпа­рат­тық қолдау көрсету, маркетингтік іс-шаралар өткізу.

Еліміздің ЖОО академиялық еркіндік қағидасымен жұмыс істейді, яғни университеттер оқыту үдерісі шеңберінде өз бетінше шешім қабылдауға құқылы. Осыған байланысты ЖОО ішкі норма­тив­тік актілер мен ережелерге сәйкес тұрақты тұр­ғылықты жері жоқ тыңдаушыларды қа­былдау мәселесін өз мүмкіндігіне қа­рай өзі шешеді. Бұл ретте мұндай тың­дау­шыларды қабылдау туралы шешім ЖОО-ның жалпы миссиясына сәйкес келуге, сондай-ақ инклюзивті білім ортасын құру­ға және халықтың әлеуметтік осал санат­тарын қолдауға ықпал етуге тиіс екенін ескеру маңызды.

 

Зейнеттегі тыңдаушылар

 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы уни­вер­ситетінде «Күміс университет» жобасы аясында елуден асқан тыңдаушы тегін курстан өтіп жатыр. Олардың қатарында 72 жастағы Сұлушаш Ташкенбаева да бар. «Ерте жастан бала­ларды дамыту» курсын оқып жүрген зейнеттегі студент 1 жастан бастап баланың сөйлеуі мен негізгі психикалық дағдыларын қарқынды дамыту жолдарын үйренеді.

Бұл туралы С.Ташкенбаева өз ойын: «Курс­тың немере, шөберелерді тәрбие­леуде біз үшін алатын орны ерекше бол­ды. Көріп жүргендеріңіздей, қазір бала­лардың сөйлеуі кеш дамиды. Олардың сөйлеуін жетілдіруді халық тәрбиесімен ұш­тастырып, халықаралық, әлемдік тәжі­рибелер арқылы жаңа ақпараттарды, тер­мин­дерді, инновациялық технология­ларды тиімді пайдалану жолдарымен та­ныстық. Англия, Италия, Франция, Жаңа Зеландия мемлекеттерінің білім жүйе­сін­дегі ерекшеліктерді интерактивті тақтаны пай­далану арқылы түсіндік», деп жеткізді.

72 жастағы тыңдаушы 1979 жы­лы­ қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситетін бітіріп, зейнетке дейін мұғалім болған. Төрт перзенттен 14 немере, 2 шөбере сүйіп отырған Сұлушаш әже өзінің педагогикалық білімі бола тұра, бұған қоса саналы ғұмырын арнаған мұғалімдік тәжірибесімен шек­теліп қалмай, жаңа жағдайда жаңа білім алып, ұрпақ тәрбиесіне дендемекші.

Ал 83 жастағы Зауза Молдабекова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Күміс университет» жоба­сымен 70-ке жуық егде жастағы тың­даушылардың бірі болып тегін бі­лім алды. Ол ағылшын тілі және цифр­­лық сауаттылық курсына қатысты. 83-тегі тыңдаушы курс туралы әлеумет­­тік желілердегі хабарламадан білген.

«Курс туралы хабарламаны оқығанда қатты қуандым. Бұл – бізге беріліп жатқан үлкен қолдау. Ақпараттық технологияларды меңгеру, тіл үйрену – заман талабы. Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін халықтың сауатты әрі ден­саулығының мықты болуы маңызды. Оқытушыларға ризамын, білмегенімізді үйретіп, түсіндіруден жалыққан емес. Сауаттылықтың өзі өзара сөйлескеннен, сұрап білгеннен басталады. Зейнетке шықсам да қоғамдық жұмыстарға араласуды тоқтатпадым. Қаламыздағы волон­терлік ұйымның мүшесімін. Қаланы абаттандыру, көшет отырғызу, тазалықты сақтау жұмыстарына атсалысамын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Мен айтпасам білгенімді. Сен жазбасаң көргеніңді, Ұрпағың қайдан білер өмір сүргеніңді» деген екен. Осы қағида менің өмірлік ұстанымыма айналған», дейді ол.

Зауза Молдабекова – 30 жыл бойы Ақтөбе облысы Темір ауданында дәрігер болып қызмет атқарған І дәрежелі терапевт, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған асыл әже. Бәрінен бұрын ол – өзінің ұрпағына үздіксіз ізденудің озық үлгісін көрсетіп отырған ізденімпаз жан.