Саясат • 30 Қараша, 2024

Испания Корольдігінің орденімен марапатталды

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Фолиант» баспасы мен Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Ұлттық академиялық кітапханаға 1000 кітап сыйға тартты. Арасында қазақ классик жазушыларының шығармалары, әлем әдебиетінің озық туындылары, үздік шетел әдебиеті мен нон-фикшн жанрындағы кітаптармен қатар, балаларға арналған сан түрлі еңбек бар. Оның ішінде Испан елшілігі ұсынған испан тіліндегі бірқатар кітап қамтылған.

Испания Корольдігінің орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», деп атап өткендей, «Фолиант» баспасы да кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, осы салада белсенді еңбек етіп келе жат­қанын оқырман қауым жақсы біледі. Аталған іс-шара барысында Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Сәр­сенбіұлы Исабековке Испания Король­дігінің католиктік Изабелла орденін табыс етті. Католиктік Изабелла ордені – ғылым, мәдениет және білім сала­сындағы халықаралық деңгейде елеулі жетістіктерге қол жеткізген тұлғаларға берілетін жоғары марапаттың бірі. Бұл марапат – Нұрлан Исабековтің баспа саласына сіңірген еңбегінің халықаралық деңгейде бағалануы және Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды нығайтуға қос­қан үлесінің нәтижесі. Іс-шараны жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров жүргізді. Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы Төлен Әбдік: «Осыған дейін «Фолиант» баспасы шетелдік классикалық шығар­маларды аударып, баспадан шыға­рып, оқыр­манын тәнті етті. Енді бұл баспа қазақ әдебиетінің керемет шығар­маларын шетелге таныстырса деген ойдамыз» деген тілегін білдірді.

30 жылға жуық тарихы бар «Фо­лиант»  – еліміздегі көпсалалы же­тек­ші баспалардың бірі. Баспаның негізгі мақсаты – қазақ оқырмандарын әлемдік деңгейдегі әдебиетпен және отандық үздік шығармалармен таныстыру. Ал негізгі бағыттары айқын аталған бас­па қазақ және орыс тілде­рінде балалар әдебиеті мен көркем шығармалар шығару; әлем әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аудару; оқу орындарына арналған оқу­лықтарды басып шығару; әлемдік классика, заманауи проза, тарихи романдар және нон-фикшн жанрындағы кітаптарды ұсыну бойынша өнімді жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге жыл сайынғы «Astana Eurasian Book Fair» еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ұйымдастырушысы. Бұл – кітап оқу мәдениетін дамыту мен бас­па индустрия­сын қолдауға бағытталған еліміздегі ең ауқымды кітап жәрмеңкесі.