Білім • Кеше

Білім көшбасшылары анықталды

45 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада болашақ мектеп басшылары анықталды. Бұл «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының нәтижесі бойынша белгілі болды. Ақтық кезеңнен сүрінбегендер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты берілгенін айғақтайтын сертификат иеленді. Мұндай мүмкіндік қатысушыларға мектеп директоры қызметіне конкурссыз қабылдануына жағдай жасайды.

Білім көшбасшылары анықталды

Оқу-ағарту ми­нис­тр­лігінің ха­бар­­­­­ла­уын­ша, Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен елімізде жаңа форматтағы көш­бас­шы­ларды ірік­теу мен кәсіби даярлау жөніндегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жо­ба­сы жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағ­дар­ламаға іріктеу бес ке­зеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде қатысушылар оқуға жіберіледі, үшін­ші кезеңде елдің жетек­ші мектептерін­де тағы­лым­дамадан өтеді, төртінші ке­зеңде қорытын­ды ба­ға­лауға қатысады. Ал соң­ғы бесінші кезеңде ми­нистрлік комиссия­сы­мен әңгімелесуден өте­ді. Бар­лық кезеңнің нәти­же­сі бойын­ша білім ұйым­дары басшыларының Рес­пуб­ликалық кадрлық ре­зерві жасақталады.

Кездесуде сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев резервке енген жо­ба қатысушыларының осы же­тіс­тігімен құт­тық­тап, өз ке­зегінде бас­шы­лық қыз­­мет­тегі тәжі­ри­бесімен бөлісті.

«Тарихты тұлғалар жа­сайды. Кейде көп адам жал­ғыз екенін алға тартып, көп іс тындыра алмайтынын айтып жатады. Шын мәнінде, бір адамның өзі кейде әлемді өзгерте алатындай күш­ке ие болуы мүмкін. Сон­дықтан қазір іріктеліп отырған болашақ мектеп басшыларына үлкен үміт артып, еліміздегі білім саласын жоғары дәрежеге көтеру жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін. Білім саласында көп реформаны бас­тан кештік. Сол жолда бір нәрсеге анық көз жеткіздік, біз білім саласындағы бас­шылардың кәсіби деңгейін өсірмей, білім сапасын көтере алмаймыз. Өз тәжірибемнен айтар болсам, бірінші басшы болу қашанда оңай емес. Мені 25 жыл бұрын ­5 жылда 13 адам ауысқан, бас­шы тұрақ­тамаған мек­­­тепке дирек­тор етіп қой­ды.­ Арыз жазып, шы­ға­рып тастайды, кей­бірі өзі кетеді. Мені де 3 ай­да кетеді деп ойлаған, бірақ сол жерде ешбір қыз­мет­керді шығармай, 3 жыл жұмыс істедім. Ең со­ңында жүрген мектеп бұ­рын­ғы мұғалімдерімен-ақ облыс­тағы алдыңғы оқу оша­ғы­ның біріне айналды. Бас­шы ұжымға ашық, барлық қыз­меткерге бірдей қа­райтын әділ әрі адал бол­ған кезде іс өрге басады», деді министр.

Жауапты министрлікке қа­расты Орта білім ко­ми­тетінің төрағасы Қаны­бек Жұ­машев осы жылы жо­ба­ның алғашқы кезеңіне 13 796 үміткер тіркелгенін, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 2,5 есе көп екенін жеткізді.

«Алғаш рет өткен жылы «Білім берудегі өзге­­ріс­тер­дің 1000 көш­басшысы» атты жаңа жоба қолға алынды. Бұл жоба Президенттік жас­тар кадр­лық резерві сияқты білім саласында кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған. Бұрын отан­дық білім жүйесінде мектеп басшыларын тағайын­дау конкурс ар­қылы және негізінен мамандардың бі­лік­тілігіне, еңбек өтіліне қарай ұйым­дастырылатын. Бірақ әлемдік тәжірибені зерттей келе озық елдердегі білім ұйымдарында басшыларды тағайындау арнайы дайындық кезеңдерінен өткеннен кейін ғана жүзеге асатынын білдік. Сондай нәтижелі үлгіні зерделеп, Оқу-ағарту министрлігі арнайы бағдарлама жасап, 4 сатыдан өтетін оқытуды ұйымдастырды. Былтыр жобаға 8 мыңнан аса мектеп директорларының орынбасары қатысып, 4 сатылы оқытудан өтіп, ең соңғы кадр­­лық резервке 207 адам енді. Яғни бұл оқудың оңай емесін, талаптың жоғары екенін көрсетеді. Сол былтыр резервке енгізілген 207 маманның 170-і бүгінде мектеп директорлығына конкурссыз тағайындалды әрі оларға «жоғары дең­гей­дегі басшы» деген білік­тілік санаты беріліп, соған сай жалақысы 2 есеге дейін өседі. Жобаның негізгі мақсаты – басқару жүйесін күшейту, сол арқылы білім сапасын арттыру. Биыл «Білім беру­дегі өзгерістердің 1000 көш­басшысы» өз жалғасын тапты. Осы жолы 13 мыңнан аса адам қатысып, 4 сатылы оқудан өтіп, соңғы серти­фикат тапсыру рәсіміне 376 адам ғана жетті. Жо­ба­ның былтырғыдан айыр­ма­шылығы – биыл мектеп директорлығынан үміт­ті басшы орынбасар­ларын ғана емес, қа­тар­дағы педагогтерді де қа­тыс­тырдық. Өйткені қара­пайым мұғалім де қабілеті жет­се, басшы бола алады», дей­ді комитет төр­аға­сы Қ.Жұмашев.

Министрліктің дере­гіне сүйенсек, барлық бес ке­зең­нің қорытындысы бо­йынша республикалық кадр резервіне өткен, яғни ба­ла­бақшалар, мектептер мен колледждердің бас­­шылары лауазымдары­на ұсынылған 376 ка­н­ди­даттың 11-і мектепке де­йін­гі ұйымдардың, 316-сы орта білім беру ұйым­­да­рының, 49-ы тех­ни­ка­лық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қыз­меткерлері. Оқудан, та­ғылымдамадан және әң­гі­мелесуден өткен үміт­кер­лерге сертификат бері­леді. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орна­ла­су үшін олар кадр резервіне алынады. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурс­тық рәсімдерден өтпей тағайындалады.