Фото: Ашық дереккөз
Спорттық атақтар мен разрядтарды беру жүйесін жетілдіру аясында спорттың барлық түрі бойынша, оның ішінде спорттық акробатика және көркем гимнастика сияқты спорт түрлеріне өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа бұйрық жобасы әзірленген.
«Спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру «Спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру нормалары мен талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі міндетін атқарушының 2014 жылғы 28 қазандағы № 56 бұйрығымен (бұдан әрі – бұйрық) бекітілген нормалар мен талаптармен реттеледі. Бұл ретте өтінімдерді беру тәртібін қоса алғанда, өтінім беру жүйесінің өзі спорттық атақтар, разрядтар және біліктілік санаттарын беру мен олардан айырудың барлық тетігін реттейтін 2014 жылғы 29 шілдедегі № 300 бұйрықпен айқындалады», делінген министрлік хабарламасында.
Өзгерістер енгізіліп жатқан жаңа бұйрық көптеген спорт түрі бойынша нормаларды, соның ішінде республикалық аккредиттелген спорт федерациялары әзірлеген көркем гимнастика және спорттық акробатика бойынша балдық бағалау жүйесін енгізуді көздейді. Осы уақытқа дейін аталған спорт түрлеріндегі атақтар мен разрядтар тек жүлделі орындар негізінде берілетін.
Сонымен қатар жаңа нормалар спорттың барлық санаттары: олимпиадалық, паралимпиадалық, ұлттық, олимпиадалық емес, техникалық, әскери-қолданбалы және басқалар үшін атақтар мен разрядтарды беруге бірыңғай тәсілді енгізуді көздейді. Бұйрық жобасында бейінді спорт федерацияларымен ынтымақтастықта әзірленген барлық спорт түріне қойылатын талаптар нақтыланады.
Жаңа бұйрықтың талаптарын орындаған спортшылар жаңартылған нормалар күшіне енгенге дейін жарыстарда қол жеткізген нәтижелерді қоса алғанда, атақтар мен разрядтарды беру құқығын сақтайды.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне келісуге жіберілген. Құжат 2025 жылдың қаңтарында бекітіледі деп күтіледі.