– Еліміз бұқаралық спортты қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Осы орайда, өзіңіз жетекшілік ететін қоғамдық қордың да спорт саласын дамытуға белсенді атсалысып жүргенінен хабардармыз. Әйтсе де қордың жұмысы туралы қайырымдылық қағидаты өз аузыңыздан естісек.
– Үкімет, жергілікті әкімдіктер қала, аудан орталықтарынан ірі спорт кешендерін салуға барынша мүдделі. Сол орталыққа жақын ауыл балалары заманға сай жабдықталған спорт кешенінде шынықсын дейді. Өте дұрыс, ұтымды шешім. Өкінішке қарай, осындайда аудан орталықтарынан біршама қашық жатқан шалғай ауылдар назардан тыс қалып қояды. Мұны жақсы білетін Арман мен Асыл Уахап есімді ағайынды жігіттер өз бастамаларымен қор ашып, қоғамдық жұмысқа кірісіп кетті. Олардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігіне, жанашырлығына тәнтімін. 2017 жылы Арман ауылды жерлерде үш спорт залының ашылуына ұйытқы болды. Оның бірі Жезқазғанда, өзі туған ауылдағы балалар үйінде ашылды. Көмекке жергілікті азаматтарды жұмылдырды. 2021 жылдан бастап мен де қор құрылтайшыларының қатарына қосылып, өзім туып өскен Семейдегі Жаңасемей ауданы, Қайнар ауылында спортзал ашуға себепші болдым. Әрине, жергілікті азаматтардың көмегі көп тиді. Содан 2021 жылға дейін атымтай жомарт азаматтардың ықпалымен бас-аяғы 13 ауылда жаттығу залын аштық. Араға жыл салып «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына жобамызды ұсындық. 2024 жылға дейін 100 спорт залын керек-жарақпен қамтып, пайдалануға беретін болдық. Яғни біздің міндетіміз – шалғай ауылдардағы спорт залдарын, кешендерін дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, грек-рим күресі, бокс, спорттың басқа да түрімен айналысуға таптырмайтын, сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.
– Қазірде қайырымдылықпен айналысып жүрген қорларға, жекелеген азаматтарға қатысты сын-пікір көп айтылады. Осы тұрғыда қоғамдық қор ашықтық қағидатын қаншалықты сақтап отыр? Қор табыс таба ма, қаржылық мәселелерге қатысты не айтасыз?
– Иә, «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры туралы ақпарат тараған соң, қалың көпшілік өзге де қорлардың жұмысында шикілік барын айтты. Әрине, мақсат-мұратынан айнып, халықтың ақшасына қол салған қорлар заң алдында жауап беруі тиіс. Бұл тұрғыда біз барынша ашық жұмыс істеп келеміз. Жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қарайласып жатқан соң, қаржы қорға, яғни бізге түспейді, төте тауар жеткізушіге аударылады. Бізбен жасаған келісімшарттың барлығы қор сайтында тұр. Оларға ашылған спорт залдардың толық есебін береміз. Кез келген азаматқа жұмысымыздың ашықтығын көрсете аламыз. Мысалы, жергілікті кәсіпкерлер қайырымдылық жасап, спорт нысанын жөндеп беремін десе, олар да қаржыны қорға аудармайды. Комиссия құрып, жөндеу жұмысына өздері кіріседі. Сайып келгенде, біз ұйымдастырушымыз. Қорға қаржы түсіп жатқан жоқ. Ал жеке шаруаға келер болсақ, өзіміздің бөлек кәсібіміз бар. Содан түскен қаражат өзімізге жетеді. Негізі кәсіпкерлікке дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да тоғыз жылға жуық еңбек еттім, жетекші маман болдым. 2019 жылы компаниядан кеткен соң, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Кейін достарымның ұсынысын қолдап, қоғамдық жұмыстарға араласуға бел будым.
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен іске асырып жатқан жоба шеңберінде әуелде жоспарлаған 100 спорт залы биыл түгел ашылып, жабдықтала ма?
– Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады. 2022 жылы 100 залдың тізімін нақтылап, жыл соңына дейін 24 залдың жабдығын түгендедік. Осы күнге дейін 71 залдың салтанатты ашылуын өткіздік. Одан бөлек, тағы 20 зал жұмыс істеп тұрғанмен, ресми ашылуына үлгермей жатырмыз. Тізімдегі өзге ауылдарға да спорт залының керек-жарағы жөнелтілсе, жалпы саны 126 зал пайдалануға беріледі. Ал олардың ресми ашылуы бірер ай кешеуілдеуі мүмкін. Елімізде 6 000-ға жуық ауыл бар, соның мыңын спорт залмен қамти алсақ, үлкен меже болғалы тұр. 100 залдың керек-жарағын «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қамтысақ, қалған 26 залға серіктестерді, жергілікті кәсіпкерлерді тарттық. Жоспарды орындаған соң «Қазақстан халқына» қорына қайта өтініш жасап, тағы қолдау көрсетуін сұрағалы отырмыз. Ол жағын қор басшылығы қарастырып, өздері шеше жатар. Қолдау болса, мың зал ашамыз деген арманға жетер күн жақындай түсетіні сөзсіз.
