Әскер • 03 Желтоқсан, 2024

Әскери саладағы тәртіп тірегі

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1996 жылдың 30 қарашасында Қорғаныс министрлігі құры­лы­мында заң қызметі құ­рылған еді. Сол кез­ден бері бұл күн жыл сайын Әскери заң­гер­лер күні ре­­тін­де атап өтіледі.

Әскери саладағы тәртіп тірегі

Кейін келе уақыт талабына сай әрі Қарулы күш­­тер­дің дамуына орай әске­ри заң қызметі де өзгеріске ұшырап отырды. Ал 2004 жылы Заң департаменті құрылып, Қорғаныс ми­нистрлігінің дербес бө­лінісіне айналды. Оның негізгі міндеті – Қарулы күштердегі заң қыз­меттері жұмысын үйлестіру.

Департамент заңгері, әділет майо­ры Алмат Сма­ғұловтың айтуынша, кез келген заң қызметі секіл­ді әскери саланың Заң департаменті де өз жұмы­сында ең алдымен, Ата заңды басшылыққа алады. Сонымен қатар заңдар, Президент пен Үкімет акті­лері, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп қызметін жүргізеді.

«Әскери заң қызметі Қару­лы күштердегі ұлт­тық заң­наманың сақ­та­луына, сондай-ақ мем­лекеттік саясатты іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағыт­талған. Қазіргі таңда ол Қарулы күштердегі өзіндік ішкі құрылымы бар біртұтас дербес орган ретінде жұмыс істейді, үйлестіру мен есеп беру қағидаларына негіз­дел­ген», дейді ол.

Әскери заңгерлер қор­­ғаныс және әскери қыз­мет саласындағы нор­ма­тив­тік-құқықтық база­ны қалып­тастыруға, заң­намалық және заңға ба­ғы­нышты актілер жобасын дайын­дауға белсенді атсалысады. Сонымен қатар әскери қызмет өткеру мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәсе­лелері жөніндегі құқық­тық актілерді әзірлейді.

«Жалпы айтқанда, біз, заңгерлер, әскери сала­дағы құқықтық қаты­нас­тардың пайда болуынан бастап олардың сақталуы мен орындалуына дейін­гі құқық нормаларын қа­лып­­тасырудың барлық кезеңіне тікелей араласамыз. Қарулы күштер қыз­метінің әр бағытында әрі басқару деңгейлерінің барлығында әскери заң қызметі маман­дарының іс-әрекетін үйлестіреміз», дейді Алмат Ермекұлы.

Тарқатып айтар болсақ, Қорғаныс министрлігінің Заң департаменті саладағы заңнаманың сақталуын, әзірленіп жатқан құқықтық акті жобаларының қолда­ныстағы заң­на­маға сәй­кес­тігін қамтамасыз ету, елі­міздің заңдарындағы Қор­ғаныс министрлігінің құзы­ретіне кіретін мәсе­лелерді түсін­­діру, нор­мативтік-құқық­­тық акті­лерді, келі­сім­­шарт­тар­ды, про­цес­суалдық құ­жаттар мен бас­қа да заңдық күші бар құ­­­жат­­тарды дайындау жұ­мыс­­­ымен айналысады.

Сонымен қатар сот ор­ган­дарында сала мүд­десін қорғау да – әскери заң­гердің басты міндетінің бірі. Күн сайын олар Қор­ғаныс министрлігі мен Қарулы күштер атынан сот отырыстарына қатысып, дауларды сотқа дейін реттеу­ге, ҚМ мекемелері мен әскери бөлімдері атынан талап-арыздарды енгізуге, тиісті негіз болған жағдайда қор­ға­ныс саласы пайдасына ше­шіл­меген сот актілеріне шағым түсіруге мұрындық болады.

Әділет майоры А.Сма­ғұловтың айтуынша, 2015 жылдың қыркүйек айынан осы қызметке кіріскелі бері 9 жылдың ішінде түр­лі жағдайды бастан өткер­ген. Әсіресе сот отырыстарында Қарулы күштердің мүд­десін қорғау барысында әр­түрлі жайттар орын алатынын айтады.

«Кейде сондай сәттерде қарсы тараптың уәжіне қарсы дәлел айтып, пікір талас­тырудан бөлек, өзің­нің ішкі эмоцияңмен де күре­суге тура келеді. Кейбір отырыстар өте тартысты да қызу өтеді. Мұндайда артық ауыз сөз бен мінезді жиыс­тырып, барынша дәлелді әрі салмақты сөйлеуге тырысамыз», дейді ол.