Құтқарушы • 03 Желтоқсан, 2024

Батылдыққа берілген баға

56 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Әлішер Асыл­бе­ков Ішкі істер министрінің атынан жоғары награда — «Қоғамдық тәртіпті қамта­ма­сыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Саптық алаңда марапатты әскери бөлім командирі Әмір Мансұров салтанатты жағдайда табыс етті.

Батылдыққа берілген баға

Бұл медаль – Әлішердің жазда жасаған батыл әрекетінің бағасы. 9 маусым күні сағат түнгі он бірлер шамасында қаладағы жағажайда серуендеп жүрген ефрейтор суға батып бара жатқан әйелді байқап қалады. Ойланбастан, дереу көмекке жүгіреді. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырып жатқанда әскери қызметші суға күмп беріп, әйел батып бара жатқан жерге жылдам жүзіп жетеді. Әйелді бірден жағаға шығарып, тыныс алуын жеңілдететін, өмірін сақтап қалуға көмектесетін алғашқы реани­мациялық іс-шараларды да жасап үлге­реді. Ессіз жатқан әйелдің кішкентай ұлы да сол же­рде еді. Ол анасының ауыр халде жатқанын көріп, өз-өзіне келе алмай жылай бастайды. Анасына алғашқы көмек көр­сет­кеніне көз жеткізген Әлішер баласын да по­ли­ция мен жедел жәрдем келгенге дейін тыныш­тан­дырған.

– Бүгін біз ефрейтор Әлішер Асылбе­ковке құрмет көрсетіп жатырмыз. Ол нағыз батылдық пен жанқиярлық танытып, қызметтен тыс уа­қытта жа­за­тайым оқи­ға­ның алдын алды. Оның әрекеті бар­шамыз үшін үлгі және ІІМ Ұлт­тық ұланы әскери қыз­мет­шілері­нің кез кел­ген жағ­дай­да адам­­дарды қор­ғауға дайын еке­нін көр­­се­теді, – деді 5514 әскери бөлі­мінің к­о­ман­ди­рі Ә.Ман­­сұ­ров.

Ефрейтор Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың мамыр айынан бастап қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзін жауапты әрі адал жауынгер ретінде көрсеткен ол оқыс оқиғадағы өзінің рөлін батырлық емес, негізгі міндеті деп санайтынын ­айтады.

– Менің орнымда кім болса да дәл осылай істейтін еді деп ойлаймын. Көріп тұрып әрекет етпеу – мүмкін емес. Түнгі уақыт, жарықтың әлсіздігі мен ағыстың қат­тылығы жағдайды біраз қиындатты, бірақ оны дер кезінде жағаға шығарып үлгердім. Су адамның күшін тез алады, сондықтан тез әрекет ету керек болатынын жақсы түсіндім. Қауіпсіз жерге шыққасын да оған алғашқы медициналық көмек көрсете алдым. Сол сәттегі бар ойым, әйелді тек аман алып қалу ғана еді, – дейді ол.

Ұлттық ұлан қызметінің ажыра­мас бөлігіне айналған адалдық пен қай­сар­лықты көрсеткен сертіне берік сарбазға серіктестері де дән риза. Себебі Әлішердің әрекеті – әскердегі әріптестеріне ғана емес, өзгелерге де үлгі-өнеге.