Қоғам • 04 Желтоқсан, 2024

Қауіпсіздік қорғаны

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жылыту маусымының басталуына орай өрт қауіпсіздігін қадағалау іс-шаралары жалғасып жатыр. Соның бірі – газ қауіпсіздігі талаптарын сақтауға бағытталған «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі» атты акция. Кейінгі жылдары Қарағанды облысындағы Теміртау қаласын газдандыру ісі қарқын алуымен, жергілікті тұрғындарды табиғи көгілдір отынды пайдалану ережелерін сақтауға үндеу, үгіт-насихат жұмысы да жиіледі.

Қауіпсіздік қорғаны

Жуырда аумақтық Тө­тенше жағдайлар бас­­қармасының қыз­меткерлері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік фи­лиалы өкілдерімен бірлесіп жеке тұрғын үй секторларында рейд­тік іс-шаралар өткізді. Теміртау газ шаруашылығына арнайы ат басын бұрғанда Алексей Грищенко есімді азаматпен таныстық. Ол өзін апаттық жұмыстар сле­сарімін деп таныс­тырды.

Қазақшаға судай газ маманымен әңгімеміз жараса кетті. Алексей өзінің күнделікті жұмысы қала халқын апатсыз әрі үзіліссіз газбен қамтумен байланысты екенін айтып, қызмет үдерісін түсіндіре бастады. Қалаға газ беруде қате қадам жасауға болмай­тынын, өте мұқият қадағалау керек екенін қайталаған ол: «Әр іс­тің өзіндік ерекшелігі бар. Қауіпсіз­дік техникасын қатаң сақтау ­және төтенше жағдайларды бол­дырмау үлкен жауапкершілік­ті талап етеді. Сонымен қатар ­кей­де физикалық әрі психоло­гия­лық төзімділік қажет болады», деді.

Шын мәнінде бүтіндей бір қаланың, елді мекеннің ты­ныш­тығы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін үлкен қызмет ше­бінде жүрген жұмысшы маман­дарымызды елеп-ескермей жататынымыз бар. Біз мұның бә­рін өзінен-өзі болып жатқандай қабылдаймыз. Ал расында газ қауіпсіздігін сақтаудың артында Алексей Грищенко секілді қарапайым мыңдаған маман тұрғаны белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы осындай көзге көріне бермейтін, алайда орасан зор жауапкершілік арқалаған, сондай-ақ өз ісін қалт­қысыз орындап жүрген әрі оны мақтан тұтатын кәсіп иелерінің мәртебесін өсіруге септігін тигізеді деген сенім мол.

«Халыққа қызмет ету, адам­дарға барымды сала көмек көр­се­ту, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету маған шабыт береді. Егер өмірде тағы бір мүм­кіндік берілсе, газ саласын одан әрі тереңдетіп оқып, дәл осы жұ­мысыма қайта оралатын едім. Бұл мамандықты таңдауыма қы­зығушылығым себепші болды. Техникалық саланың маңызды әрі жауапкершілігі жоғары еке­нін жете түсіндім әрі осы бағытта әрқашан алға қарай дами беруді қалаймын. Жалпы, жұмысшы ма­мандығына құрмет – кез келген еңбекті бағалау, еңбектің адам өміріндегі маңызын түсіну деп білемін. Қандай сала болсын, адамның қызметіне деген адал­дығын тану – ең маңызды дүние», дейді газ маманы.

Күні-түні қырағы күзеттегі, кейде өз өмірін қатерге тігетін А.Грищенко қауіпсіздік жайына кеңінен тоқталды.

«Газ пайдалануда нем­құ­рай­­дылыққа жол беру ауыр зар­дап­тарға, соның ішінде жары­лыстарға, улануға, басқа да өмірге қауіпті жағдайға әкеп со­ғады. Әлі де қауіпсіздік мәсе­ле­сіне сақтықпен қарамайтын тұр­ғын­дарымыз жетерлік. Есімде қал­ған бір оқиға бар. Газ жүйесін­де ақау болып, тұрғын үйде газ­дың ауаға таралып жатқаны тура­лы ақпарат келіп түскен еді. Жағ­дай өте қауіпті, жарылыс бо­луы әбден мүмкін. Біз командамен жедел түрде оқиға орнына жетіп, ең алдымен, тұрғындарды қа­уіпсіз жерге шығардық. Көп кідіруге болмайтын. Жағдай жылдам қимыл мен батыл әрекетті, жауапкершілік пен кәсібилікті қа­жет етті. Газдың қайдан таралып жатқанын лезде анықтап, жүйені шапшаң өшірдік. Бойыңды үрей мен үміт қатар билейтін сондай сәттер біздің жұмыста аз емес. Әрине, әр істің өз қиындығымен қатар, жанға жағымды тұстары да бар. Сол күнгі тұрғындардың алғысын естігенде өз қызметімнің жауапкершілігі мен мәртебесін анық сезініп, марқайып қалдым», дейді слесарь.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып, жастарға еңбекке жауапкершілікпен қарауды, кез келген істі адал атқаруды, өз ісі­нің кәсіби маманы болуға ұмтылу­ды үйретуден жалықпай­тын А.Грищенконы адами қасие­ті үшін де ұжымда әріптестері ­жо­ғары құрметтейді.

«Жұмыс барысында тәжірибе­сі аз жастарға қауіпсіздік шара­ла­рын сақтау мен топтық жұмыстың маңызын түсіндіремін. Өз басым өскелең ұрпаққа, олардың жарқын болашағына сенемін», дейді ол.

Әсіресе ол көпшіл, кеңпейіл қасиеті қазақ бауырлардан сіңген деп есептейді. Өйткені ұлты орыс болса да, қазақ ауылында өсіп, қазақша тіл сындырғандықтан, дүниетанымы мен көзқарас-пайымы да қазақи екенін мақтан тұтады.

«Мемлекеттік тілге деген құр­метім мені үлкен мақсатқа жетелейді. Осы елде туып, өмір сүріп жатқандықтан жергілікті халықтың тілін біліп, дәстүрін сыйлау – қарапайым ғана өмір заңы. Иә, қазақи ортада өске­нім менің ой-санама әсер етті. Қонақжайлылық, үлкендерді құрметтеу, бауырмалдық сияқ­ты құндылықтарды бала кезден бойыма сіңірдім. Отбасымыз­да домбыра шертетіндер бар, ал қазақша ән айтуды бәріміз жақ­сы көреміз. Қазақ халқының кең­пейілділігі мен дарқан көңілі – ­үлгі аларлық қасиет. Сондықтан да еліміздің көпұлтты мемлекет болуы – ынтымақ пен татулық­тың айқын көрінісі деп білемін», ­деп ағынан жарылды.