Өндіріс • Кеше

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өңірлік бизнеске қандай қолдау көрсетіп жатыр

77 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысының ет экспорты республикада көш басында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – осы өңірдің үлесінде. Осындай жетістіктерге жетуге облыста бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде аталған аймақта мал шаруашылығы тұрақты даму көрсеткіштерін көрсетіп отыр. Аграрлық саланың дамуына мемлекеттік қолдаудан бөлек, түрлі қаржылық және өзге де ұйымдар да демеу жасап отыр.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өңірлік бизнеске қандай қолдау көрсетіп жатыр

Фото: Нұрқожа Мамилов

Ет экспортын арттыруда Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, өңірдегі ең ірі ет экспорттаушы саналатын «Қайып-Ата» ЖШС аумағын кеңейтіп, Тәжікстан, Аустралия елдерімен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру келісімшарттарын жасап, әлеуетін одан әрі арттырып жатыр. Мұндай ірі келісімшарттарға кешенді қолдаудың арқасында қол жетіп отыр. Соның бірі – Қазақстанның  экспорттық-кредиттік агенттігі көрсетіп жатқан жан-жақты демеу.

Сыртқы нарықта отандық тауарлар мен қызметтердің кеңінен экспортталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық компания бүгінде еліміздегі ет өнімінің сыртқы нарыққа еркін шығуына қолұшын созып отыр. «Қазақстанның  экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өңірлік менеджері Айнұр Әнесова экспорттаушыларға кешенді қолдау жасалып жатқанын атап өтті.

«Қайып-Ата» кәсіпорны «Қарызды сақтандыру» қолдау құралы шеңберінде жем зауытының құрылысын аяқтады. Соның нәтижесінде компания өндіріс қуатын арттырып, өнім сапасын жақсартып отыр. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі және тамақ өнеркәсібіндегі Агенттік қолдаған кәсіпорындардың үлесі қолдау тапқан экспорттаушылардың жалпы санының 57,1 пайызын құрады. Бұл дегеніңіз – 40 кәсіпорын,  оның тең жартысы – жаңа клиенттер. Ал қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 77 миллиард теңгеге дейін жетті», дейді Айнұр Әнесова.

щ

Жалпы, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қайта өңдеу секторында жұмыс істейтін отандық кәсіпорындарға сыртқы сауда операциялары кезінде сақтандыру қызметін ұсынып, экспорттық келісімшарттар қауіпсіздігіне кепілдік береді және компаниялардың кешенді дамуына жағдай жасайды.

Агенттіктің отандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 193,1 млрд теңгеге жеткен.

Осы ретте «Қайып-Ата» ЖШС басшылығы ұлттық компания тарапынан нақты қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтып берді.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өндіріс көлемін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге сүбелі үлес қосып отыр.  Кейде кейбір мемлекеттермен келісімшарт жасаған уақытта олардың талаптарына сай келмей немесе кепілзаттарымыз жетпей қалған кездер болып жатады. Осындай кезде Агенттік бізді еш кедергісіз сақтандырып, жұмысымыздың жылдам өрбуіне оң ықпал тигізіп келеді», дейді кәсіпорын директорының орынбасары Мақсұт Шығынбаев.  

ол

Нарықта 13 жылдан бері құлашын кеңге жайып келе жатқан «Қайып-Ата» ет экспорттаушы компаниясы бүгінде өңірдегі 3 аумақта мал бордақылау цехын ашқан. Алғашқысы - 2011 жылы Қазығұрт ауданындағы 17 гектар жер телімінде орналасқан 1000 бас ірі қара малды бордақылау алаңы. Бүгінде Қазығұрттағы бұл кешенде малдың кіру процесінен бастап ет өніміне айналғанға дейінгі барлық іс қадағаланады. Алаң барлық заманауи талаптарға сай технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған.  Қазіргі таңда мұнда 6,5 мың басқа дейін мал бордақылауға мүмкіндік бар.  Ал Сайрам ауданындағы ет комбинатында 8 сағатта 100 бас ірі қара мал сойылады. 

«Бағытымыз – экспорт. Дайын ет өнімінің барлығы өзге елдің нарығына жөнелтіледі. Алғашқы экспортымызды 2013 жылы Өзбекстан нарығынан бастап, кейін Ресей және Иран мемлекетіне, Араб Әмірліктеріне жеткізуді де қолға алдық.  Биыл Тәжікстан нарығы ашылды. Жалпы, шетелдерге өнімді тұрақты түрде жібереміз. Еттің сапасы өте жоғары. Еліміздің шекарасынан шыққанға дейін барлық процессті бақылап, қадағалауда ұстаймыз. Алдағы уақытта Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауымен жаңа жобаларлы қолға алғалы отырмыз», дейді М.Шығынбаев бізге берген сұхбатында.

Компания экспорттық нарықты кеңейту үшін үнемі ізденісте жұмыс істеп, өнімдерін ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырады. Бүгінде кәсіпорын мал шаруашылығынан бастап, бордақылау, одан соң құрама жем өндіру, кейін дайын өнімді жөнелтуге дейінгі нақты тұтынушының тапсырысына сай барлық өңдеу процесін дербес жүзеге асырады.

щ

Серіктестік басшылығы мал азығын осы уақытқа дейін еліміздің өзге аймақтарынан тасымалдағанын, биыл мұнда Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің көмегімен сағатына  20 тонна өнім өндіретін құрама жем зауытының құрылысы қолға алынғанын атап өтті. Таяу күндері қолданысқа берілетін бұл зауыттың мал бордақылау жұмыстарына тигізер оң әсері мол. Құрама жемнің тиімділігі - түйіршік жемде малға қажетті барлық қоспалар қосылады. Мәселен, мал әр түрлі шөп, жемнен жеткілікті компонентті ала алмайды. Ал құрама жемнің бір түйіршігінде  берілуі тиіс компоненттің бәрі бар. Нәтижесінде құрама жем жеп өскен мал 8 ай бойы бордақыланбай, 6 айдың аралығында дайын болады. Одан бөлек, бұл іс еуропалық  талаптарға сай толық автоматтандырылған.

Ал келер жылы Арыс қаласында кәсіпорынның 25 мың ірі қара мал басына арналған бордақылау кешені іске қосылады. 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» жобасы мен «Мал сату биржасы» жобасы жүзеге асырылмақ. Бүгінде жылына 5000 тоннаға жуық ет шығарып отырған компания келесі жылы 8000 тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр.

п