Білім • 03 Желтоқсан, 2024

Шағын жинақты мектептерде оқытудың жаңа моделі енгізіледі

53 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында ауыл мектептерін дамыту мәселелері қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Шағын жинақты мектептерде оқытудың жаңа моделі енгізіледі

Фото: Egemen.kz| Ерлан Омар

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы табысты іске асырылып отыр.

Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысқан. «Тірек мектеп – шағын жинақты мектеп» білім беру моделі тиімді екені анықталған. 

Бұл білім беру моделі тірек мектептердің білім беру үдерісінің жоғары көрсеткіштері есебінен шағын оқу орындарында оқытудың қолжетімділігі мен сапасын арттырмақ. 

Оқу-ағарту министрлігі ұсынылған модельді еліміз бойынша кең қолдануды ұсынды. 

«Ол үшін әкімдерге барлық ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, оқу орындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тірек мектептердің мұғалімдерін ынталандыру үшін қосымша төлемдер көздеу қажет», деді Ғани Бейсембаев.

Биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылып жатыр. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы қамтылады.