Үкімет • 04 Желтоқсан, 2024

Жер қойнауын мемлекеттік компаниялар зерттеуі керек

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төр­ағалығымен өткен Үкімет отырысында гео­логиялық саланы дамыту мәселесі қаралды. Сон­дай-ақ ауылдық мектеп­терді дамыту жайы да күн тәртібіне шықты.

Жер қойнауын мемлекеттік компаниялар зерттеуі керек

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президенттің 2026 жылдан бастап геологиялық зерттеу алаңын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсыр­масын орындау мақсатында Үкі­мет ин­вес­тициялық ахуалды жақ­сарту, жер қойнауын пайдала­ну саласындағы заңнаманы жетіл­діру және деректерді өңдеу үшін ЖИ технологияларын енгізу мақ­сатында жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазірдің өзінде жер қой­науының зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткізіл­ді. Шетелдердің геологиялық қызметтерімен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Шығыс Қазақстанда минералдық ресурстардың болашағы зор кен орындарын бірлесіп іздеу жалғасып отыр. Алынған ақпа­рат Жер қойнауын пайдалану­дың бірыңғай платформасына жүктеледі. Барлығы «minerals.e-qazyna.kz» 66 мыңнан астам геологиялық есеп орналасқан.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бас­тапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жүр­гізі­ліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Бүгінде 2,5 млн дерек цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын енгізу арқы­лы күшейтілді. Келесі жылдың соңына дейін 1,5 млн деректі цифрландыру жос­парланып отыр. 2026 жылдың соңына дейін барлық жұмыс аяқталуға тиіс.

Көмірсутек шикізаты саласында Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Ол бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, күрделі кен орындарына инвес­тициялар тартуға жағдай жасау­ға бағытталған. Бүгінде жер­де сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баян­көл өңірінің, Арал-Каспий аумағы­ның маңында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақ­та пайдалы қатты қазбаларды бар­лау алаңдары ашылды. Бұл «Riotinto», «Fortescue», «Arras Minerals» сияқты және басқа да ірі халық­аралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді. Бірақ соған қарамастан елімізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі қатты пайдалы қазбалар мен көмір­сутек қорын іздестіру жұмы­сының қарқыны төмен.

Премьер-министр аталған бағыттағы жұмыстарға тың тәсіл­дер қажет екенін атап өтті. Қолда бар минералды-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалану және жаңа кен орындарын игеру жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты іске асыры­луын әзірлеу мен қамтамасыз ету қажет. Бүгінде өндірілген қазба­лардың сарқылуы мен жоғары қоспалардың болуы байқалады. Бұл айтарлықтай қаражат тартуды және өндіру мен тазарту­дың жаңа технологияларын әзірлеу­ді талап етеді. Оған инвестиция тарту­ға нақты шаралар мен жеңіл­діктер әзірлеу қажет.

Бұған қоса, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен құрыл­ған Ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілет­тік­терді, сондай-ақ ғылыми-тех­нологиялық инфрақұрылым­ды алуға тиіс. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты үйлестірудің маңызы көрсетілген.

Сондай-ақ заманауи техно­логияларды, оның ішінде жерүсті зерттеулеріне қажетті шығын­дарды азайтатын аэрогеофи­зикалық түсірілімді пайдалануға назар аударылды. Осыған байланысты 30 немесе одан да көп жыл бұрын алынған және қағаз форматында немесе пленкаларда сақталған геологиялық ақпаратты цифрландыру қажет. Сонымен қатар халықара­лық қаржы ұйымдарына серти­фикатталған зертханалық растама қажет болады.

«Үкімет геологиялық барлау­ды қолдауға, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға, ынта­ландырудың жаңа тетік­терін әзір­леуге және заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар ауда­рады. Біз ең алдымен, жерас­ты бай­лығымызды мемлекеттік ком­па­нияларға тапсыруымыз керек. Әуелі барлау жүргізіп, оны дамытып, игеріп, содан кейін инвестор тарту қажет. Сонда ғана оның құны өседі және мемлекет пайда көреді. Осы тетікті кеңінен қолдану керек», деді О.Бектенов.

