Фото: Ұлттық банк
Сонымен қатар елімізде жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті. Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына және теңгенің әлсіреуіне байланысты екені айтылды.
Ал жаһандық инфляция баяулап барады. Бұл дамыған экономикалардағы еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақтануы және неғұрлым баяу іскерлік белсенділікті қоса алғанда, сыртқы монетарлық талаптардың біртіндеп жеңілдеуіне әкеліп жатыр. Алайда сыртқы инфляциялық қысым соңғы айларда артып келе жатыр. Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі жоғары инфляция мен айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болған.
«2024 жылға болжанған инфляция 8-9%-ға дейін нақтыланды. 2025 жылға арналған болжам – 6,5-8,5%-ға дейін, 2026 жылға арналған болжам 5,5-7,5%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралды. Инфляцияның орнықты бөлігі 2026 жылы 5%-ға жақын қалыптасады. Жалпы инфляция 2027 жылы нысанаға жақын қалыптасады деп күтіледі. Алдағы жылдарға инфляция бойынша неғұрлым жоғары болжам фискалдық ынталандырудың кеңеюіне, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер (ТКҚ) реформаларының жалғасуына, айырбастау бағамының әлсіреуіне және сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты. Инфляция болжамының тәуекелдері ішкі сұраныс тарапынан қысымның өсуіне, сыртқы инфляцияның жеделдеуіне және инфляциялық күтулердің артуына байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру құралдарына қатысты белгісіздік сақталып отыр. Реттелетін бағалар мен тарифтердің одан әрі өсуі, оның қарқыны мен мерзімі де болжамның маңызды тәуекелі болып қалып отыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ 2024 жылға болжанған Қазақстан экономикасының өсуі 4-4,5% деңгейінде нақтыланды. 2025 және 2026 жылдарға арналған болжам тиісінше 4,5-5,5% және 4,6-5,6%-ға дейін қайта қаралды. Неғұрлым төмен болжамдар мұнайдың сценарийлік бағасының төмендеуіне және бірқалыпты сыртқы сұранысқа байланысты.
Ұлттық банктің бағалауы бойынша болжамды кезең ішінде экономика ішкі ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсетін сұраныстың кеңеюі жағдайында өседі. Бұл орнықты түрде проинфляциялық қысым көрсететін болады.
Қаржы және энергетика нарықтарындағы құбылмалылықты ескере отырып, Комитет инфляцияны орнықты баяулау траекториясына тезірек қайтару және 5%-дық таргетке жету үшін жақын арада шешім қабылдау кезінде ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін мұқият бақылайтын болады.