Қоғам • 29 Қараша, 2024

Жаңа Су кодексінде ресурстарды қорғауға басымдық беріледі - сарапшы

102 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су саласының сарапшысы Әмірхан Кеншімов жаңа Су кодексінің жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Су кодексінде ресурстарды қорғауға басымдық беріледі - сарапшы

Фото: Ведомство

Сарапшы 2003 жылы қабылданған, климаттық өзгерістер болып жатқан қазіргі заман сұранысына сәйкес келмейтін қолданыстағы Су кодексіне 20 жылда 272 өзгеріс енгізілгенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі кодекстің логикалық тұрғыда сәйкес келмейтін тұстары да бар.

«Жаңа редакцияда кодекс нормалары жүйеленіп, су ресурстарын үнемдеуге және оны қорғауға басымдық беріледі. Мәселен, бассейндік инспекцияларға мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар тергеу функциялары да беріліп отыр. Бұл суды заңсыз пайдаланушылармен күресті күшейтуге мүмкіндік береді», деді инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім еткендей, аталған ведомство әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Құжат климаттың өзгеруіне бейімделуге және су үнемдеу принциптерін енгізуге айрықша назар аударады. Алғаш рет су нысандарын сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайтын «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ шағын көлдерді, өзендерді, тоғандарды, мұздықтарды, сулы-батпақты аймақтарды қорғау жөнінде нормалар енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кодекс жобасына елді мекендер мен нысандарды тасқын және еріген қар суынан қорғау іс-шаралары енгізілді. Су ресурстарын басқарудағы үйлестіруді жақсарту үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттері айқындалды.