Жоба • 04 Желтоқсан, 2024

Қаржылық сауатты арттыру жобасы қорытындыланды

62 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір қарыз қамытын кимеген кісі кемде-кем. Қолға түскен мәлі­мет­терге сүйенсек, елдегі әрбір үшінші адамның банк алдында берешегі бар. Қарызын қайтара алмай, проблемалық несие қорын толықтырып жатқан­дардың саны артқан. Мұның арты үлкен әлеуметтік мәселеге ұласып, күрмеуі көп күрделі жағдайға тап болғандар азаймай тұр.

Қаржылық сауатты арттыру жобасы қорытындыланды

Несиені ешкім еріккеннен алмайды. Ойдағы орындалып, жоспар жүзеге аспаған соң белортада қалып, банк алдында басы салбырап, сотқа сабылып жүргендер көп. Тапқан нәпақаң несиеден артылмағасын жүйкең жұқармай көрсін. Ал мақсатсыз қарыз алып, жоспарсыз жұмсасаңыз кімді кінәлайсыз?

Жалпыхалықтық бағдарламаға айналған «Қарызсыз қоғам» жобасы жұртшылықты осындай келеңсіздіктерден сақтандыруға шақырады. Тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған жоба аясында 1 200-ден аса алматылық тегін білім алған.

Қала әкімдігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен «Amanat» партиясы жүзеге асырған жоба жыл басында іске қосылып, 12 563 азамат өз біліктілігін шыңдаған. Өңірлік ком­му­­ни­кациялар қызметі алаңында өткен жоба қоры­тындысында Алматы қала­лық жұ­мыс­­пен қамту және әлеуметтік бағдар­­ла­ма­лар басқармасының басшысы Бауыр­жан Жаубасов қатысушылардың 22,9%-ы көп­балалы отбасылар екенін, 74,3%-ы­ның ­несиесі барын, оның ішінде 13,8%-ы төлем­де­рін ­90 күннен аса уақыт кешік­тіргендер екенін атап өтті.

«Жобаның мақсаты – халықтың қаржы­лық сауатын арттыру, оған жеке қаржыны ұтымды басқару, шығындарды оңтайлан­дыру және несиелер, қарыздар және жұмыс­қа орналасу бойынша жеке кеңес беру. Оқыту міндетті бағдарламалар мен сарапшылар кеңесін ұсына отырып, Алматының 8 ауданында өтті. Оқудан кейін 5 708 қатысушы жеке бюджет құру, банкроттық бойынша құқықтық кеңес, жеңілдетілген несиелендіруге және гранттарға құжаттар жинау секілді қызметтер бойынша көмек алды. Азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларға қа­тысуға қосымша 180 бизнес-жоспар дайын­дауға мүмкіндік беріліп отыр. Жобаны іске асыру халықтың барлық санаты арасында жеке қаржыны басқару дағдыларын тұрақ­ты жақ­сартуды қамтамасыз ете отырып, 2026 жыл­ға дейін жалғасады», дейді Б.Жаубасов.

Басқосуда «Amanat» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов қанатқақты кезең барысында ел аумағында 65 мыңнан аса адам оқудан өткенін атап өтті.

«Қазір әр адамнан жеке қаржыны басқару негіздерін білу талап етіледі. Бұл бюджетті тиімді жоспарлау үшін ғана емес, сонымен қатар отбасының, қоғамның және жалпы елдің әл-ауқатын арттыру үшін маңызды», дейді ол.

Көпшіліктің сұранысына ие болған бағдарлама келер жылы да ауқымын кеңейт­пек. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекет­­тен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкер­­лер оқудан өте алады. Қатысушыларға қарыз­­дан құтылуға көмектесуге тәжірибелік ­білім мен кәсіптік жаттығулар ұсынудың оңтай­лы тетіктері іске аспақ.

«Адамның қарызсыз немесе қарызға батып өмір сүруі – психологиялық әрі эмо­цианалдық фактор әсері. Мейлі авто­көлік алуға, мейлі кәсіп ашуға болсын, банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмағандар аз. Қоғам «қарызға» өмір сүруге әбден бой алдырды. Сауатты мақсатпен немесе қатты мұқтаждықтан алынған қарыз болса, құба-құп. Біркүндік мақтан мен бір жайылатын дастарқан үшін, «жұрттан ұят болмас үшін» қомақты қарыз алып, соның салдарынан ажырасып жатқандар қаншама? Қазір тіпті көрпемізге қарай көсілмей, шетелдерге барып демалу үшін де қарыз алатын болдық. Жөн-жосықсыз қарыз адамды руха­ни тәуелділікке алып келеді. Бір сөзбен айтқан­да, қарыз – тығырыққа тірелудің басы. Азамат­тар осыны тереңнен зерделесе игі», дейді қар­жы сарапшысы Манап Тоқтышақов.

 

Алматы