Балалық шағы қиын-қыстау жағдайда өткен Айтмұхамед Абдоллаұлы 17 жасында өзі сұранып Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Сталинградтан Берлинге дейінгі майдан даласынан өтіп, Жапон соғысынан кейін аман-есен ел-жұртымен қауышады. Ұлытау өлкесінде туып-өскен ғалымның болашағы бала жастан болжанып қойғандай әсер қалдырады. Болашақ ғалымның барар жері, басар тауы үлкен ғылым жолы екеніне ғалымның геология саласын дамытудағы кешенді еңбектері дәлел.
Еңбек жолын Шымкент облысы Бостандық аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан бастаған Айтмұхамед Абдоллаұлының ел қорғаған батыр, аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының ұрпағы болғаны қызметіне кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Қызметтен шеттетіліп, әділеттен айнымаған басшы ретінде тағдырдың бұл сынағын да қасқайып тұрып қарсы алады. «Әкем өзінің шығу тегі, ата-бабасы – Ерден батыр туралы сирек айтатын. Академик Әлкей Марғұлан Ресей мұрағатынан бабамыздың суретін әкеліп берген еді. Сол сурет әкемнің мұрағатында мұқият сақтаулы тұр. Мен ес білгелі әкем экспедицияларда жүрді. Оны үнемі ізденісте, жұмыс барысынан, жұмыс үстелінен көретін едік. Еліміздің геология саласын зерттеу үшін дала жұмыстарымен айналысты. Жиырма жылдан астам уақыт институтты басқарды. Салада іргелі зерттеулердің жалғасатындығына, ғылым, білімнің болашағына зор сеніммен қарады», дейді Абдулин атындағы қордың жетекшісі, ғалымның қызы Дина Айтмұхамедқызы.
Абдулиндер оттбасындағы қиын жылдарды еске алып, осынау ауыртпалықтарға қарамастан, әкесінің ғылым жолынан таймай, табандылықпен зор жетістікке жеткенін еске алған ғалымның қызы Сәуле Айтмұхамедқызы ерте көктемнен бастап күздің соңына дейін экспедицияда жүретін, қыс бойы жиған-тергенін қағазға түсірумен айналысатын ғалымның артында ғылыми ортаға азық болатын құнды дүниелер қалғанын айтады. «Ауқаттанатын, мен сабағымды оқитын үйіміздегі жалғыз үстел әкеме тимегендіктен, ол үнемі кітапханаға баратын. Уақытының тапшылығына қарамастан, балаларының көңілін табуға тырысты. Ол аса мейірімді, айналасына қамқорлық жасап жүретін тұлға ретінде білімге, ғылымға деген құштарлық үлгісін біздің де бойымызға дарытып кетті», дейді ол. Ғалымның немересі Диляра Вудворд та бүгінде ғылым жолында. Ол кандидаттық диссертациясын қорғап, шетел университетінде жұмыс істеп жүр.
Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің геология факультетіне оқуға түсіп, геология саласына маманданған ғалымның еңбек жолы оның өмірінің шешуші кезеңіне айналды. Осы жылдарда республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Геология институтының директоры Қ.Сәтбаев бастаған ғалымдар тобымен қоян-қолтық жұмыс істеп, ғылымның нағыз қайнаған ортасына түсті.
Ғылыми қызметін Орталық Қазақстанның алтын-күмісті-турмалин өндіру орнын зерттеуден бастаған академик А.Абдулин кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 1975 жылы Самарқан күміс-алтынды молибденді өндіріс орнының ашылуына себепші болды.
Геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Нәсіпқали Сейітов өз естелігінде: «Айтмұхамед Абдулин – академик Қаныш Имантайұлының ісін және өсиетін жалғастырушы дарындылардың бірі. Ол 20 жылдан астам уақыт Қазақ КСР ҒА Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының – Қазақстан геология ғылымдарының орталық штабын басқарды. Республиканың негізгі тау-кен рудасы мен мұнайлы-газды аудандарында геология-геофизика металлогениялық зерттеулері тікелей А.Абдулиннің басшылығымен өтті», деп еске ала отырып, Оңтүстік Каролина мен Юта университеті Жер және ресурстар ғылымы институтының директоры Х.Кейнс мырзаның еңбегіндегі мына бір жолдарға зер салады: «Академик А.Абдулин – өзінің ойлаған ісін болжай алып және іске асыра алатын сирек кездесетін адамдардың бірі. 80-жылдардың аяғында бірінші рет кездескенімізде, оны Қазақ КСР ҒА Геология ғылымдары институтын Батыстың аналитика коммуникациялық қызметінің көшіне ілестіру қамы толғандыратынын байқадық. Осы мақсатта институт қызметкерлерінің еркін идеяларымен тәжірибе алмасып, оны АҚШ Жер және ресурстарының ғылымы институтымен жүзеге асыруға ниетін білдірді. Ол жас дарындыларды, аға буын ғалымдарды шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге үндеді», деген америкалық профессордың сөзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.
