Жоғарыдағы жағдайдан құлағдар болған мезетте ұйымдастырушылар дереу Шавқат Рахмоновқа басқа қарсылас іздеуге кірісті. Олардың таңдауы Иэн Гэрриге түсті. Ол спортшы жайында біз не білеміз? Күні кеше ғана 27 жасқа толған Иэн Ирландияның шығысындағы Фингал өңірінде орналасқан Партмарнок деп аталатын шағын ғана елдімекенде дүниеге келді. Әу баста ол бокспен айналысты. Кезекті бір жарыста атышулы Конор Макгрегордың көзіне түсіп, UFC-дің экс-чемпионы жалынды жасқа ММА-мен айналысуға кеңес берді. Сол жоспарын жүзеге асыру жолында Гэрриге дзюдо мен грэпплингті меңгеруге тура келді.
Аралас жекпе-жектен кәсіпқойлар арасындағы өзінің тұсаукесер кездесуін Иэн Гэрри 2019 жылдың 16 ақпанында өткізді. Содан бергі бес жылдан аса уақыт аралығында 15 кездесу өткізген ол барлығында жеңіске жетті. Соның сегізінде қарсыластарын нокаутқа жіберсе, біреуінде «қылғындыру» тәсілін қолданды. Тағы жеті бәсекенің шешімін төрешілер шығарды. Гэрри әр жылдары Джеймс Шихан, Маттео Келья, Матеуш Фиглак, Джордж МакМанус, Лоуренс Трэйси, Ростем Акман, Джек Грант, Джордан Уильямс, Дэриан Уикс, Гейб Грин, Сун Кэнань, Дэниель Родригес, Нил Магни, Джефф Нил, Майкл Пэйдж сынды саңлақтарды сабады.
Иэннің бойы 191 сантиметр, жартылай орта салмақтағылардың арасындағы ең бойшаңы. UFC рейтингінде жетінші орында тұрған Ирландияның өкілі осы күнге дейін бұл артықшылығын өте ұтымды пайдаланып келген еді. Ал Шавқатпен қалай болатынын 7 желтоқсанда өтетін жарыста көреміз.
Лас-Вегастағы жарыста Шавқат Рахмонов пен Иэн Гэрриден бөлек, Алешандре Пантожа мен Кая Асакура, Александр Волков пен Сириль Ган Ник Диаз пен Висенте Луке, Мовсар Евлоев пен Алджамейн Стерлинг, Энтони Смит пен Доминик Рейес, Коди Дёрден пен Джошуа Ван, Майкл Кьеза пен Макс Гриффин, Брайан Баттл мен Рэнди Браун, Клэй Гуида мен Чейз Хупер, Талиссон Тейшейра мен Лукаш Бржески, Ризван Куниев пен Мартин Будай, Крис Уайдман мен Эрик Андерс арасындағы жекпе-жектерді тамашалаймыз.