Қоғам • 03 Желтоқсан, 2024

Тежегішті тізгіндеп отырыңыз!

160 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті республика жолдарында 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 984 адам қайтыс болғанын мәлімдеген еді. Ал биыл жыл басынан бері 22 мыңнан аса жол апаты болған.

Тежегішті тізгіндеп отырыңыз!

Соның ішінде жол көлік апатынан 2 мың адам қаза тауып, 25 мыңнан ас­­­тамы түрлі дене жарақатын алған. Демек бұл статистика еліміздің күре жолдарын­да күн сайын жол-көлік апаты болаты­нын көрсетеді. Статистиканың күрт өсуіне әдеттегідей жолдардың сапасыздығы мен жүргізушілердің ережені елең қылмайтыны себеп болатыны да айтылып отыр. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар мен мас күйінде рульге отырғандар. Тасжолдағы тәртіп­ті бақылауға алуға арналған камера саны жыл сайын көбейіп жатқанымен, жол тәртібіне жүрдім-бардым қарап, ережені елең қылмайтын жүргізу­ші­лер көп. Мысалы, жыл басынан бері масаң күйде көлік тізгіндеген 21 мыңға жуық азамат анықталып, 25 мың темір тұлпардың иесі жүргізуші куәлігінен айырылған.

Қазір құқық қорғау қызмет­керлері желмен жарыса­тын жүргізушілер­ге ба­қылау­ды күшейткен. Жуырда Әкім­шілік полиция ко­ми­теті­нің төрағасы Қайсар Сұлтан­баев елді мекендерден бас­тап рес­публикалық маңызы бар жол­дардағы жылдамдық режімін бақылаудағы тиімді шешімнің бірі автоматты камераларды қол­дану екенін айтқан еді. Оның айтуынша, мұндай каме­ралардың саны бүгінде шамамен – 25 мың. Құрылғылар жалпы жол ережелерін бұзу­шылықтың 70%-ын анықтаған екен. Осындай цифрлы техно­логияның көмегімен шамамен 7 млн бұзушылық белгілі бо­лып отыр. Алайда мұндай жүйелер негізінен қала ішін­де орналастырылған. Ал қала сыртындағы тәртіпті бақы­лау – патрульдік полиция қыз­меткерлерінің жұмысы. Комитет төрағасы патруль­деу полкінің көліктері жол ере­желерін бұзуды тіркейтін борт­тық жүйелермен жабдық­талғанында тілге тиек еткен еді. Оның айтуынша, қазір осындай 250-ден аса патрульдік автокөлік бар. Бұған қосымша тәртіп сақшылары жасырын патрульдеу жобасын да енгізіп жатыр.

«Сәйкестендіру белгілері жоқ полиция көлігінің салонында автоматты камералар орнаттық. Бүгінде жасырын патрульдеу режімінде по­ли­цияның он шақты көлігі жұ­мысты бас­тап кетті. Жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Елді мекендердің ішінде осы тектес камералар автобустардың салондарында жасырын орнатылады. Қазір 5 мар­шрут­тық автобус жабдықталған, жыл соңына дейін олардың санын кө­бейтуді және жедел жәрдем көлікте­ріне де орнатуды жоспарлап отырмыз. Интернет-агрегаторлармен де ынтымақ­тастық аясы кеңейіп жатыр», дейді Қ.Сұлтанбаев.

Бұл кейінгі жылдары заманауи ма­гис­тралдарды жаб­дықтау белсенді жүріп жатқа­нын көрсетіп береді. Ішкі істер министрлігі бұл жол қауіп­сіздігіне оң әсер етеді деп есеп­тейді. Айтпақшы, өткен жолы Мәжілістегі жиындардың бірінде Көлік министрі Марат Қарабаев тасжолда орташа жылдамдықты асыр­ған жүргізушілер­ге желтоқ­сан айының ортасынан бас­тап айыппұл салынатынын айтты. Оның айтуынша, қазір камералар Бас прокуратураның жүйесімен интеграцияланып жатыр. Осы айдың ортасы­на қарай жылдамдықты асыр­ған жүргізушілерге жаңа айып­пұл салына бастайды. «Астана-Бурабай» трассасын мысалға келтірген министр сол кезде «Осы тас жолда рұқсат етілген максималды жылдамдық сағатына 140 шақырым болса, кейбір жүргізушілер саға­тына 237 шақырымға дейін жүйт­кігені анықталып отыр. Мұндай жылдамдықпен кез келген уақытта көлікті басқара алмай қалуы мүмкін. Сол үшін орташа жылдамдық – аса қажет норма», деп түсіндірді ол.