 Сонымен қатар Үкімет отырысында ауылдық мектептерді дамыту мәселелері қаралды. Елдегі мектептің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Онда мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы білім алады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2022 жылдан бастап білім сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта 135 білім беру мекемесі желісі құрылып, 4 665 заманауи жабдықталған кабинет жасалды. 2025 жылы жобаға тағы 56 ұйым қосылып, 1 935 кабинет жаңартылады.

Премьер-министр ауылдық жердегі мектептерді дамыту мем­лекеттік саясаттың негізгі басым­дығының бірі екенін атап өтті. Мектептердің жағдайы ауылдың тағдыры мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.

«Мемлекет басшысы ауыл мектебін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жос­парланған. Биыл «Жайлы мек­­теп» ұлттық жобасын қоса алғанд­а, 42 ауыл мектебі пайда­лану­ға берілді. Кейінгі үш жылда ауыл­дарда 2,5 мыңға жуық мек­теп жаңғыртылды. Оқыту жағ­дай­ларын жақсарту және жай­лы орта құру мақсатында 800-ден аса мектепті қайта жа­ңар­ту жүргі­зілуде. Сондай-ақ ауыл мектеп­тері үшін 4 мыңнан астам  пән ка­бинеті сатып алынды», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне жыл соңына дейін өңірлерге Мектептерді қайта жаңартудың бірыңғай талаптарын ұсынуды тапсырды.

Ауылға білікті педагогтер­ді тарту мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар ынталандыру шарасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, лауа­зымдық жалақыға 25% мөл­шерінде қосымша ақы көздел­ген. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген педагогтерге көтерме жәрдемақы төленеді, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға  тиімді несиелер беріледі.

Білім беру саласында жеке сектордың және қоғамдық қорлардың қатысуымен сәтті іске асырылып жатқан жоба­лар­ға ерекше назар аударылды. Мысалы, «Білім-инновация» қоры Алматы облысының 42 ауылдық мектебінде нақты пән­дер бойынша білім сапасын арттыру жобасын іске асырды. Премьер-министр Ақтөбе облысында тірек және шағын жи­нақталған мектептерді жарақ­тан­дыру нәтижелеріне назар аудар­ды – бұл мақсатқа «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры 1 млрд 800 млн теңге бөлген.

Педагогтердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурс­тармен жарақтандыру есебі­нен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Нәтижесінде, тірек мектептер шағын мектептердегі білім деңгейін көтергені атап өтіл­ді. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін өңір әкімдерімен бірге Ақтөбе облысының тәжірибесі негізінде кемінде 200 тірек мектептер желісін құруды және шағын комплектілі мектептердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінде үш ауысымда оқы­­та­тын мектептердің 57%-ы ауыл­­дық жерде – көпшілігі Алматы және Түркістан облыстарын­да орналасқан. Апатты жағдай­дағы мектептердің 76%-ы да ауыл­да. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында. Үкімет басшысы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының, әсіресе математика, физика және шет тілдері бо­йынша біліктілігі жоғары маман­дардың тапшылығынан туын­даған алшақтықты қысқартудың маңызына назар аударды.

Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне әкім­дермен бірле­сіп, ауыл мектебі мұға­лімдерінің білік­тілігін арттыру бағытында жүйелі ша­ралар қабылдауды тапсырды. Сон­дай-ақ 2025 жылғы 1 қыр­­кү­йек­ке қарай шалғай өңір­лер­ді ерекше назарға ала оты­рып, ауыл мектебін жылдам­ды­ғы жо­ғары интернетке қосу­ды аяқ­­­тау қажет. Өңір әкімдері­не әртүр­лі үйірмелер мен сек­ция­лар­дың қолжетімді болуын қам­тама­сыз ету үшін 2025 жылдың қыр­кү­йегіне дейін мектеп­тен тыс ұйым­дардың комью­нити-орта­лықтарын не­мес­е филиалдарын ашуды аяқтау міндеттелді.