Бокс • 05 Желтоқсан, 2024

Жерлестеріміз жарап тұр

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының төртінші күні еліміздің үш былғары қолғап шебері рингке көтеріліп, бар­лығы да қарсыластарынан басым түсті. Олар – Мах­мұд Са­бырхан (54 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Милана Сафронова (67 кг).

Жерлестеріміз жарап тұр

Көпшілік назары Мах­мұд Сабырхан мен тайпейлік Ян Лин Лай арасындағы жекпе-жекке ауды. Қандасымыз – екі әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, жанкүйерлер жүрегін әлдеқашан жаулап үлгерген жампоз. Ол 2021 жылы Белградта күміс алса, 2023 жылы Ташкентте бас жүлдені қанжығасына байлады. Сол аралықта құрлық чем­пионатының күміс медалін мойнында жарқыратты. Соны­мен қатар биыл Махмұд Париж Олимпиадасында бақ сынады. Ян Лин Лайда ондай атақтың бірі де жоқ. Сол себепті де Са­бырханға қарсыласына сан соқ­тыру айтарлықтай қиындық туғызбады. Бірінші раунда-ақ Тайпей боксшысын үш рет нок­даунға жіберіп, төрешінің бәсекені мерзімінен бұрын тоқтатудан басқа амалы қалмады.

Аида Әбікеева өзбекстандық Дильфуза Бековамен біраз табан тіресті. Десек те үш раундтың қоры­тындысы бойынша қазылар Аиданың мықтылығын мойын­дады. Ал Милана Сафро­но­вамен күш сынасуға тиіс тай­­пейлік Мин Лимен рингке көтерілуден бас тартты. Сөйтіп жоғарыда есімдері аталған үш жерлесіміз жартылай финалға жолдама алды.

Кеше Дулат Бекбауов (67 кг) малайзиялық Айман Мұхаммад Арифпен, Абылайхан Жүсіпов ­(71 кг) түрікменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедовпен, Диас Мол­жігітов (75 кг) жапониялық Даиго Сунагомен, Әйгерім Сәттібаева (48 кг) филиппиндік Офелия Магномен, Сымбат Әлиасқар (54 кг) қытайлық Вэньцянь Сюмен сайысқа түсті.

Соңғы жаңалықтар

Елімізде қай жолдар жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 10:20

Ілтипат пен ізет үлгісі

Қоғам • Бүгін, 09:55

Халық құрметтеген құтқарушылар

Құтқарушы • Бүгін, 09:35

Антына адал дәрігер

Қоғам • Бүгін, 09:30