Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Жапония астанасындағы жарыста Дәурен Сүйекенов пен Шерзад Давлатов (60 кг), Бақытжан Әбдірахманов (66 кг), Жалғас Қайролла (73 кг), Максим Мейірлан (81 кг), Әділет Сапарғалиев (+100 кг) сынды сайыпқырандарға сенім артып отыр. Олардың барлығы да бұған дейін биік белестерді бағындырмаған дарынды жастар. Сондықтан да Токио татамиінде бұл балуандардың ең болмағанда біреуі жеңіс тұғырына көтерілсе, соның өзі үлкен жетістікке баланатыны хақ.
Әйелдер арасында да тек елішілік жарыстарда жүлде алып жүрген дзюдошылар белдесуге шығады. Бұл ретте бас бапкер Ерлан Алпысбаевтың таңдауы Толғанай Әбеуова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Самалай Ерғалиева (63 кг) , Назгүл Маратова мен Карина Тәкиеваға (+78 кг) түсті. Негізі осы додада мықты балуандарымыздың бірі, Азия ойындары мен құрлық чемпионатының қола жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Париж Олимпиадасына қатысушы Есмигүл Куюлова (63 кг) күш сынасуға тиіс еді. Бірақ соңғы сәтте оның Күншығыс еліне бармайтыны белгілі болды.