Сонымен, елімізде желтоқсан айының басталуымен бірге жол қоз­ғалысы ережелеріне жаңа өзгеріс­тер енбек. Атап айтқанда, жүргізуші куә­лігінсіз мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік күшейтіліп, жыл­дамдықты асырғаны үшін айыппұл мөлшері өседі.

Қазан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске және жол қозғалысы ере­же­леріне елеулі өзге­рістер енгі­зе­тін заңнамалық актілерге қол қойылған еді. Заң нормалары­ның кейбіреулері биыл 4 жел­тоқсанда күшіне ене бастайды. Сөйтіп, 4 желтоқ­саннан бас­тап халықаралық және респуб­ликалық тасжолдарда орташа жыл­дамдықты асырғаны үшін айыппұл салынатын жаңа ереже күшіне енеді. Жаңашылдықтарға сәйкес, жолдардың түзу учаске­ле­рінде жылдамдықты шектен асырған жүргізушілер әкім­шілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері жыл­дамдықты арттыру дәрежесіне қарай 18 460 теңгеден басталып 147 680 теңгеге дейін артады. Атап айтқанда, орташа жыл­дамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асыр­ған­­дарға – 18 460, 20-дан 40 ша­қырымға дейін – 36 920, ал саға­тына 40 және одан да көп километрде жүйткі­гендер 73 840 теңге айыппұл арқалайды. Жыл ішінде жылдамдықты бірне­ше рет асырған жағдайда 110 760 теңге, сағатына 60-тан асыр­ғандар 147 680 теңге айыппұл төлеуге міндеттелмек.

ІІМ Әкімшілік полиция ко­митетінің ресми өкілі Ақто­ты Боранованың айтуынша, жү­генсіз жүргізушілерді жөн­ге салуға түзу сызықты учас­ке­лер­де халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы орташа жыл­дам­дықты анықтайтын ZEREK-2 құ­рылғысы көмектеседі. Мә­селен, көлік иесі бірінші арка­дан екінші аркаға белгіленген уақыттан бұрын жеткен болса, оның осы екі аралықтағы жү­ріп өткен жолының ұзақтығы мен уақыты рұқсат етілген жыл­дамдыққа бөлінеді. Айталық, екі арканың арасындағы рұқсат етілген жылдамдық сағатына 50 км болып, көлік иесі көрсетілген уақыттан ерте келген жағдайда құрылғының өзі жүргізушінің арақашықтығын есептеп береді. Соған сәйкес, айыппұл салынады. Ал жүргізушінің әрекеті бір күнде бірнеше рет қайталанса, айыппұл мөлшері өсе түседі. Яғни бірінші аркадан екінші аркаға дейін қарастырыл­ған айыппұл екінші аркадан үшінші аркаға дейін тағы қайталанса, қайта салынады.

Осы заңнамалық актілерге сәйкес, желтоқсаннан бастап жүк көліктеріне артық жүк тиегені үшін айыппұл туралы хабарламалар «Сергек» жүйе­сінің жұмыс қағидаты негізінде автоматты режімге ауысады. Айыппұл мөлшері 147 680 теңгеден 3,6 млн теңгеге дейін барады. Артық жүк тиегені үшін айыппұлдар қолмен салынса, яғни камера бұзушылықты түсіргеннен кейін көлікті бақы­лау қызметкері тәртіп бұзушыға айыппұл салады. Бұл орайда Кө­лік министрлігі «адам факторы жұмысты бәсеңдетеді» деп отыр.

Бұған қоса жылдағы нау­қан 1 желтоқ­санға дейін автомо­биль дөңгелегін қысқы дөңге­лекке ауыстырмағандарға да айыппұл салынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, М1 және N1 санаттағы автомобильдер жазда қарға қарсы дөңгелекпен жабдықталған болса, ал қыс мезгілінде қысқы дөң­ге­лек орнатылмаған болса, кө­лікті пайдалануға тыйым са­­лынады. Бұл шектеу­лер сәйке­с­ін­ше Кеден ода­ғы­ның «Доңға­лақты көлік құрал­дарының қауіп­сіздігі туралы» тех­никалық рег­ламентімен реттеледі. Ере­жені бұзғандар­ға биыл 18 460 теңге айып­пұл мөлшері қарастырылып отыр.