ӨСКЕМЕН. 30 сәуір. Шығыс Қазақстанның Зырян ауданындағы бірқатар елді-мекендерге гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Зырян ауданына қарасты Зубовск, Малеевск, Путинцево, Парыгино, Баяновск, Быково және Снегирово ауылдары тасқын судан айтарлықтай зардап шекті. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен жағдайды бақылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Аймақ басшысының тапсырмасымен топ жетекшісі Димитрий Гариков су астында қалған елді-мекендерді тікұшақпен аралап көріп, барлық инженерлік құрылғыларды тексеріп шықты.
Димитрий Гариковтың айтуынша, аудандағы тоған өз міндетін атқарғанымен, ондағы жиналған су деңгейі қауіпті мөлшерден асып кеткен.
Бүгінде Зырян ауданында тұрғындарды көшіру және су басқан аймақты қалпына келтіру үшін 230 адам мен 50 техника жұмыс істеуде. Оларға жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр.
Айта кетейік, өңірде тасқыннан зардап шеккен аудан тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде 60 тоннадан астам тауарлар мен азық-түлік тиелген алғашқы автокеруен жөнелтілді. Автокеруенді жасақтауға Өскемен қаласы мен Күршім, Ұлан, Глубокое, Шемонайха, Катонқарағай аудандарының кәсіпкерлері белсенді көмектескен.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.