
50 кг салмақтағы Алуа – осы жарыстың басты фавориттерінің бірі. 28 жастағы боксшы осыған дейін әлем чемпионатында бір күміс, бір қола медальді олжалап, құрлықтың екі дүркін чемпионы атанды. Бұл жолы дүниежүзілік додада екі рет үздік үштікті түйіндеп, Азия ойындарының финалында өнер көрсеткен таиландтық Чутхамат Раксатпен қолғап түйістіруге тиіс еді. Алайда сын сағатта А.Балқыбекованың денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер оған рингке көтерілуге рұқсат бермеді. Еліміздің бокс федерациясы таратқан мәліметке сенсек, Алуа «орташа дәрежедегі ішек синдромы» дертіне шалдыққан. Ал 57 кг салмақтағы жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Ұлжан Сәрсенбек украиналық Карина Вовктан басым түсіп, ширек финалға шықты.
Кеше әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (54 кг) тайпейлік Ян Лин Лаймен (Тайпей) жұдырықтасты. Милана Сафронованың (67 кг) да жолы дәл сол елдің өкілі Мин Лимен қиысты. Аида Әбікеева (63 кг) өзбекстандық Дильфуза Бековамен айқасты. Бүгін тағы төрт жерлесіміз жекпе-жекке шығады. Атап айтсақ, Әйгерім Сәттібаева (48 кг) филиппиндік Магно Офелиямен, Сымбат Әлиасқар (54 кг) қытайлық Венькян Хумен, Диас Молжігітов (75 кг) жапониялық Дайго Сунагамен, Абылайхан Жүсіпов (71 кг) түрікменстандық Байрамдұрды Нұрмұхаммедовпен күш сынасады.