Фото: Қала әкімдігі
Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирде Астана қаласы әкімдігінің 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің 33 гимнасшысы 17 алтын, 26 күміс, 26 қола медаль жеңіп алып, халықаралық аренада Қазақстанның спорттық гимнастика мектебінің беделін нығайтты.
АҚШ, Кувейт, Қатар, БАӘ, Ливан, Ресей, Кения елдерінің үздік гимнасшылары қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары көпсайыс, тіреніп секіру, қоссырық, бөрене, керме және еркін жаттығуларда ерекше шеберлік көрсетіп, лайықты марапаттарға ие болды.
«Бұл жеңіс – еліміздің гимнастика саласындағы маңызды қадамы. Турнирге қатысқан жас дарындар мен тәжірибелі спортшылардың бірігуі, олардың табандылығы мен ынта-жігерінің нәтижесі. Елордалық гимнасшылардың осындай ірі жеңісі – Қазақстан спортының дамуындағы жаңа белестердің жарқын көрсеткіші», деді аталған спорт мектебінің басшысы Данияр Төлегенов.