– Қазір спорт залы жоқ кез келген ауылға жәрдемдесіп жүрсіздер ме? Оларға қандай талап қойып отырсыздар, ескі нысанды жөндеуге қаржылық жағдайы келмейтін ауылдарды қайтпексіздер?
– Шалғайдағы мың, екі мың шаңырақ тұратын ауылдарға қатаң талап қоя берудің жөні жоқ. Бірінші, ғимарат әкімдіктің меншігінде болуы тиіс. Екінші, ғимараттың іші 100 шаршы метрден кем болмауы қажет. Сосын жуынатын бөлме, жаттықтырушының бөлмесі бөлек орналасуы шарт. Спорт залын ашу үшін көбіне ауыл азаматтары қараусыз қалған ғимараттарды жөндеуден өткізеді. Мектептің қасынан ашылып жатқан залдар бар. Қалай дегенде де қауіпсіздік басты орында. Аштым, бітті деген жарамайды. Сол үшін де қазір залдардың іргесіне арнайы қауіпсіздік кілемшелерін іле бастадық. Ойын балалары аңдамай, қабырғаға соғылып, жарақат алмасын дейміз. Байқағанымыз, кез келген ауылда ауыл жастарына көмектесуге дайын азаматтар табылады. Ал бірді-екілі ауылдағы ғимаратты жөндеуге ынталы азаматтар табылмаса, оған басқа өңірден, қаладан демеуші тартамыз. Қал-қадерімізше жәрдемдесеміз.
– Жаттығу залын ашып беруге өтініш айтып, ұсыныспен шығып жатқан шалғай ауылдың азаматтары көбейіп келе жатқан болар?
– Қазір спорт залын ашу жөнінде түскен өтініштердің саны 300-ге жуықтады. Соның ішінен іріктеп, тағы 100 залдың тізімін дайындап, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ұсынуға ниеттеніп отырмыз. Осыған дейін спорт залы жоқ ауылдарды аралап, ұсыныс тастағанымызда бірден қолдаған ауылдар көп болды. Мысалы, бір ғана Абай облысының ауылдарында 17 зал аштық. Онда Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары спорт залы қажет ауылдардың тізімін өздері әзірлеп ұсынды. Артынша біз барып, нақтыладық. Сол секілді Ақтөбе облысында бірден 14 зал аштық. Маңғыстау облысында ұзын-саны 12 зал ашылғалы тұр. Оның көбі пайдалануға беріліп те қойды. Былтыр Атырау облысында 8, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында 6 залдан ашылды. Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Қостанай, Ақмола, Жамбыл облыстарында да бірнеше зал балалардың игілігіне берілді.
– Бір жылда он, жиырма емес, жүздеген зал, кешен ашып үлгердіңіздер. Оның әрқайсысына барып, ахуалды көзбен көріп қайттыңыздар ма?
– Иә, жаттығу залы ашылатын әрбір ауылға өзіміз барып, ғимараттың талапқа сай екеніне көз жеткіздік. Кем-кетігін айтып, көмекке жергілікті әкімдік пен сол жердің тумаларын тартуға тырыстық. Сосын барып тізімге қостық. Әрбір ауылды өзіміз барып көрмейінше, спорт жабдықтарын жөнелтпейміз. Залдың құрал-жабдықтарын жергілікті әкімдіктің балансына өткізсек те, осымен іс бітті демейміз. Залдың жабылып қалмауын қадағалаймыз. Жаттықтырушылардың қабілетін шыңдауға, біліктілігін арттыруға ден қоямыз. Ашылған залдардың көбінде «кітап бұрышын» әзірледік. Осыған қоса, біздің ықпалымызбен ашылған залдарда шынығатын балаларды Астанада жылына төрт мәрте күрестің төрт түрінен өтетін «Чемпиондар лигасы» деп аталатын жарысқа тартқалы отырмыз. Яғни олар аудандық, облыстық кезеңнің іріктеуінен өтпей, тікелей жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.
– Сәтін салса, өздеріңіз бастамашы болып ашқан ауыл спорт залдарынан ел мерейін үстем ететін даңқты спортшылар шықсын дейміз.
– Лебізіңізге рақмет. Қазірдің өзінде сол залда шыныққан балалар жасөспірімдер арасындағы жарыстарда топ жарып, ел чемпионы атанып үлгерді. Бірақ біз бұл іске әр залдан чемпион шығарамыз деген мақсатпен келгеніміз жоқ. Бала өзін қай салада шыңдағысы келсе, өсе келе соған маманданады. Тек тәрбиелі, саналы, парасатты азамат болып өссе, өз ауылына жанашыр болса, ауылдастардың, жобаға қолдау көрсеткен барша азаматтардың еңбегі ақталды деген сөз. Спортты серік еткен жас, мығым, епті, тәртіпті болып өседі, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Яғни әлеуметтік жобаға тәрбие құралы ретінде қараймыз. Бастысы, әр ауылдың тұрғыны күш біріктірсе, біраз шаруаны өздері-ақ тындыра алатынын ұғынды. Қорыта келе, осы мақсатта бізге сенім артып, қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына әуелі өзіміздің, балалардың, сосын ауыл азаматтарының атынан алғыс айтқымыз келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен –
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»