Академик А.Абдулиннің еліміз ғана емес, Еуразия геологиясының дамуына қосқан үлесі қомақты. Орал, Тянь-Шань және Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдарын зерттеуі пайдалы қазбалар кен орындарын іздеуде жаңа кезеңге жол ашты.
«Айтжан ағаның отандық геология ғылымына қосқан үлесіне келетін болсақ, ол – өз алдына бір әлем. Академик Абдулиннің кең-байтақ елімізде зерттемеген жері қалмады. Орталық Қазақстанда, еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік аймақтарында геологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Орталық Қазақстанда Самара алтын-мыс-молибден рудаларының ірі кен орнын алғашқылардың бірі болып ашты. Мұғалжар жотасы өңіріндегі кешенді кен орындарын зерттеп, ғылыми тұрғыдан сараптау нәтижесінде аймақтың болашағы айқындалды. Өңірдің геологиялық, палеотектоникалық, геодинамикалық және минерагениялық карталарын жасаған академик А.Абдулин металлогениялық талдау жасау тәсілімен Орал, Тянь-Шань және Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдарының өзара байланысын зерттеді. Ғалымның әмбебап зерттеулері арқылы Қазақстанның маңызды тау-кен аймақтары анықталды. Арал – Торғай аймағына тиесілі жер қойнауы құрылысының рифтогендік моделін жасау арқылы Оңтүстік-Торғай мұнайлы-газды алабы және ірі Құмкөл, Арысқұм, Нұралы, басқа мұнай-газ кен орындары ашылуы ел экономикасында айрықша рөлге ие. Ғалым өзге авторлармен бірлесіп, КСРО-ның докембрийлік және метаморфтық белдеулері картасын жасады. Бүгінде Құмкөл мұнай-газ өндіріс орны Қызылорда облысының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ғалымның кешенді зерттеулерінің нәтижесінде аймақтық геология бойынша ауқымды материалдардың синтезі жер қыртысының тереңдегі құрылысын айқындап беруге мүмкіндік берді. Осы ізденістер Қ.Сәтбаевтың аймақтық металлогениялық түйіндеу идеясын жалғастыруға, жекелеген кен-рудалы аймақтарда әртүрлі пайдалы қазба орындарының келешегін айқындауға септігін тигізді», дейді академик Мұрат Жұрынов.
Сондай-ақ айтулы тұлға әлемге танымал ғалымдармен теориялық және аймақтық геология саласын дамытуға ықпал етті. А.Абдулин бастаған ғалымдар тобына «Мұғалжар жер қыртысын кешенді зерттеу мен Орталық Қазақстан және Тянь-Шаньның, Оралдың тектоникалық құрылымы байланысы мәселесі» жұмысы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
«Оның басты жетістігі – ғылыми мектебін қалыптастыра алғандығында. Бүгінде ғалымның шәкірттері – елімізге белгілі геологтер. Ол ғылыми кеңесті басқарған кезеңде институтта 30 докторлық, 100-ден астам кандидаттық диссертация қорғалды. Институттың 10 қызметкері КСРО мемлекеттік сыйлығының, 12-сі республикалық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Институт қоржыны «Мұғалжар геологиясы», «Орал, Тянь-Шань және Орталық Қазақстанның тектоникалық құрылымдарының артикуляциясы облысының тектоникасы», «Қазақстан геологиясы», «Қазақстан жер қыртысының геодинамикасы», «Қазақстан металлогениясы» секілді монографиялармен толықты. Сондай-ақ «Шу-Іле өңірінің геологиясы» алты томдық басылымы, «Қаратау геологиясы және металлогениясы» ІІ томдық басылымы, «Қазақстан металлогениясы» 11 томдық монографиясымен толықты», деп еске алады геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Герой Жолтаев.
Академик А.Абдулиннің 400-ге жуық ғылыми еңбегі бүгінде еліміздің геология саласындағы кең көлемдегі мазмұнды еңбектер қатарына кіреді.
А.Абдулин геология институтында лаборанттан институт директорына дейінгі қызмет сатысынан өтіп, осы кезеңде саланың өркендеуіне бар күш-жігерін арнады. Өмірінің соңына дейін институттың құрметті директоры болып құрметтелді.
Абдулин атындағы қор жетекшісі Дина Айтмұхамедқызының айтуынша, әкесінің әлі де талай томдарға арқау болар еңбегі бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстары жарыққа шығарып, қолдау тауып жатса, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде жеке кабинетін ұйымдастырмақшы. Жақында Ұлттық кітапханада «Қазақстан кітаптары» қызметінің ұйымдастыруымен академик Айтмұхамед Абдулиннің туғанына 100 жыл толуына орай «Геология саласының саңлағы» кі тап көрмесі өтті. Іс-шара академиктің геология саласындағы ауқымды жұмысының дәлелі ғана емес, өміршеңдігін айшықтап тұрғандай. Алдағы күндері ғалымның құрметіне орай өтетін іс-шаралар Геология институтында ғылыми конференциямен жалғасын табатын болады.
АЛМАТЫ