Жуырда ғана құрылса да, елішілік жарыста ұзақ жылдар бойы ешкімге дес бермей келген Алматының «Қайратын» тұғырдан тайдырған «Семей» УЕФА Чемпиондар лигасындағы тұсаукесер кездесуін Испанияның Пальма-де-Майорка қаласында жергілікті «Пальмаға» қарсы өткізді. Кейінгі екі маусымда қарт құрлықтың ең мәртебелі доп додасында қарсылас шақ келтірмеген Пиреней түбегі түлектеріне жерлестеріміздің әлі жетпеді. Бұл матч 1:4 есебімен аяқталды. Бәсеке барысында Игита есеп ашқанымен, көп кешікпей Фабиньо хет-трик жасаса, Мачадо тағы бір гол соқты. D тобында күш сынасып жатқан «Семей» енді Польшаның «Рекорд», Словакияның «Лученец» клубтарымен кездеседі.
Хорватияның Загребіндегі турнирді «Қайрат» сәтті бастады. Францияның «Этуаль» клубына қарсы ойынды өте ширақ бастаған алматылықтар көздеген мақсатына қол жеткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Біздің ойыншылар арасынан Денер Родриго, Эдсон, Занотто, Кевин Арриета мергендік танытты. В тобындағы «Қайрат» өзінің келесі кездесулерін Хорватияның қос ұжымы – «Олмиссум» мен «Динамо Загребке» қарсы өткізеді.
Осы командалар арасында өз тобында бірінші орын алғандар ғана жарыстың келесі кезеңіне шығады. Ал «Төрттік финалы» келесі жылғы мамырдың басында өтеді.